Қызылорда облысында коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған тағы 6 адамның оны қайдан жұқтырғаны хабарланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қызылорда облыстық әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, олардың алтауы да Шиелі ауданынан тіркелген. Үлкені 1967 жылғы әйел адам болса, одан кейінгілері 1989, 1992, 1998 жылдары дүниеге келген. Сондай-ақ, олардың қатарында 2013, 2015 жылы өмірге келген қыз балалар да бар.
Барлығы бұған дейін вирус жұқтырған адамдармен тығыз қарым-қатынаста болған және карантиндік стационарға жатқызылған. Қазіргі таңда жағдайлары қанағаттанарлық. Науқастар оқшаулау орнында тиісті емдерін қабылдап жатыр.
Еске сала кетсек, Қызылорда облысында 5 сәуірдегі жағдай бойынша коронавируске шалдыққан 37 адам ем алуда. Оның алтауы Қызылорда қаласында тіркелсе, аудандар бойынша Жаңақорғанда – 16, Қармақшыда – 4, Шиеліде – 11 жағдай кездесті.