Күні кеше жұртты 500 теңгелік жаңа купюрамен таныстырған Ұлттық банк төрағасы күлкіге қалды. Нақтыласақ, Данияр Ақышев көгершін мен шағаланы ажырата алмайды екен. Жаңа купюрада бейнеленген құсты ол жұртқа көгершін деп таныстырған деп мәлімдеді КТК телеарнасы.
Ақышевтың көгершін дегені швейцариялық фотографтың шағаласы болып шықты. Ұлттық банктегілер фотографтың авторлық құқығын бұзған дейді қоғам белсенділері. Одан бөлек, банкнотта бейнеленген өзге де суреттер интернеттен көшіріп алынған екен.
Кирилл Ковязин, Астана қаласының тұрғыны:
- Көшірме екені анық көрініп тұр. Швейцариялық фотографтың суретін пайдалану арқылы, авторлық құқықты бұзып отыр. Тек біреу емес, 500 теңгедегі тағы 3 құс та өзгеден ұрланған. Оны ғаламтордан алып қоя салғаны сапасынан-ақ байқалады.
Ақшадағы «Мәскеу» сауда үйі де наразылық тудырды. Оның еліміз үшін тарихи құны жоқ дейді жұрт. Әрі банкнот дизайнын осылай өзгерту үшін Ұлттық банктің қанша қаржы жұмсағаны да көпті қызықтырып отыр. Ал, ондағылар айтылған сынға қатысты ештеңе айтпады. Бастысы ақшадағы құс суреттері өздерінің көңілінен шығыпты.
Бас банк «артық қыламын деп тыртық қылса» да, жаңа ақшаны бар күйінге қабылдаудан басқа амал жоқ сыңайлы. Өйткені, бұл банкнот қолданысқа енді шыққанымен, оны басып шығару жұмыстары 2 жыл бұрын басталған. Яғни, банкнот шығару бір-екі күндік шаруа емес.