$ 498.34  519.72  4.85

Жезқазғанда Қазтест стандартын түсіндіруге негізделген әдістемелік көмек көрсету семинары өтті

Жезқазғандағы «Тілтану» оқу-әдістемелік орталығында Қазтест стандартын түсіндіруге негізделген әдістемелік көмек көрсету семинары өтті.

Естеріңізге сала кетсек, Елбасының Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының нысаналы индикаторларының бірі болып табылатын Қазтест – қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың жүйесі. Қазтест жүйесі қазақ тілін білу деңгейін халықаралық тәжірибе мен талапқа сүйене отырып, төрт қырлы сынақтан өткізеді. Олар: тыңдалым, лексика-грамматикалық бөлім, оқылым және жазылым.

Қазтест тапсыруға алдын ала дайындау және оның құрылым жүйесі мен бөліктерімен тереңірек таныстыру мақсатында ұйымдастырылған кездесуге Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына қарасты ресурстық тіл орталығының латын графикасына көшу бойынша оқыту және әдістемелік жұмыс жүргізу бөлімінің меңгерушісі Жұпар Жақанова арнайы келді.

«Қазақ тілін оқытудағы Қазтест жүйесі: ерекшеліктері мен мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасаған Жұпар Жақанова мазмұнды түсіндіру жұмысын жүргізді. Атап айтқанда, ол Қазтест жүйесі бойынша құрастырылған төрт түрлі сынақ тапсырмаларына тереңірек тоқталып, қатысушыларға оларды орындаудын тиімді жолдарын нұсқады. Сонымен қатар, қатысушылардың түйгенін байқамаққа Қазтест жүйесі бойынша тест жұмыстарын орындатты.

Семинар соңында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тілге жауапты мамандары, «Тілтану» оқу-әдістемелік орталығының оқытушылары мен әдіскерлері, сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлерден құралған қатысушылар тобы мемлекеттік тілдің жай-күйі, тілге байланысты түйткілді мәселелер жайлы өз ойларын ортаға салып, әңгіме өрбітті. Латын графикасындағы жаңа әліпбиге көшу реформасына қатысты көкейінде жүрген сұрақтарға маманнан тұщымды жауап алды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары