$ 498.34  519.72  4.85

Мемлекет басшысы Саудияда бірқатар кездесулер өткізді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясына жасаған арнайы сапары барысында бірқатар кездесулер өткізді деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мәдина қаласындағы Мұхаммед Пайғамбар мешітінде намаз оқып, құлшылық парызын өтеп болғаннан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы Елбасы Ислам даму банкінің президенті Бандар бен Мұхаммад Хаджармен кездесті.

Кездесуде тараптар Қазақстан мен Ислам даму банкі арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Мемлекет басшысы еліміздің экономикасын нығайтуға және халқымыздың әл-ауқатын арттыруға Ислам даму банкі елеулі үлес қосқанын атап өтті.  

– Қазіргі таңда біз «Астана» халықаралық қаржы орталығын құрудамыз. Ислам даму банкі оның қызметіне атсалысатынына сенімдімін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.    

Әңгіме барысында банк пен Қазақстанның ортақ жобаларының жалпы құны 1,3 млрд доллардан асқаны атап өтілді. 2015 жылы Ислам даму банкі құны 665 млн доллар болатын 4 жобаны қабылдап алған. 

Бандар бен Мұхаммад Хаджар біздің республикамен табысты ынтымақтастық одан әрі жалғасып, банк Қазақстан экономикасын дамытуға бағытталған жобаларға қатыса береді деп үміттенетінін жеткізді.

Мұнан кейін Мемлекет басшысы Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Ияд ибн Әмин Маданимен кездесті.

Келіссөз барысында Қазақстанның Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүшелігі аясындағы екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі жайттары талқыланды.

Сондай-ақ, тараптар Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған,  бүгінде құрамына 32 ел кіретін халықаралық азық-түлік қорының жұмысын ілгерілету мәселелерін қарастырды.

Бұдан бөлек, Ияд ибн Әмин Мадани Мемлекет басшысын Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтық қақтығыстарды реттеуге бағытталған барлық бастамаларын қолдайтынын айтты.   

Қазақстан Президенті Сауд Арабиясы Корольдігінің іскер топтар өкілдерімен кездесуді ұмыт қалдырған жоқ.

Кездесуге Сауд Арабиясының  әлемдік деңгейде жұмыс жүргізетін жетекші компанияларының басшылары қатысты.  

Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы біздің елдің Таяу Шығыс аумағындағы негізгі серіктесінің бірі екенін айтты.

– Екі ел арасындағы 2015 жылы 16,3 млрд долларға жеткен тауар айналымы көлемін бүгінде айтарлықтай арттыруға мүмкіндік бар. Қазірдің өзінде Корольдік компанияларының қатысуымен Қазақстанда 17 ұйым жұмыс жүргізуде, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті екі елдің экономикалық ынтымақтастығының перспективалы бағыттарын да атап өтті. Олардың арасында тау-кен металлургиясы кешені, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, қаржы және ислам банкингі, атом өнеркәсібі бар. 

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы сияқты Қазақстанның да табиғи ресурстарға бай екеніне назар аударды.

– Соған қарамастан біз экономиканы әртараптандыруға бағытталған реформаларды іске асырудамыз. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – әлемнің ең озық 30 елінің қатарына қосылу. Бұл мақсатқа жетудің негізгі жолы елдегі кәсіпкерлікті дамыту, бизнеске барынша жеңілдіктер қарастырып, инвестиция тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев іскерлік және инвестициялық ортаны жақсарту үшін Қазақстанда қолға алынып жатқан жүйелі шараларға тоқталды.  

– Дүниежүзілік банктің «Бизнеспен айналысу жеңілдігі» рейтингінде Қазақстан 41-ші орынға ие болды. Бизнес үшін әкімшілік кедергілер мейлінше азайтылды. Қазір бізде 10 арнайы экономикалық аймақ құрылып, онда либералды салық режімі қолданыла отырып жұмыс жүргізілуде, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Сауд Арабиясы кәсіпкерлерін индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырды.

– Өз кезегінде Қазақстан жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Мәселен, инвестор корпоративтік табыстан және жер салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазір республикада ірі мемлекеттік нысандарды жекешелендіру науқаны жүргізіліп жатқанын айтты.

–  Жалпы құны 10 миллиард доллар болатын 800-дей мемлекеттік кәсіпорын бәсекелестік ортаға шығарылды. Тізімге мемлекеттің үлесі бар тау-кен металлургиясы, мұнай өңдеу, энергетика, көлік және байланыс саласындағы кәсіпорындар, инфрақұрылым нысандары енгізілген. Сауд Арабиясы компанияларының осы жекешелендіру шарасына қатысуын қолдаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына және келер жылы «Болашақтың энергиясы» тақырыбы бойынша өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне тоқталды.

Сауд Арабиясы бизнес құрылымдарының жетекшілері Қазақстанда жасалып жатқан қолайлы инвестициялық жағдай үшін Мемлекет басшысына алғыс білдіріп, ынтымақтастықты дамытуға дайын екендіктерін жеткізді. Атап айтқанда, олар ауыл шаруашылығы, мұнай өңдеу, металлургия және атом энергетикасы салаларына қызығушылық танытты. 

Соңында Қазақстан Президенті өзара тиімді серіктестіктің жаңа мүмкіндіктері жасала беретінін және оның перспективасына сенімді екенін айтып, Сауд Арабиясы бизнесінің «капитандарына» табыс тіледі. 

Діл осы сапары аясында Нұрсұлтан Назарбаев Қатар мемлекетінің Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Таниге шейх Халиф бен Хамад Әл Танидің қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

Мемлекет басшысы Халиф бен Хамад Әл Танидің қазасы туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.

«Осы қиын сәтте орны толмас қазаға ортақтаса отырып, Сізді және жақындарыңызды бекем болуға, сабырлылық сақтауға шақырамын», – делінген көңіл айту жеделхатында.    

Сонымен қатар, жеделхатта бар ғұмырын Қатар мемлекетінің қалыптасуына және халықаралық аренада исламның мүддесін қорғау жолына арнаған шейх Халиф бен Хамад Әл Танидің тарихи тұлға және беделді саясаткер ретінде әрдайым есте қалатыны атап өтілген.

Мұнан кейін Елбасының жоспарлаған кездесулері жалғасын тапты. Атап айтсақ, Мемлекет басшысы Amiantit Group компаниясының вице-президенті ханзада Турки бен Мұхаммад бин Фахдпен кездесті.

Әңгіме барысында қазіргі өзара іс-қимылдың бірқатар мәселелері қарастырылып, алдағы уақыттағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары талқыланды.

Су инжинирингіне және мұнай-газ саласына арналған құбыр шығаруға маманданған Amiantit Group компаниясының басшылығы елімізде қолайлы инвестициялық жағдай жасалып отырғаны үшін ризашылық танытты.

Тараптар әріптестік қарым-қатынастың одан әрі дами беретініне сенім білдірді.

Мемлекет басшысының осынау сапары аясындағы ең маңызды кездесуі Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Саудпен болды.

Келіссөздер барысында екі елдің көшбасшылары Қазақстан мен Сауд Арабиясы ынтымақтастығының негізгі бағыттарын, атап айтқанда, сауда-экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды нығайту перспективаларын талқылады.

Сондай-ақ тараптар өзара іс-қимылдың түрлі салаларында, соның ішінде ауыл шаруашылығында зор әлеуетке қол жеткізілгенін және қарқынды даму бар екенін атап өтті.   

Мемлекет басшысының Сауд Арабиясына ресми сапары аясында төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

- Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы Сотталған адамдарды беру туралы шарт;

- Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы Адамдарды ұстап беру туралы шарт;

- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

- Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум.  

Мемлекет басшысы сондай-ақ, Сауд Арабиясы Корольдігінің аш-Шура Меджлисінің басшысы Абдуллах ибн Мұхаммед Әл-Шейхпен кездесу өткізді.

Әңгіме барысында тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясының өзара қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеру қажеттігін атап өтті. Елбасы қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асатынына сенім білдірді.

Абдуллах ибн Мұхаммед Әл-Шейх Нұрсұлтан Назарбаевты екі ел арасындағы қатынастарды одан әрі нығайту үшін барынша күш салатынына сендірді. 

Ал, осынау кездесулердің бәрін тәмамдап болған соң Елбасы отандық жіне шетелдік БАҚ өкілдерінің басын қосып, Сауд Арабиясына жасаған сапарын қорытындылады.

– Сапар аясында энергетика, тау-кен саласы, ауыл шаруашылығы, сауда-саттыққа қатысты жалпы құны 60 млрд теңгеден асатын 10 келісімге қол қойылды. Атап айтқанда, олардың арасында Оңтүстік Қазақстан облысындағы құс фабрикасы, Ақмола облысындағы азық-түлік өндірісі жөніндегі келісімдер бар. Қазіргі таңда Қазақстанда Сауд Арабиясының қатысуымен 17 кәсіпорын жұмыс жүргізуде, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті тауар айналымын ұлғайтуға логистикалық қиындықтар кедергі келтіріп келгенін атап өтті.

– Бұл ретте біз болашақта жемісті ынтымақтастық орнату үшін Жол картасын жасап, екіжақты үкіметаралық комиссия, экономиканың жекелеген салалары бойынша жұмыс топтарын құру туралы келісімге келдік. Біздің елде ортақ жобаларды қаржыландыру үшін бірлескен инвестициялық қор құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондай-ақ  мен саудтық серіктестерімізді инвестициялық-инновациялық жобаларға, «Нұрлы жол» бағдарламасына атсалысуға шақырдым. Бұл Қазақстанның пайдасы үшін ынтымақтастық орнатуға өте жақсы негіз болады, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Корольдікпен өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарына назар аударды.

– Саудтық серіктестеріміздің күн мен жел энергетикасын пайдалану тәжірибесі бар. Сауд Арабиясы энергетика саласындағы өздерінің жаңа әзірлемелерімен Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне белсене қатысатын болады. Сондай-ақ келіссөздер барысында біз мұнай мен газ саласындағы жүргізіліп отырған саясатты талқыладық. Жалпы, біз осы өңірдегі маңызды бұл елде өте пайдалы әрі аса қажетті кездесулер өткіздік деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары