Facebook-те үкімет шешіміне қатысты сыни пікір қалдырған Ресей экономикалық даму министрінің орынбасары Сергей Беляков бірнеше сағаттан кейін-ақ қызметінен қуылды, деп хабарлайды Rbc.ru.
Әлеуметтік желіде ол 2015 жылға арналған зейнетақы жинақтарын алып тастау жөніндегі шешім үшін кешірім сұраған. Бұл шешімді сейсенбі күні аталған елдің үкімет басшысы мақұлдаған болатын. Осыдан соң бірнеше сағаттан кейін Сергей Беляков талқыға салуға болмайтын биліктің қызметіне осындай пікір білдіргені үшін жұмыстан қуылды.
Беляковтың әлеуметтік желідегі бұл пікіріне қатысты алғашқылардың бірі болып мән берген премьер-министрдің баспасөз хатшысы Наталья Тимакова «Егер қатты ұялсаңыз не істеу керектігін білесіз» деген жазба қалдырған. Ал, Беляков болса қарсы жауап ретінде «Біз ұятты сезінуден қалдық. Бұл өте нашар» деген. Алайда, артынша Тимакова өз пікірін өшіріп тастаған.
Дегенмен, Беляков қолдаусыз қалмаған. Оның постына үкіметтің қаржы-экономикалық бөлігінің өкілдері былай пікір білдірген: «Ұятты сезінуден қалған біз емес. Біз ұятты кім үшін сезінеміз, солар шынайылықты сезінуден қалды» деген Қаржы министрлігі салық саясаты департаментінің директоры Илья Трунин.
Осылайша тағы бірқатар шенеуніктердің пікірі топтасқан атышулы посттан кейін Беляков сол күні кешке қызметімен қош айтысқан. Бұл жөнінде Ресей үкіметінің ресми сайтында да хабарланған. Бұған себеп, заң бойынша қарастырылған азаматтық қызметке қатысты шектеулердің бұзылуы болып отыр.