$ 494.87  520.65  4.91

ОҚО-да екі депутат төбелесіп, ауруханадан бір-ақ шықты

Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас аудандық мәслихатының екі депутаты аудандық әкімдік ғимаратында бір-бірімен төбелесіп, екеуі де ауруханадан бір-ақ шықты. Қазіргі таңда іспен полицейлер айналысып жатыр деп жазады Қазақпарат.

ОҚО ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзованың айтуынша, бір-біріне қол жұмсаған түлкібастық депутаттарға қатысты Қылмыстық кодекстің 107 бабы «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiрумен» іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

«17,18 наурыз күні Түлкібас аудандық ІІБ 1955 жылы туған жергілікті екі тұрғыннан бір-біріне қатысты екі арыз түсті. Қазір бұл арыздар құзырлы органда тіркеуге алынып, тергеу шаралары жүргізілуде. Бірқатар сот-медициналық сараптамалар тағайындалды», - деді С.Қаракөзова.

Дәрігерлердің айтуынша, қос депутат та орта дәрежеде жарақаттар алған. Екеуінің не үшін бір-біріне жұдырық жұмсағаны әзірге белгісіз.

Айта кетейік, Өтепбай Мәткәрімов кезінде аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарса, Айтбек Меңлібеков біраз жылдардан бері «Ақсу-Жабағылы» қорығының директоры екені белгілі. Әзірге қос депутаттың не себепті төбелескені белгісіз күйінде қалып отыр. Оны тәртіп сақшылары анықтайтын болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары