«Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының іске асырылу барысы талқыланды. Оған қалалық мәслихат депутаттары, құзырлы орын өкілдері және кәсіпкерлер қатысты.
Жиын барысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының Алматы қаласы бойынша директорының міндетін атқарушы Едіге Марғұлан, қалалық әкімшіліктің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдос Сәкенов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнеске қаржысыз қолдау көрсету бөлімінің жетекшісі Д.Қонысбек жыл басынан бері атқарылған жұмыстары төңірегінде жиналған қауым алдында есеп берді.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – жұмыс орындарын сақтай отырып, қосымша жұмыс көздерін ашуға негізделген. Төрт бағыттан тұратын бағдарламаның біріншісі, жаңа бизнес бастамаларын қолдау, екіншісі, кәсіпкерлік саланы сауықтыру, үшіншісі, кәсіпкерлік мүмкіндікті сақтап қалуды күшейту.
Алғаш болып сөз алған Е.Марғұлан аумақта жүргізіліп жатқан жұмыстарды тізбелеп шықты.
– «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы төңірегінде сөз қозғағанда мұның аса маңызды екендігін баса айтқым келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев дамыған елдер қатарынан көріну үшін шағын және орта бизнесті дамытудың аса қажеттілігін үнемі айтып келеді. Осыған орай Алматы қаласы бойынша қыруар шаруа атқарылды. Нақтырақ айтсақ, 717 жоба жүзеге асырылды. Бұл кейбір облыстармен салыстыра айтқанда, көш ілгері көрсеткіш. Барлық шаруа кәсіпкерлікке қатысы бар ұйымдармен, мекемелермен бірлесе жүргізіліп келеді. Биылдың өзінде саланы дамытуға республикалық бюджеттен 4,4 млрд. теңге бөлінді. Қаржыландырумен барлық сала қамтылды десе де болады. Мыңдаған жұмыс орындары сақталып қалды. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардан биылдың өзінде мемлекет қорыжынына 17,6 млрд. теңгенің салығы түсті, – деді Е.Марғұлан.
Әрине, баяндамашының аузынан көптеген жағымды жаңалықты естумен қатар, түйінді мәселелерді шешу жолдарын түсіндіру де талап етілді. Депутаттар мен құзырлы орындардың тереңірек түсінгісі келетін жағдайлар аз болмай шықты. Мәселен, екінші деңгейлі банктермен жұмысты жандандыру, ашылған кәсіпкерлік ұйымдардың толыққанды жұмыс істеуіне негіз болатын мәселелер сөз болды. Алайда банктер қатарынан AsiaCredit Bank акционерлік қоғамының бір өкілі ғана келуі өкінішті. Сонымен қатар стартап жобалардың аздығы да ойлантады.
Иә, елімізде жұртшылықтың бұрындары ойына кірмеген жобалары іске асырылып, азаматтардың кәсіпкерлікпен айналысуына жол ашылуда. Осы мүмкіндіктерді барлық қазақстандықтардың тиімді пайдаланғаны абзал. Құзырлы орындардың қызметі табысты бола түсуі үшін әлі де жұмыстар жүргізілуі керек. Осыған байланысты «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының өкілдері кемшіліктерді болдырмау жолдарын қарастыруды ұйғарды.