Отандық телеарналарға сұхбат берген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік қызметте атқарылып жатқан реформалар туралы айта келе Еуропаға қашып кеткен Мұхтар Әблязовты еске алды.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жас жігіттерді министр етіп тағайындадым. Ана Әбілязовтың өзі небәрі 30 жасында министр болып еді. Барлық уақытта оған жақсылық жасадым, сүрінді. Екінші рет те кешір, ал үшінші рет қош айтыс. Мен осы пікірді ұстанамын. Жалпы, мен өзім бір рет сатқындық жасағанға қайтып сенбеймін. Мен мұны дұрыс деп санаймын. Мүмкін қатаң болуы да мүмкін, бірақ дұрыс. Ол міндетті түрде тағы да солай жасайды», - деді Елбасы.
Президенттің айтуынша, білікті кадр мәселесі елімізде маңыздылығын еш жойған емес. Басшылар үшін де негізгі проблема осы.
«Біз мемлекеттік қызмет туралы арнайы заң қабылдадық. Бұл заң біздің елде меритократия бар екенінің белгісі. Яғни, маман қызметте жоғары сатыға көтерілуі үшін міндетті түрде заңдар бойынша аттестация тапсырады. Тек сол сынақтан өткеннен кейін ғана ол резервке алынады, кейін тағайындалады», - деді Н.Назарбаев.