ҚР Мәдениет және спорт министрінің тағы бір оғаш әрекеті көпшіліктің талқысына түсіп жатыр. Осыдан бірер күн бұрын Арыстанбек Мұхамедиұлы Ресейге барып, «Первый канал» АҚ-ның бас директоры Константин Эрнстпен кездескен болатын. Осы кездесуде түсірілген фотосурет көпшіліктің ашуымен қатар күлкісін де туғызып отыр.
Фотодан көріп отырғандарыңыздай, білдей бір елдің Мәдениет министрі қарапайым телеарна директорының қолбаласы секілді. Танымайтын адам мұны басшысынан ұрыс естіп отырған қатардағы қызметкер деп ойлауы да мүмкін ғой? Немесе Константин Эрнст өз жұмысшыларына тапсырма беріп отыр деуі ғажап емес.
Мәдениет министрінің не үшін «аяқ жақта» отырғаны белгісіз. Әлеуметтік желі белсенділері болса Мұхамедиұлының бұл отырысын әр түрлі болжап әлек.
Біреулер «біздің министрдің деңгейі сол» десе, екіншілері мұны «протокол қызметкерлерінің біліксіздігінен» деп өздерінше пікір білдіруде.
Ал, танымал тележурналист Серік Абас-Шах болса Арыстанбектің есік жағалап кеткенін жазды.
«Ресейдегі қаптаған телеарна басшыларының бірі - шіреніп төрде отыр. Ал "келіссөзге" барған егемен елдің дардай министрі "есік жағалап кетіпті". "Тең теңімен, тезек қабымен" деуші еді. Бос сөз ғой деймін... Арыстанбек Мұxамедиұлы (неАлиев) өзін Мәңгілік Ел министрі емес, "Чукотский автономный округтің" өкілі ретінде сезініп отырған сияқты. Неткен сорлымыз осы? Кино түсіріп берші деп қоржындарына ақша тықпалап жатсақ та менсінбейді», - деп жазды ол өзінің Facebook-парақшасында.