$ 498.34  519.72  4.85

Сенат маңызды екі заңды қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен өткен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысында екі маңызды заң қабылданды.

Заң жобалары Мәжілістің қызу талқылауынан өтіп, мақұлданған еді. Сонда да сенаторлар оларды жетілдіре түсті. Алғашқы әңгі­ме Астанадан орынжай алған Халық­аралық ғылыми-техникалық орталық­тың (ХҒТО) қызметін жалғастыру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы жайында өрбіді.

Бұл заң жобасы бойынша баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуына қарағанда, ғылыми орталық туралы бұл келісім 1992 жылы жасалған. Ол бұрын ядролық қаруды жасау және жетілдіру мәселелерімен айналысқан ғылыми ортаның енді бейбіт мақсаттарды көздейтін жо­ба­лармен айналысуын ынталан­дыру мақсатымен құрылған. Алай­да, Ресей Федерациясы, одан кейін Белоруссия оның құрамынан шық­қан. Сол себеп­ті Ресейде болған орта­лықтың штаб-пәтері Астанаға көші­ріліп, қазір «Назарбаев Универ­ситеттің» ғима­ра­тында жұмыс істеп жатқан көрінеді.

Орталықтың қызметін жал­ғас­тыру туралы келісімге 2015 жылы қол қойылып, онда штаб-пәтерді Аста­наға көшіру қарастырылған, енді соны ратификациялау қажет болды. Әзірге орталықтың бір жылда 18 млн теңгеге тең барлық коммуналдық шығындарын университет төлеп отыр екен. Келісім ратификацияланғаннан кейін ол республикалық бюджет есебінен жабылмақшы.

ХҒТО-ның жұмыс бағыты Қазақстанның жаппай қырып жоятын қару-жарақты жасау мен жою бағытындағы саясатына сәйкес болғандықтан, оның қызметіне біз мүдделіміз. Оны 1992 жылдан Еуроодақ елдері, АҚШ, Жа­по­ния сияқты экономикалық жа­ғынан аса қуатты елдер қар­жы­ландыруды қолға алған. Қазақ­станның жылдық жарнасы 100 мың АҚШ долларына тең, деді министр. Өткен жылдар аралығында қазақстандық ғалымдардың жобаларына орталықтың бөлген гранттарының сомасы 75 млн АҚШ доллары көлемінде екен. Бұл – гранттардың жалпы көлемінің 13 пайызы. Бізге тиесілісі аз емес секілді.

Алғашқы болып сөйлеген се­натор С.Плотников жасалған жо­балардың соңғы нәтижелері бақылауға алына ма, олардың іске асырылуынан экономикалық тиім­ділік қаншалықты болғанын анық­тайтын қызмет бар ма? – деп сұрады. Министр бұл сұраққа эко­но­­ми­калық тиімділіктің қанша­лық­ты болғанын немесе бола­ты­нын біз арнайы анық­таған жоқ­пыз, деп шынын айт­ты. Тек бел­гілісі – бұрын жап­пай қырып-жоятын қару-жарақ­пен айна­лыс­қандардың енді бей­біт ғылыми жұмыстармен шұғыл­да­на­тындары. Бірақ олардан эконо­микалық тиімділік бәрібір бар, деді Е.Сағадиев.

Сенатор Е.Сағындықов ХҒТО-дан грант алып, жаңалық аш­қан біздің ғалымдарымыздың зият­керлік меншігі кейін кімге тиесілі болады және осы уақытқа дейін орталықтан бөлінген бар­лық гранттың төрттен үшін алып отырған Ресей Федерациясы оның құрамынан неге шығып кетті? – деп сұрады. Оған ашылған жаңалықтардың авторлық құқы соны ашқан ғалымға немесе ғалымдар тобына тиесілі болатыны айтылды. Келісім бойынша ХҒТО оған таласпайды екен. Ал Ресей Федерациясының ХҒТО қатарынан шығу себебі, бұл елдің сыртқы саясатының өзгеруіне байланысты екендігі жеткізілді. Соның себебінен Батыс елдері мен ресейлік ғалымдардың арасындағы өзара іс-қимылдар қысқарып қалды, деп жауап берді министр.

Сенаторлар заң жобасын тал­қылағанда да біршама белсенділік көрсетті. Соның ішінде сенатор Л.Қиынов ерекше пікір біл­дірді. Оның ойынша, кез келген мемлекет басқа мемлекеттің ғылы­мының дамуына мүдделі емес. Сонымен бірге, 1,5 млн доллар бер­ген халықаралық орталық біздің ғылымымыздың қандай нәти­желері барын біліп отырғаны дұрыс емес екен. «Одан да сол қара­жатты ғалымдарымызға өзі­міз тауып беруіміз керек. Соны­мен бірге, ашылған ғылыми жа­ңалықтың иесі автор емес, кім қаржыландырса сол болады емес пе? Ресей мен Беларусьтің оның құрамынан шығып кетуі де тегін емес, соның себебін әбден тексеруге болатын еді ғой», деді. Алайда, оның қаупін әріптестері қолдамады, заң қабылданды.

Отырыста екінші болып Қа­зақстан мен Тәжікстан арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау мәсе­лесі қаралды. 2015 жылғы 14 қыр­күйекте Душанбе қаласында жа­салған шарттың мақсаты екі­жақты қарым-қатынастарды стра­тегиялық әріптестік деңгейіне шы­ғару болып табылады.

Шартқа сәйкес тараптар әріптеске қарсы бағытталған күш қол­данудан немесе күш қолдану қатерінен тартыну міндеттемесін растайды, тараптар әрі жаһандық әрі өңірлік ауқымда бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақ­сат­ында өзара іс-қимыл жасайды, қазіргі кезеңдегі қатерлер мен қыр көрсетулерге қарсы күш бірік­тіруді үйлестіреді. Шартпен әске­ри, әскери-техникалық, сауда-эко­номикалық, мәдени-гума­нитарлық, азаматтық қорғаныс және энергетика салаларында ын­ты­мақтастықты кеңейту көздел­ген, деді баяндама жасаған Сырт­қы істер министрінің бірінші орын­басары Мұхтар Тілеуберді.

Талқылау барысында депутаттар Үкіметтің назарын Қазақ­стан мен Тәжікстанның сауда-эко­номикалық ынтымақ­тас­ты­ғы­ның әлеуетін толық іске асы­руда мейлінше нысаналы жұмыс жүргізу қажеттігіне аудар­ды. Соның ішінде сенатор Қ.Айта­ханов Орталық Азиядағы су ре­сурстарын басқару саласында біздің елдің мүддесіне сай келмейтін олқылықтар бар екенін жеткізді. Атап айтқанда, Сырдария өзенінің суы нағыз мақта суаратын уақытта берілмей қалыпты. Оның бірінші себебі, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы келісімшарт уақтылы жасалмаған, екіншіден, Қырғызстанның «Тоқ­тағұл» су қоймасынан келетін су Тәжікстанның «Қайраққұм» су қоймасында бері қарай берілмей, 10 күн ұсталынып қалған. Осындай мәселелерге көңіл аудару керек, деді сенатор.

Күн тәртібіндегі мәселелер талқыланып болған соң сенаторлар депутаттық сауалдарын жариялады.

Жақсыбай САМРАТ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары