$ 498.34  519.72  4.85

18 жылда қол жеткен белес: «Нұр Отан» партиясы жаңашылдыққа бет бұрды

Бүгінде жаңғыру тек рухани жүйеде ғана жүріп жатқан жоқ, барлық саланы қамтып отыр. Экономикада да, саясатта да жаңғыру бағытында едәуір серпіліс бар. Әрине, жаңғыру мен жаңару жайдан-жай жүзеге аса салатын жұмыс емес. Бұл бағытта билік тармақтарымен бірге саяси күштер де жұмылған жұдырықша жұмыс істеуі қажет.

Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы  Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің Астанада өткен кеңейтілген отырысында:  «Жаңғырту еш уақытта оңай болмайды. Ол айтарлықтай қарсылықтарды туындатуы мүмкін. «Нұр Отан» партиясының рөлі – ең алдымен жаңғырту бағдарын саяси қолдаудың тетіктерін құруда», – деді.

«Нұр Отан» партиясының құрылғанына биыл он сегіз жыл толады. Аз уақыт емес, әрине. Осы мерзім ішінде «Нұр Отан» партиясының қанаты қатайып, еліміздегі ең беделді, ең үлкен саяси күшке айнала білді. «Халықпен тікелей жұмыс істеп, кезек күттірмей шешілуге тиісті мәселелерді үнемі назарда ұстап, нағыз елдік партия атанды. Оған өткен сайлаулардағы елдің зор сенімі айқын дәлел. Сол сайлауларға белсене қатысқан біздің партия мүшелерінің істеген шаруасы, жергілікті ұйымдардың істеген шаруасы нәтижесінде халықтың жүргізіп отырған саясатымызға сеніп, бірыңғай дауыс бергенін көріп отырмыз. Партия болашақта да елмен етене болып, халыққа қалтқысыз қызмет етуді жалғастыра береді деп сенемін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Нұр Отан» партиясы белсенді түрде бел буып кірісуге тиісті жұмыстар аз еместігін тілге тиек еткен Мемлекет басшысы: «Қажетті бағдарламаның барлығы қабылданды, оны өздеріңіз де білесіздер. Дегенмен қазіргі жағдайда, дүниедегі ғылыми-техникалық дамудың жаңа саласына бүкіл әлем түсіп отырған кезде біздің алға қойған мақсаттарымыз аз емес. Сондықтан осының барлығына партия басшы болып, жергілікті жерлерде саясатты түсіндіруі қажет», – деді.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын «Нұр Отан» партиясының қазіргі идеологиялық жұмысының платформасы деп атады.
– Партия қызметін жаңғырту жөнінде айтқан кезде, жаңғырудың 2017 жылы жарияланған үш бағдарламасын іске асыру барысында «Нұр Отан» партиясының рөлін айқын әрі анық түсінуіміз керек. Осы бағдарламаларды жүзеге асыруға лайықты атсалысу үшін партия өз жұмысын өзгертудің нақты жолдарын табуға тиіс, – деген Елбасы: «Алдымызда көп шаруалар бар. Қажетті бағдарламалардың барлығы қабылданды. Дегенмен қазіргі жағдайда бүкіл әлем ғылыми-техникалық дамудың жаңа саласына түсіп отырған кезде, біздің де алға қойған мақсаттарымыз аз емес. Сондықтан осының бәріне партия басшы болып, жергілікті жерлерде саясатты түсіндіруі қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Рухани жаңғыру» –  идеологиялық тұғырнама

Еліміздің жетекші саяси ұйымы – «Нұр Отан» партиясы билік пен халық арасындағы тығыз байланыстың алтын көпірі болуы тиіс. Мемлекет басшысы Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында бұл туралы да пікірін жасырып қала алмады. «Сөз «Нұр Отан» партиясының өзін жаңғыртумен байланысты болып отыр. Өйткені ел, экономика жаңғырып, саяси күштер де соған сәйкес болуы тиіс», – дей келіп, осы ретте «Рухани жаңғыру» «Нұр Отан» партиясының ағымдағы идеологиялық жұмыстарының тұғырнамасы екендігін айтты. Бұл бағытта жетекші саяси ұйым ел арасында кең түсінік жұмыстарын жүргізудің тетіктерін таба білуі тиіс.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасына ел халқының ықылас-пейілі ерекше. Бұл өркениетті елдер қатарына қосылуға ұмтылып отырған Қазақстанды жаңа белеске көтеретіні сөзсіз.

«Нұр Отан» партиясы ойды түсіндірудің әшейін ғана мінбері болып қоймай, сонымен бірге оны барлық деңгейде белсенді ілгерілетуі тиіс. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – бұл партияның ағымдағы идеологиялық жұмыстары үшін тұғырнама. Бағдарламаны жүзеге асыруға лайықты қатысу үшін партия өз жұмысын тиімді жолға қоюдың нақты тетіктерін табуы тиіс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхамед сөз сөйлеп, мемлекет басшысы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазақ қоғамының дамуына айрықша серпін беріп, ерекше қимыл-қозғалыс әкелгенін атап өтті. «Рухани жаңғыруға» арналған республикалық жобалық офисі ашылып, онда тұрақты жұмыс істеу үшін арнайы партия хатшысы белгіленген. Әлеуметтік желі және түрлі месенджерлермен арада «Рухани жаңғыруға» байланысты жұмыс жанданған. «Санадағы серпілістің іргетасы саналатын қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіруді халық арасында кеңінен насихаттауды партия да өзінің күнделікті жұмысында басты назарда ұстауда», – деді Мұхтар Құл-Мұхамед.

Әр азаматтың өтініші ескеріледі

Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған «Нұрлы жол» бағдарламасына 2015 жылы 770 млрд, 2016 жылы 739 млрд теңге бөлінген болса, биыл 647 млрд теңгеге жеткен.Қазір Парламент мәжілісіндегі нұротандық депутаттардың заң шығарушылық бастамасы артып, партияаралық тәртіп нығая түскен. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және басқа да шапағаты мен игілігі мол бағдарламаларға байланысты түсіндіру жұмыстарымен бірге бақылау мен тәртіп те күшейтілген.

Айтпақшы, «Нұр Отан» партиясының миллионнан астам мүшесі бар. Бұл – үлкен саяси күш екені сөзсіз. «Нұр Отан» 16 облыстық және Астана мен Алматы қалалық, 227 аудандық әрі территориялық, 5 824 бастауыш ұйымнан тұратын еліміздегі ең үлкен партия. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхамедтің айтуына қарағанда, орталық және жергілікті деңгейде 3052 партия мүшесінен тұратын партиялық резерв жасақталған.

Түрлі жағдайлармен жұмыссыз қалған партия мүшелері де назардан тыс қалмайтын болып шықты. Олардың қатары бір жылдың ішінде төрт есеге дейін қысқарған. «Партияның Орталық және өңірлердегі қоғамдық қабылдау жұмыстары жаңа форматқа көшіріліп, өтініштер скайп, ватсап, электронды пошта арқылы да қабылдана бастады. Еліміздің кез келген өңірінен интернет – коммуникация арқылы партияға шығу мүмкіндігі туды. Бұған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының ойдағыдай жүзеге асуы көп мүмкіндік туғызып отыр», – деді ол.

Биылғы жылдың 10 айы ішінде партияның атына 190 мың адамнан өтініш түскен. Олардың мәселесін шешу үшін қоғамдық қабылдауларға депутаттар, министрліктердің өкілдері келіп, қарапайым халықтың сұрақтарына жауап берген. Ең бастысы, өтініштер қараусыз қалмай, 96 пайызы шешімін тапқан.

Парламент мәжілісінің депутаты Бахытгүл Хаменованың айтуынша, партияның жемісті жұмысының арқасында соңғы 6 жылда әртүрлі курстар мен қайта оқыту орталықтарында 123 мың адам кәсіби білім алған. «Бүгінде оның 106 мыңы, яғни 86 пайызы жұмысқа орналасқан. Әрине, кәсіптің нәсібіне қол жеткізу әр азаматтың өзіне байланысты. Сондықтан білім алғаннан кейінгі көрсеткіштер өңірлерде әртүрлі. Мысалы, Маңғыстау облысында 64 пайызды көрсетсе, Алматы облысында 70 пайыз. Бұл «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, оқу мекемелері және жұмыс берушілердің бірігіп жұмыс істейтін уақыты келгенін білдіреді. Яғни, азаматтарды қажет мамандықтар бойынша оқытып, кейін жұмысқа орналастыру керек. Бүгінгі бағдарламада көтеріліп отырған басты мәселе де осы» деді.

Ал Парламент мәжілісінің депутаты Жанат Омарбекова: «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасында Президенттің тікелей тапсырмасымен тұрғындардың барлық ұсыныс-тілегі ескерілген. Бұл әсіресе, шағын несиелендіруге қатысты. Ауыл тұрғындары несие көлемін көбейту туралы өтінген еді, бұл тілек жерде қалған жоқ. Несие көлемі үш есеге артып, 18 миллионға жетті. Кепілдікпен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін тауып отыр. Себебі, ауыл тұрғындарының дені жұмыссыз жүргендіктен кепілге ие емес. Соған орай мемлекет бұл түйткілді өз жауапкершілігіне алып отыр. Ең бастысы – кез келген азамат несие алып, өз кәсібін бастай алады. Бағдарлама шеңберінде оқыту курстары да ұйымдастырылады. Енді тек бұл қаржылардың барлығы бизнеске ашық, бағдарлама нәтижелі болуы әрі мүмкіндігінше көп елді қамтуы үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет» дегенді жеткізді.

Бүгінде «Жас Отан» Жастар қанатымен бірге жастарға арналған «Сәтті қадам», «Нұр арман» және «Нұр интекс» жобалары сәтті жұмыс істеуде. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша өткен жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспаған немесе жеткілікті балл жинай алмаған 52 мыңнан астам мектеп бітіруші «Нұр Отанның» қамқорлығымен кәсіптік білім беру және жұмысқа орналастыру арқылы түгелдей еңбекпен қамтылды. Биылғы мектеп бітірушілері арасындағы 55 мыңнан астам түлек те дәл осындай қамқорлыққа алынған. Жастарға арналған аталған жобалардан бөлек, «Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық!», «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» сияқты әлеуметтік бағыттағы тағы 9 партиялық жоба жемісті жүзеге асырылуда. Елбасының тапсырмасына орай, орталық және жергілікті деңгейде 3 052 партия мүшесінен тұратын партиялық резерв жасалып, оның нақты жұмыс жоспары бекітілді. Партияның орталық пен өңірлердегі қоғамдық қабылдауларының жұмысы жаңа форматқа көшіріліп, өтініштер skype, whatsApp және электронды почта арқылы да қабылдана бастады. Еліміздің кез келген өңірінен интернет-коммуникациялар арқылы партияға шығу мүмкіндігі туды. Соның нәтижесінде, тек кейінгі 10 ай ішінде 190 мың адам партияға өтініш түсірді. Оларды шешу үшін партияның қоғамдық қабылдауына нұротандық депутаттармен қатар министрлік басшылары да келіп, қарапайым халықтың көкейіндегі сұрақтарға жауап берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары