12.04.2020, 12:35

Дәрігер «темекі коронавирустан қорғайды» деген сыбысқа нүкте қойды

фото: pixabay.com
6-7 жыл шылым шегетін кез келген адамның созылмалы бронхиті болады.

Темекі шегетін адамдар коронавирус індетін сирек жұқтырады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы Блохин атындағы онкологиялық ғылыми орталықтың бөлім меңгерушісі Владимир Левшин айтты, деп хабарлайды Sputniknews.kz, РИА Новости дерегіне сілтеме жасап.

Владимир Левшиннің айтуынша, темекі коронавирустан қорғайды деген ақпаратқа сенуге болмайды. Ғалымдар COVID-19 туралы әлі  толыққанды ақпарат жинап үлгерген жоқ, дегенмен қазірдің өзінде бұл вирус көп жыл шылым шегетіндер үшін аса қауіпті екені сөзсіз, дейді дәрігер.

"Темекі коронавирустан құтқармайды, керісінше науқастың жағдайы нашарлайды. 6-7 жыл шылым шегетін кез келген адамның созылмалы бронхиті болады. Ал вирус жұқтырған жағдайда мұндай дерттің пневмонияға әкелу мүмкіндігі бірнеше есе жоғарылайды", - деді ол.

Оның сөзінше, мұндай жалған ақпаратты темекіге тәуелді адамдар әдейі таратады.

"Бұл жаман әдеттен арыла алмай жүргендер адамдар бар. Өздері темекіні тастай алмайды, бірақ медициналық көмекке де жүгінгісі келмейді. Олар бұл мүмкін емес деп есептейді, сондықтан өмір бойына шылымға тәуелді болады. Ал өздерін ақтап алу үшін осындай "фейк" дүниелерді ойлап табады", - дейді дәрігер.  

Темекі шегу денсаулыққа зиян екенін естен шығармаған жөн. Бұл әдет коронавирустан қорқынышты онкологиялық ауруларға әкелуі мүмкін.