Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құрметті депутаттар, құрметті шақырылған қонақтар сонымен біз Елбасымыз Н.Назарбаевтың ұсыныстарын негізге алып, Конституциямызға енгізілген барлық өзгерістерді қабылдадық. Осы тарихи шешіммен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын», - деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Айта кетерлігі, отырыс барысында Конституциялық реформа жөніндегі заң жобасын екінші оқылымға дайындау жөніндегі бірлескен комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров негізгі баяндама жасап, Ата заңымызға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар Мәжіліс пен Сенаттың тұрақты комитеттерінде, саяси партиялардың фракцияларында талқыланып, барлық ұсыныстар бірлескен комиссияға берілгендігін атап өтті және оларды жария еткен болатын.