$ 498.34  519.72  4.85

Мәжілісте үш заң жобасы қаралды

Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы болып, онда үш мәселе қаралды.

Алғашқы болып «Жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Заң жобасының атауына қараған адам Үкімет жәбірленуші адамдардың шеккен зиянын өтейтін қор құратын шығар деп ойлауы заңды. Алайда, бұл қор Үкіметтің есебінен құрылмайды екен. Ол заң жобасы туралы баяндама жасаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың сөзінен белгілі болды.

Заң жобасы тек қылмыстық құқық бұзушылықтардан жәбірленушілердің жекелеген санаттарына ақшалай өтемақы төлеудің құқықтық негіздерін айқындапты. Заң жобасы сол өтемақының ақшалай мөлшерлерін белгілейді. Өтемақыны құқық қорғау органдары тиісті іс-шараларды өткізгенше жәбірленушілерге жасалатын ең төменгі мөлшердегі қолдау-көмек деп атаса да болады екен. Осы өтемақыны кейін, проку­ратура органдары кінәлі адамнан өндіріп алады, деді министр. Одан әрі Б.Сұлтанов қол­­даныстағы Қылмыстық-процессуалдық ко­дек­с­ке сәйкес Қазынашылықта бақылау шо­ты немесе осы қор ашылып, жәбірлену­шіге қолдау-көмек сол шоттан төленетінін жеткізді.

Қаржы министрі өзінің баяндамасында жәбірленушілердің үш санаты болатынын атап өтті. Бірінші санаттағылар – жыныстық зорлық-зомбылық құрбандары болып табылатын кәмелетке толмағандар және адам саудасы мен азаптаулар құрбан­дары; екінші санат – денсаулығына ауыр зиян кел­тірілгендер; үшінші санат – қылмыс­тық құ­қық бұзушылық салдарынан жәбірленуші қай­тыс болған жағдайда оның құқықтық мирасқорлары.

Өтемақының мөлшерлері бірінші санаттағыларға – 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК); екінші санаттағыларға – 40 АЕК және үшінші санаттағыларға – 50 АЕК мөлшерінде.

Министрдің баяндамасының ең «қызығы» сол – бұл қор немесе есепшот алдымен 2 жыл бойы ақша жинақтайды, тек содан кейін ғана алғашқы төлемдерді беру басталатын көрінеді. Ал есепшотқа жиналатын ақша 4 түрлі көздерден құралады: 1) сот салатын тіркелген төлемдер; 2) процестік міндеттерді орындамағаны үшін ақшалай өндіріп алу; 3) түзеу жұмыстары бойынша түсімдер; 4) кінәлі адамнан өтемақыны регрестік қайтарып алу.

Депутат Мұхтар Тінікеев белгіленген өтемақы көлемі келтірілген зияннан анағұрлым төмен болуы мүмкін, оның мөлшерін кім, қалай анықтайды деп сұрады. Оған отырысқа қатысып отырған Бас прокурордың орынбасары М.Ахметжанов жауап берді. Ол төлемақы бір реттік, тек қолдау ретінде ғана берілетінін айтты. Ал келтірілген зияндылықтың нақты көлемін сот анықтап, ол мемлекеттік бюджеттен төленеді, деді ол. Депутат Сәкен Қаныбеков жәбір көрген отбасында бірнеше мүше болуы мүмкін ғой, өтемақы олардың бәріне жеке-жеке төлене ме, әлде бәріне бір-ақ өтемақы беріле ме деп сұрады. Оған министр барлық отбасы мүшелеріне берілетінін айтты.

Депутат Қанат Мусин заң жобасының түрі мазмұнына сәйкес еместігіне назар аударды. Атауына қарағанда, заң жобасы қордың өзі туралы барлық мәселені қамтуы керек еді. Мәселен, оның қызметі, құрылуы, қызметінің аяқталуы, жойылуы және т.б. Алайда, заң жобасында мұндай нормалар жоқ. Екіншіден, заң жобасы Қылмыстық кодекстің тек 62-бабы бойынша ғана жапа шеккендерге өтемақы төлеуді қарастырған. Ал кодексте олардың саны 300-ден артық. Сондықтан заң жобасының атауы затына сай емес деп ойлаймын, осыған сіз қалай қарайсыз деп сұрады. Оған Б.Сұлтанов заң жобасының атауына Қылмыстық кодекстің 173-бабы басшылыққа алынғанын жеткізді. Онда осындай қор құру туралы айтылған екен. Мүмкін біз екінші оқылымға дайындаған жұмыс тобында заң жобасының атауын өзгертерміз, деп жауап берді.

Бұл мәселеге Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин де өзінің пікірін білдіріп, заң жобасының атауын өзгертуді дұрыс деп санайтынын көлденең тартты. Мысалы, жәбірленушіге кейбір қылмыстардың кесірінен алған залалы үшін төленетін өтемақылар деген сияқты атау үйлесетін сияқты. Өйткені, мына жерде ешқандай қор құру туралы сөз жоқ қой. Заң жобасының негізгі мазмұны қор емес, өтемақы ғой. Жалпы, біз заң жобасын әзірлегенде кез келген адам оның нені қарастыратынын бірден түсіне алатындай атаулар беруіміз керек. Ең бастысы, заңдар заңгерлік терминологияны білетін мамандар үшін ғана емес, барлық қарапайым адамдар үшін жазылуы керек қой, деді ол.

Осыдан кейін де бірнеше депутат өздерінің сұрақтарын қойды. Ал қосымша баяндаманы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі М.Махамбетов жасады. Талқылауда депутаттар С.Ахметов, Е.Козлов және З.Балиева өз ойларын ортаға салды. Қорытындысында заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Екінші мәселе бойынша жоғарыдағы заң жобасына ілеспе заң жобасы қаралды. Бұл мәселе бойынша да Қаржы министрі Б.Сұлтанов баяндама жасады. Сұрақ бергендердің арасында депутат Шәкір Хахазов Қылмыстық кодекстің 71-бабына жәбірленушіге ақшалай өтемақы алу құқы білдіріледі деген сөздермен толықтырылғанын айта келіп, егер зардап шегуші жәбірленушілердің екі санатына жататын болса, қайсысына сәйкес өтемақы беріледі деп сұрады. Оған отырысқа қатысып отырған Ішкі істер министрінің орынбасары Е.Тұрғынбаев нақты түсінік бере алмады. Ол тек жәбірленушінің шеккен зардабы үш санаттан асатын болса, сотқа талап-арыз беріп, бюджеттен өндіріп ала алатынын ғана жеткізді. Депутат О.Өксікбаев қорға түсетін ақшаның жұмсалуына кім бақылау жасайды деп сұрады. Оған министр қор арнайы қызмет орны ретінде құрылмайтынын, тек есепшот ретінде болатынын тағы да қайталады.

Бұл заң жобасы да шағын талқылаудан кейін мақұлданды.

Осы күні Мәжіліс депутаттары 1995 жылғы 23 желтоқсандағы Ресеймен Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялауға қатысты заң жобасын мақұлдады. Хаттаманың басты мақсаты – жанама салықтар мен қосарланған салық салу мәселелерін реттеу.

Күн тәртібіндегі мәселелер қарастырылып болған соң депутаттар орталық билік органдарына өздерінің сауалдарын жариялады.

Жақсыбай САМРАТ.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары