Мемлекет басшысы Жапония Парламентінде сөз сөйлеуге мүмкіндік алғаны үшін ризашылық білдірді деп жазады Ақорданың баспасөз қызметі.
– Елдеріңіздің Заң шығару жиналысы халық билігінің тамыры терең тарихи дәстүріне ие бола отырып, мемлекеттің демократиялық тұрғыдан табысты дамуына зор үлес қосып келеді. Бүгінгі таңда Жапония көп сала бойынша көш бастап тұр, ол – экономикасының өсімі жөнінен әлемдегі үшінші ел, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті жапон халқының еңбексүйгіштігі мен өзін-өзі жетілдіруге деген құштарлығы елдің өркендеуіне септігін тигізіп отырғанын атап өтті.
– Жапонның «кайдзен» философиясы тек басқару мен технологиялық биіктерді бағындыруға ғана мүмкіндік беріп қоймай, сонымен бірге жалпыадамзаттық құндылықтар қазынасына қосылды. Жапон халқының ойлау жүйесі қазақтардың дүниетанымына жақын әрі онымен үндес екенін айта аламын. Бізді халықтарымыздың қиын да күрделі, кейде тіпті тақсіретті тағдыры тығыз байланыстырады. Қазақстан мен Жапония жаппай қырып жоятын қарудың бүкіл қасіретін бастан өткерді, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық қауіпсіздікті нығайту жолында Қазақстанның атқарып жатқан іс-шараларына тоқталып, ядролық қауіптен ада әлем қалыптастыру үшін бірлесе күш-жігер жұмсаудың маңыздылығын атап өтті.
– Біз Жаһандық антиядролық қозғалыс құруды маңызды міндет деп санаймыз. Біз ұсынған «АТОМ» жобасы да дәл осы мақсатты көздейді. Жапон достарымызды осы бастамаға қолдау көрсетуге шақырамын. БҰҰ Бас Ассамблеясы 2015 жылғы 7 желтоқсанда Қазақстанның ұсынысы бойынша Ядролық қарудан ада әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация жөнінде қарар қабылдады. Біз ұсынған БҰҰ қарарына Жапония да тел автор ретінде қосылды. Сол қарарға сәйкес, менің өз жарлығым арқылы полигонды жапқан күн – 29 тамыз Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жарияланды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Жапония Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың күшіне енуіне қолдау көрсету жөніндегі 9-шы конференцияның тең төрағасы міндетін атқаруға кіріскенін және соған орай тараптар аталған құжаттың тезірек күшіне енуіне қатысты маңызды екі саяси мәлімдеме қабылдағанын еске салды.
Қазақстан Президенті биылғы наурыз айында Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік саммитінде жария еткен өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне де тоқталып өтті.
– Онда мен соғыстар мен қақтығыстардан ада әлемге қалай қол жеткізетініміз туралы ой-пікірлерімді ортаға салдым. Бұған қоса, мен Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін берілетін халықаралық сыйлық тағайындау туралы шешім қабылдадым. Ол біздің планетамызда халықтардың бейбіт қатар өмір сүруін орнықтыруға бағытталған игі қызмет атқарған әлемдік көшбасшылар мен саясаткерлерге құрметімізді білдіруге арналады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы қазіргі таңда ядролық қарудың қолданылу қаупін «қырғиқабақ соғыс» аяқталғаннан бергі қай кезеңге қарағанда да жоғары екенін атап өтті.
– Әлем жаңа ядролық дәуірге бет бұрды. Ол әлдеқайда қатерлі және оның барысын алдын ала болжап-білу мүмкін емес. ХХІ ғасырдың ең күрделі проблемаларының бірі – ядролық терроризм қаупі, сондай-ақ ядролық және радиоактивті материалдардың заңсыз айналымы. Жаһандық ойыншылар арасындағы сенімнің бұрын-соңды болмаған дағдарысы ядролық қаруды қолданудың алдын алу кепілдіктерінің де тығырыққа тірелуіне әкеп соқтырып отыр. Бүгінгі таңда осы ұнамсыз үрдістерді тоқтату үшін барлық жаһандық көшбасшылардың саяси ерік-жігері ауадай қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы өңірлік қауіпсіздік мәселелеріне назар аударып, Азия елдері арасында өзара сенімді нығайтудың маңыздылығын және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті Азиядағы қауіпсіздік пен даму ұйымына айналдыру қажеттігін атап өтті.
– Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап Орталық Азия елдері арасында алғашқы болып Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі міндетін атқаратын болады. Қазақстан мен Жапонияның 2017 жылы Қауіпсіздік кеңесі қызметіне қатысу мерзімінің сәйкес келуі алдағы уақытта өзара іс-қимылды қолға алуға қосымша мүмкіндіктер туғызады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы көптеген жапондықтың тағдыры Қазақстанмен байланысты екенін атап өтті.
– Кеңестік Қазақстандағы қиын кезеңде тағдыры тәлкекке түскен жапон әскери тұтқындарының асқан ауыр жағдайдағы төзімділігі әлі күнге дейін біздің жадымызда. Біз туысқандарының тағдыры туралы білгісі келетіндердің бәріне қажетті көмек көрсетуге әзірміз, – деді Елбасы.
Осыған байланысты, Нұрсұлтан Назарбаев жапон парламенті мүшелеріне лагерьден босағаннан кейін Қазақстанда қалған әскери тұтқын Ахико Тецуроның оқиғасын әңгімелеп берді. Өз Отанына келіп кеткеннен кейін ол біздің елге қайта оралып, отбасымен бірге осында тұрып жатыр.
Елбасы қазіргі уақытта жетекші державалар Еуразия кеңістігінде бірқатар интеграциялық жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтты.
– Бейбіт, тұрақты, гүлденген әрі экономикалық тұрғыдан қуатты Еуразияны қалыптастыру бәріміз үшін тиімді, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы қазір біздің республикамыз бұл идеяны ілгерілету жұмысын жүргізіп, соның ішінде бірқатар инфрақұрылымдық жобаны іске асырып, ЕАЭО-ны және Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасын ұштастыру бағытында жұмыс істеп, сондай-ақ «ЕАЭО – Еуропалық одақ» диалогына бастамашылық етіп отырғанын атап өтті.
Қазақстан Президенті тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде еліміз жоспарлы әкімшілік жүйеден нарық жүйесіне көшіп, ауқымды қайта құрылу кезеңін бастан өткергенін және қазіргі уақытта «100 нақты қадам» ұлт жоспарын қабылдау арқылы маңызды институционалдық реформаларға кіріскенін жеткізді.
– Жобаны іске асыру аясында азаматтық қоғам институты мен экономикасы дамыған үйлесімді саяси жүйесі бар ХХІ ғасырдағы Қазақстанды қалыптастыру көзделген. Мұның бәрі елімізге жаһандық жағымсыз трендтерге лайықты қарсы тұрып, әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосылуға мүмкіндік береді. Осы үлкен мақсатымызға жету жолында Жапониямен арадағы ынтымақтастыққа зор үміт артамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Қазақстан Жапонияның Орталық Азиядағы ірі сауда-экономикалық серіктесі болып саналатынын айтты.
– Біз ғылымды қамтитын салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты арттыруға, сіздің елден озық технологиялар мен ноу-хау тартуға мүдделіміз. Жапония компанияларын Қазақстандағы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына және жекешелендіру жөніндегі ауқымды науқанға атсалысуға шақырамыз. Стратегиялық серіктестік пен елдеріміз арасындағы өзара түсіністік рухы қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Мемлекет басшысы бұл сапар елдеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл толу қарсаңында өтіп отырғанына назар аударды.
– Өзара тиімді іс-қимыл мен жасампаздық сипаттағы сенім Азиядағы жақындасудың кілтіне айналады деп сенемін. Қазақстан мен Жапония халқы бірлесіп, өңірімізді өркендету және халықаралық аренада бейбітшілік пен келісім идеясын ілгерілету ісінде маңызды рөл атқара алады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.