Билік 15.04.2019 сағат 12:30  258

Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері БАҚ өкілдерімен кездесті

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мизиёев жүргізілген келіссөздердің қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері БАҚ өкілдерімен кездесті
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Журналистер алдында сөз алған Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Өзбекстан Республикасына жасаған мемлекеттік сапары осы елдегі Қазақстан жылының ашылуымен тұспа-тұс келгенін атап өтіп, бұл оқиғалар екі ел арасындағы қарым-қатынастардың нығаюына септігін тигізетініне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастардың нығаюы мен дамуы жолындағы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің рөліне ерекше тоқталды.

– Олар Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастық тарихының жаңа парағын ашып, біздің байланыстарымызды жаңа әрі сапалы деңгейге шығарды. Қазақстан басшысы ретінде мен Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз етіп, Қазақстан-Өзбекстан қатынастарының жан-жақты дамуын жалғастыра беремін. Бұған дәлел ретінде бүгін біз қол қойған негізгі жетістіктеріміз бен ынтымақтастық көкжиегінің келешегі қамтылған Президенттердің Бірлескен мәлімдемесін айтуға болады, – деді Мемлекет басшысы. 

Екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығындағы жоғары деңгейді айта келіп, Қазақстан Президенті осы жоғары көрсеткіштерді одан әрі қолдау үшін бірқатар шара қабылданатынын жеткізді.

– Жаңа мүмкіндіктер іздеп, тауар номенклатурасын кеңейту қажеттігі туралы айтылды. 2020 жылдың соңына қарай өзара тауар айналымын 5 миллиард долларға дейін жеткізу – біздің негізгі мақсатымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өндірістік кооперациялардың дамуы бойынша, Мемлекет басшысы бизнеске жасалған жағдайдың нәтижесінде екі елдің бірлескен кәсіпорындарының саны артқанын атап өтті.   

– Мұндай ынтымақтастықтың мысалы ретінде Қазақстандағы бірлескен жеңіл автомобиль, жүк көлігі және басқа техникаларды құрау жобаларын айтуға болады. Аталған салалардың біздің экономикаларымыз үшін маңызы зор болғандықтан, осы бағыттағы жұмыстарды қарқынды түрде жалғастыра береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр жыл соңында өткен Өңіраралық ынтымақтастық форумының сәтті өткенін атап өтіп, бұндай кездесулердің екі ел үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.

- Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құру мәселесі ерекше қаралды. Бұл жобаны жүзеге асыру шекаралық аймақтағы сауданы реттеп, бақылау-өткізу инфрақұрылымын жақсартуға, сондай-ақ, Орталық Азияда ірі сауда-логистикалық хаб құруға мүмкіндік береді – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан басқа Қазақстан Президенті отын және су-энергетика саласындағы өзара іс-қимыл, экспорт-импорттық, транзиттік тасымал саласындағы ынтымақтастық, мәдени-гуманитарлық және жастар байланысын кеңейту мәселелеріне тоқталды.

Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздердің нәтижелеріне қанағаттанатынын білдіріп, қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастығын дәстүрлі достық, сенім және тату көршілік ынтымақтастықта дамытатынын айтты.

Шавкат Мирзиёев өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаевпен ашық әрі толық өзара түсіністік рухында өткен келіссөздерге жоғары баға берді. Соның барысында тараптар қарым-қатынасты дамытудың ұзақ мерзімді мақсаттарының ортақ екенін растап, күн тәртібіндегі екіжақты, өңірлік және халықаралық ынтымақтастық мәселелерін жан-жақты талқылады, сондай-ақ жаңа сынақтар мен қауіпсіздікке төнетін қатерлерге қарсы тұру жөніндегі бірлескен шараларды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

– Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынастарын нығайтуға және жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге баға жетпес үлес қосқаны үшін қазақ халқының біртуар перзенті, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, менің ағам, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа алғыс айтқым келеді. Қазақстанның мемлекеттігін нығайтудағы, берік азаматтық қоғам қалыптастырудағы, заманауи және бәсекеге қабілетті экономика құрудағы, халықаралық аренадағы ел беделін арттырудағы зор жетістіктер оның есімімен тікелей байланысты, – деді Өзбекстан Президенті.

Сонымен қатар, Шавкат Мирзиёев сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру үшін Жол картасы бекітілетінін айтты.

***

Мемлекеттік сапар қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:

1. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің бірлескен мәлімдемесі.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Еңбек қызметі және еңбекші көшіп-қонушылардың құқықтарын қорғау туралы келісім.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Заңсыз көші-қонмен күрес бойынша ынтымақтастық туралы келісім.

4. Табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісім аясында Қазақстан Республикасының мен Өзбекстан Республикасының уәкілетті органдары берген резиденттікті растайтын ресми құжаттарды тану тәртібі туралы ноталармен алмасу түріндегі келісім.

5. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2019-2020 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы.

6. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Қорғаныс министрлігі арасындағы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс саласындағы ынтымақтастық туралы келісім.

7. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Қорғаныс министрлігі арасындағы Әскери ұшақтарды қабылдау, аэродром-техникалық қамтамасыз ету және әскери аэродромдарда әскери әуе кемелерін күзету туралы келісім.

8. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігі арасындағы «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құру мәселелері жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.

9. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы Дін істері жөніндегі комитет арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар