Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы өтіп, онда үш мәселе қаралды.
Жалпы отырыс Мәжілістің ІІ-VІ шақырылымдарының депутаты, соның ішінде ІІІ, ІV, V шақырылымдарында Төрағаның орынбасары болған белгілі мемлекет қайраткері Сергей Дьяченконың ауыр науқастан қайтыс болуына байланысты оны бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. «Біз Сергей Александровичтің туысқандары мен жақындарына орны толмас қазаға ұшырауына байланысты қатты қайғырып көңіл айтамыз және қайғыларына ортақпыз. Қазақстанның шынайы патриоты, тамаша адам, біздің досымыз және әріптесіміз болған оның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде әрдайым сақталады», деді Мәжіліс Төрағасы.
Одан әрі жалпы отырыс күн тәртібінде белгіленген мәселелерді қарауға кірісті. Соның ішінде бірінші оқылымда қаралған кейбір заңнамалық актілерге салық салу мен кедендік әкімшілендіру бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы ұзақ талқыланды. Баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың сөзіне қарағанда, Салық кодексіне 234 түзету енгізіліп, оның 27 түзетуі салық саясаты, 207-сі салықтық және кедендік әкімшілендіру бойынша енгізіледі екен. Осынша түзетуді енгізудің себебін Қ.Бишімбаев бизнестің және агроөнеркәсіп кешенінің іскерлік белсенділігін сақтауға, қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты жақсартуға, жұмыс істемейтін несиелер деңгейін төмендетуге бағытталғанымен түсіндірді.
Одан әрі министр қандай салыққа нақты қандай өзгерістер енгізілетіндігі жөніндегі экономикалық мәселелерді баяндауға кірісті. Соның ішінде қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша тіркеу есебіне қойылатын ең төменгі түсім көлемі қолданыстағы 30 000 АЕК 2017 жылдың аяғына дейін сақталып, одан әрі 15000 АЕК дейінгілерге де салынады екен. Болжам бойынша 2020 жылға дейін осы өзгертуден түсетін салық түсімі екі жылда 166 млн теңге болатын көрінеді. Осы бағытпен министр көптеген салықтардың өзгеруінен түсетін қосымша кірістер туралы баяндап шықты.
Баяндамадан кейін депутаттар тарапынан сұрақтар жауып кетті. Әсіресе, бизнес қауымдастықтың мүддесін қорғайтын «Ақ жол» фракциясының мүшелері айрықша белсенділік көрсетті. Депутат Александр Суслов ҚҚС-ты ұстаудың ең төменгі сомасының екі есе төмендетілуінің қаншалықты тиімділігі бар, бизнес қауымдастығы бұдан түсімін көрсетпей, көлеңкелі экономикаға кетеді деп ойламайсыз ба деп сұрады. Оған Қ.Бишімбаев біз ҚҚС-ты кезең-кезеңмен төмендету арқылы түсімнің жасырылмауына жағдай туғызылады деген үміттеміз деп жауап берді. Депутат Сәкен Қаныбеков қазір интернет-дүкендер арқылы тауарлар алуға болатынын айта келіп, осы дүкеннің иелері шетелдік азаматтар болса, олардан салық қалай алынатынын сұрады. Бұған министр кейін, жазбаша ғана жауап бере алатынын жеткізді. Депутат Берік Оспанов Солтүстік Каспий кен орнынан алынатын өнімді бөлу туралы келісім бойынша мемлекет есебіне алынатын мұнайдан түскен қаражат толығымен Ұлттық қорға аударылатынын айта келіп, бұл кіріс салық салу объектісі болмауы керек қой, осы мұнайдың бағасы қандай болады деп сұрады. Оған министр бағаның нарықтық бағаға сай болып, бұл мәселе қатты қадағаланатынын жеткізді.
Депутат Меруерт Қазбекова министрден көлеңкелі экономиканың мәселесін сұрап, қатты қадалды. Біздің елімізде төленбейтін салық көлемі қанша, салық салудан барлық кірістің қанша бөлігі жалтаруда, оларға қарсы қандай шаралар қолданасыздар деп сұрады ол. Бұл сұраққа Қ.Бишімбаев бизнеске салынатын ҚҚС-тың салықтық жүктемесі бізде бар болғаны 20 пайыз ғана екенін айта отырып, бұл әлемдегі ең аз жүктемелердің бірі екенін жеткізді. Депутат М.Қазбекова біздің базарларда, сауда орындарында орналасқан бутиктердің жартысынан көбі ешқандай чек бермейді, сіздер оның кірісін қалай қадағалайсыздар? Егер олардың бәрі есепке алынса, салық кірісін арттыратын резерв осы болмас па еді, деді. Оған Қ.Бишімбаевтың берген жауабы қызықты естілді. Шағын саудаларда чек соғатын аппарат алу үшін олар алдымен ҚҚС төлеуші ретінде тіркелуі керек қой. Жылдық кірісі 64 млн теңге болған сатушылар ғана ҚҚС төлеушісі болады, деді ол. Ал депутаттың экономикадағы қанша кіріс салықтан жалтарып, көлеңкеге кетеді дегеніне: біздің есебіміз бойынша барлық кірістің үштен бірі қазір салықтан жалтарады деп жауап берді. Депутат М.Қазбекованың оларға қарсы қандай шаралар қолданылады деген сұрағына ҚҚС-тың ең төменгі салық салу көлемінің жылдан жылға төмендетілетініне байланысты 2018 жылы – 8510, 2019 жылы – 6000, 2020 жылы 19000 бизнес-субъектісі салық төлеу аумағына өтеді, деді. Сөйтіп, салық салынатын кіріс көлемі төмендетілсе, одан жалтаратындар азая түседі екен. Мұндай шараның қаншалықты тиімді боларына депутаттардың көбі күмәнді болғаны көрініп тұрды. Талқылауда да бірнеше депутат сөйлеп, өздерінің ойларын ортаға салды. Заң жобасы дауыс беруде қалыс қалған алты адамнан басқа депутаттардың қолдауымен мақұлданып, екінші оқылымға дайындалуға жіберілді.
Отырыста қаралған маңызды мәселенің бірі – кейбір заңнамалық актілерге қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасының бірінші оқылымда қаралуы болды. Бұл туралы баяндаманы Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов жасады. Әлемдегі әскери-саяси жағдаймен санаса отырып, Қазақстанның қорғаныс күштерін дамыту перспективасына байланысты қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер енгізуге тура келіп отыр, деді ол. Бұл өзгертулер қолданылатын терминдерді нақтылайды және Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың функцияларын айқындайды. Жалпы айтқанда, заң жобасы 18 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырыпты.
Депутаттардың біршама қызу талқысынан кейін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданып, екінші оқылымға дайындалуға жіберілді.
Сондай-ақ, осы күні ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы Мәжіліске қабылданып, ол туралы қорытынды әзірлеу мерзімі белгіленді.
Отырыс соңынан біраз депутат өздерінің депутаттық сауалдарын жариялады.
Жақсыбай САМРАТ.