Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған Парламент өкілдері ресми сапармен Финляндия Республикасына барды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Хельсинки қаласында қазақстандық мәжілісмендер Финляндия Парламентінің Спикері Мария Лохеламен келіссөздер жүргізді және сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан Финляндия парламентаралық комиссия жетекшілерімен кездесіп, «Отаниеми» технопаркіне барды.
Н.Нығматулиннің айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жолындағы ауқымды реформаларын жүзеге асыру бағытында финляндиялық әріптестердің инновациялық дамуды заңнамалық қамтамасыз ету, білім саласын жетілдіру, ақпараттық-коммуникациялық технологияны дамыту, ғылыми және іскер ортамен ықпалдастық саласындағы тәжірибелері өте маңызды.
М.Лохеламен әңгіме барысында Мәжіліс Төрағасы екіжақты қарым-қатынасты тұрақты нығайту жолындағы өзара байланыс өте жоғары деңгейде қарқын алып келе жатқанын атап өтті.
М.Лохела өз кезегінде қос мемлекеттің әріптестігін жоғары бағалай келе, парламенттік комитеттер арқылы ықпалдастықты арттыра түсуге ынталылық білдірді.
Мәжіліс Төрағасы халықаралық парламенттік ұйымдар аясында күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің шешімін табу жолында да күш-жігерді үйлестіруге дайын екендігін білдірді.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және келер жылы Финляндия тәуелсіздігінің 100 жылдығы, сонымен бірге, дипломатиялық қатынас орнағанына 25 жыл толатын атаулы күндерді алға тартқан Мәжіліс Төрағасы әріптесін біздің елімізге ресми сапармен келуге шақырды.
Финляндия бизнес өкілдерімен кездесу барысында өндірісшілер конфедерациясы, фин экспортына ықпалдастық, технология мен инновацияны қаржыландыру жөніндегі өкілдермен кездесті.
Жүздесу барысында екі мемлекеттің экономикалық өзара іс-қимылын кеңейту мәселелері талқыға салынды.
Н.Нығматулин өз сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «қазақстандық даму жолының» ерекшеліктері туралы баяндады. Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, Қазақстанда тәуелсіздік алған жылдар ішінде ІЖӨ доллармен есептегенде 20 есе, орташа жалақы 17 есе артып, 2 млн жұмыс орны ашылды.
Н.Нығматулин фин компанияларын 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын бірлесе жүзеге асыруға шақырып, агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту саласындағы мүмкіндіктерді баса атап өтті.
«Қазақстанда басым бағыттарда жұмыс істейтін инвесторлар үшін ұжымдық табыс салығынан, 10 жыл мерзімге жер салығынан, 8 жылға мүліктік салықтардан босату секілді артықшылықтар қарастырылған. Сонымен бірге, нысандар пайдалануға берілгеннен кейін инвесторларға күрделі шығындардың 30 пайызы қайтарылады. Сондай-ақ, өткен жылы әлемнің 35 елі бойынша инвесторлар үшін визасыз режімнің тізімі кеңейтілді. Келер жылға дейін ол тізімнің көлемі 54 елге дейін жетуге тиіс. Олардың қатарында Финляндияның да бар екені өз-өзінен түсінікті», деп атап өтті Н.Нығматулин.
Төраға атап өткендей, халықаралық сарапшылардың мойындауынша, әлем бойынша үздік фискалдық саясаттың бірі Қазақстанда. Дүниежүзілік Банк «Doing Business» рейтингінің (бизнесті жүргізудің жеңілдігін анықтайтын рейтинг) көрсеткіші бойынша Қазақстан 41-орынға көтерілген. «Салық салу» көрсеткіші бойынша 189 мемлекеттің ішінде 18-орында.
Мәжіліс Төрағасының айтуынша, Қазақстан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне фин әріптестерінің қатысуын асыға күтеді. Себебі, Финляндия – Солтүстік Еуропа елдерінің қатарында Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық әріптестерінің бірі. Бұл мемлекет инвестиция көлемі бойынша Солтүстік Еуропа елдері арасында екінші орынға ие.
Қазақстанда энергетика, телекоммуникация, көлік, кен орны, ауыл шаруашылығы, сауда, басқа да салалар бойынша 70-ке таяу финляндиялық компаниялар жұмыс істейді.
Айта кетейік, Қазақстан Финляндияның Орталық Азиядағы ең ірі сауда және экономикалық әріптесі.
Кездесу кезінде финляндиялық ірі кәсіпкерлер Қазақстандағы жұмыс тәжірибелерімен бөлісті. Олардың қатарында тау-кен, металлургия және мұнай-химия салаларына қондырғылар жеткізу мен сервистік қызмет көрсетуге бағытталған компания өкілдері бар.
Бұл – қазақстандық кәсіпкерлер үшін инновациялық технологиялармен танысудың ерекше мүмкіндігі. Себебі, Еуропа бойынша ең инновациялық аймақ танылған ғылыми-зерттеу кластері Финляндияның Эспоо қаласында орналасқан.
Ресми сапар барысында Нұрлан Нығматулин Хельсинки университетінің студенттерімен және ұстаздарымен кездесті.
Екі күнге созылған кездесулерді қорытындылай келе, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин ынтымақтастықты күшейтуге екі жақтың да өзара ынталы екенін баса айтты.
«Өткен барлық кездесулер Елбасымызды және оның барлық бастамаларын Финляндияда өте жақсы білетінін көрсетті. Сонымен бірге, Қазақстанның 25 жыл ішіндегі табыстарын да өте жоғары бағалайды. Осы жолда біздің парламенттердің негізгі міндеті – екі мемлекет президенттерінің стратегиялық келісімдерін сапалы заңдармен қамтамасыз ету», деді Н.Нығматулин.