$ 494.87  520.65  4.91

Елордадағы жасанды жолмен ұрықтандыру жайы

Жыл басынан бері елордада 77 отбасы сәби үнімен толықты.
Фото: pixabay
Фото: pixabay

Адамның бір қызығы бала деген, деп Ұлы Абай айтып өткендей бала – өмірдің әрлеушісі. Отбасы құрған екеудің ең басты арманы қашан да бала сүю, артында өзінен кейін ұрпақ қалдыру болып қала береді. Өйткені, әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ, дегендей толыққанды отбасында әрбірінің өзіндік орны мен функциясы бар. 
Әйтсе де, түрлі жағдайларға қатысты табиғи жолмен бала сүю бақыты бұйырмай жүрген жұптар да жоқ емес. Мұндайда экстракорпоральды ұрықтандыру көмекке келеді. Экстракорпоральды немесе жасанды жолмен ұрықтандыру дегеніміз – бедеу әйелдер жүгінетін қосымша репродуктивті технология. Ері мен әйелінен қажет деген генетикалық материалдар алынады да, аналық жазуша зертханалық жолмен ұрықтандырылады. Табиғи жолмен айырмашылығы процестің барлығы денеден тыс жүреді. 

Дегенмен, жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы аңсаған сәбиін бауырына басу кез келгеннің қалтасы көтере бермейтін салмақ. Осы орайда мемлекет тарапынан 2010 жылдан бастап  экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламаларына квоталар бөліне бастады. Бүгінде бұл бағдарлама өз жемісін беріп, мыңдаған жұпқа ата-ана атану бақыты бұйырды. 

Бас қаламыз Астанадағы жасанды жолмен ұрықтандыру бағдарламасының соңғы статистикасы қандай? Сұрағымызға жауап алу мақсатында Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Раушан Арманқызына хабарластық. Раушан Арманқызының сөзінше, бүгінгі күні Астана қаласының өзінде 1300 пациент жоғарыда айтылған процедураға өз кезегін күтіп тұр. 

«Бұл бағдарламаның осы жылдық статистикасын қорытып айтуға әлі де ерте. Өйткені, жүктілік мерзімі тоғыз айға созылғандықтан нақты нәтежиесін көру үшін уақыт керек. Әйтсе де, жыл басынан бері елордада 77 отбасы сәби үнімен толықты. Мұның өзі сүйіншілеуге тұрарлықтай қуанышты хабар».

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Раушан Арманқызы.

Жүкті әйелдер мен фертильді жастағы әйелдерді тіркеу журналына сәйкес бас қаламызда ай сайын жоқ дегенде 50-ге жуық нәресте ЭКҰ процедурасының көмегімен дүниеге келеді. 2021 жылы экстракорпоральды ұрықтандыру жолымен 122 ана сәбиін бауырына басса,  2022 жылы аталмыш процедураға 518 квота бөлінген. 

Мұның барлығы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен жүзеге асырылып келеді. Президент тапсырмасымен үкіметке 2021 жылы «Аңсаған Сәби» бағдарламасын іске қосу тапсырылғаны барлығымызға белгілі. 

«Эко бағдарламасы бойынша квота санын 7000-ға дейін өсіру керек, демек 7 есеге өседі», - деп президент атап өткен еді. 
Президенттің сөзінше балалар мәселесіне келгенде ерекше көңіл бөлінуі керек. Өйткені, балалар мемлекетіміздің табысты болашағының сенімді кепілі. Осы орайда ол әңгіме ұрандар мен мерекелік іс-шаралар туралы емес, ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, балалық шақты қорғау бойынша нақты шаралар болуы керек екенін алға тартты. Мұның барлығы мемлекеттің ана мен бала тағдырына селқос қарамайтындығының тағы бір дәлелі. Әр шаңырақтың астында сәби үні естіле берсін. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары