$ 494.87  520.65  4.91

Б.Сағынтаев ШҚО-да кәсіпкерлермен, ғалымдармен және қарапайым халықпен кездесті (ФОТО)

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Премьер-министр боп тағайындалған уақыттан бері алғашқы жұмыс сапарын кеше Шығыс Қазақстан облысынан бастады. Өңірде мемлекеттік бағдарламалар мен үшінші Жаңғыртудың қалай жүзеге асып жатқанын бақылаған премьер жергілікті халықтың бірнеше тобымен кездесулер өткізді.

Жалпы, Шығыс Қазақстан облысы индустриалды даму бағдарламасын жүзеге асыруда маңызды рольдердің бірін атқарып отырған өңір. Облыста ауыр және жеңіл өнеркәсіпті дамыту жұмыстары соңғы онжылдықта жақсы жолға қойылды. Шағын және орта кәсіпкерлік болса әлі де қолдауды қажет ететін сала. Осыны ескерген Б.Сағынтаев алдымен Семейде облыстың кәсіпкерлерімен кездесіп, бизнес ортаны дамытудың мәселелерін талқылады.

Үкіметтің саясаты еліміздегі экономикалық өсімді қозғаушы күшке айналуы тиісті бизнес позицияларды нығайтуға негізделген

Кәсіпкерлермен болған осынау кездесуде Үкімет басшысы мемлекеттік сатып алулар жүйесін жетілдіру жолында жұмыстардың атқарылғанын, соған орай Қазақстанның үш облысында мемлекеттік сатып алулар кезінде қазынашылық сүйемелдеудің пилоттық жобасы енгізілетінін хабарлады. Бұл құрылыс сапасын арттыруға және іске асырылатын жобаларға отандық кәсіпорындардың қатысу үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан өзге, қазіргі уақытта орталықтандырылған қызмет қағидасы бойынша мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру мәселелері пысықталуда. Ол дәл өлшемдерді бекітіп, рәсімдердің айқындығын арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Б.Сағынтаев кәсіпкерлерге сатып алулардың ІТ-платформасы құрылатынын айтты. Ол бизнеске өз өндірісін тиімді жоспарлап, ұйымдастыруға мүмкіндік беретін, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың ортақ сатып алуларына қолжетімділіктің біріңғай орны.

Кездесу қатысушылары өнеркәсіптің түрлі салаларында мемлекеттік сатып алулар жүйесін дамыту жөніндегі өз ұсыныстарын айтты.

Жалпы Бақытжан Сағынтаев ҚР Үкіметі жүйелік негізде кәсіпкерлік ахуалды жетілдіру мен бизнестің іскери белсенділігін ынталандыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын атап өтті. Осы орайда еліміздің әрбір жүйе құраушы кәсіпорны бойынша жергілікті қамту көлемін ұлғайту жұмыстары жалғастырылады. Бұдан өзге, кәсіпкерлерге қаржылық және заңнамалық қолдау көрсету шаралары ұсынылатын болады. ҚР Үкіметі бизнес шығындарын қысқарту мен қайта реттеу жұмыстарын жалғастырады.

Индустриаландыру бағдарламасына қажетті білікті мамандар даярлау – басты мақсат

ШҚО-ға жасаған сапары барысында Премьер-министр Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетіне барды. Онда ЖОО-ның ғылыми әзірлемелерімен танысып, облыстың ірі кәсіпорындарының өкілдерімен кездесті.

Университет ректоры Ж.Шаймарданов ҚР Премьер-министріне Индустрияландырудың мемлекеттік бағдарламасына кадрларды дайындау бойынша жобаны іске асыру барысы туралы, және 2017-2019 жылдары Шығыс Қазақстан облысының жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындарымен бірлесіп жүзеге асырылатын мақсатты ғылыми-технологиялық бағдарламаларды әзірлеу туралы айтып берді.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев университеттің ғылыми-зерттеу зертханасын аралады, одан кейін облыстың ірі кәсіпорындарының басшыларымен ШҚМТУ-дің ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастырымдық талдамалары жөніндегі мәселелер бойынша кездесу өткізді.

Кеңес қорытындысы бойынша «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ арасында ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Мәлім болғандай, ҚР Президенті Үкімет алдына оның негізінде жаңа, перспективалық технологиялар мен инновациялар болатын, Қазақстанға 2050 жылы әлемнің ең озық дамыған 30 елінің қатарына қосылуына мүмкіндік беретін экономикалық өсімнің жаңа үлгісін құру міндетін қойды.

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің аталған міндеттерді іске асыруға үлес қоса алатындай, қажетті кадрлық және ғылыми әлеуеті бар екенін айта кеткен жөн.

Үкімет экономикалық өсімнің жаңа үлгісін қалыптастыру үшін өз жұмысын 5 маңызды басымдыққа жұмылдырады

Үкімет басшысының ШҚО-ға жасаған сапары аясында өткізген соңғы кездесуі Семей қаласының жұртшылығымен өтті. Бақытжан Әбдірұлы кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне тоқталып, тұрғындарға елімізде жүргізіліп жатқан Конституциялық реформалардың мәнін түсіндірді. Сондай-ақ, ҚР Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру бойынша атқарып жатқан жұмыстары туралы айтты.

ҚР Премьер-Министрі экономикалық өсімнің жаңа үлгісін қалыптастыру үшін Үкімет өз жұмысын 5 маңызды басымдыққа жұмылдыратынын айтты, соның ішінде – жаппай кәсіпкерлікті дамыту, өндірістік жұмыспен қамтуды арттыру, технологиялық жаңарту және экономиканы цифрландыру, қаржылық тұрақтылықпен қамтамасыз ету және салалық бағдарламаларды іске асыру бар.

Кездесу қатысушылары өңірдің өзекті мәселелерін талқылап, ШҚО-ның одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі өз ұсыныстарын айтты.

Кеңес барысында тұрғын-үй құрылысы, ауыл шаруашылығын дамыту, денсаулық сақтау саласына мемлекеттік қолдау көрсету, кәсіби-техникалық білім беруді дамыту және білім берудің үштілділік жүйесін енгізу мәселелері қозғалды.

Жалпы, қала жұртшылығы жүргізіліп жатқан Конституциялық реформа мен ҚР Президентінің Жолдауында аталған міндеттерге қолдау көрсететіндерін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев облыс пен қала басшылығына өңірді одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары