12.05.2020, 02:40

Атырауда облыстық перзентханада жатқан жүкті әйелдер коронавирусқа шалдықты

фото: kaztag.info
Науқас 4 жүкті анамен жақын байланыста болған 15 әйел облыстық перинаталдық орталықтағы арнайы дайындалған 20 орындық провизорлық кереуеттерге жатқызылды.

Атырауда облыстық перинаталдық орталықтағы 4 жүкті әйелден коронавирус анықталды. Аналар шұғыл инфекциялық стационарға жатқылған. Олармен қатым-қатынаста болған ақ халаттылар да жедел оқшауланған, деп хабарлайды baq.kz.

Сондай-ақ, облыстық перзентхана дерттің ошағы ретінде жабылды. Қазір жүкті әйелдерді қабылдамайды екен. Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнафис Таңбаеваның айтуынша, орталықтағы медицина қызметкерлерінің ешқайсысынан инфекция анықталмаған.

«Облыстық перинаталдық орталықта жүкті және босанған 47 әйел бар. Вирус анықталған аналармен тікелей қарым-қатынаста болған 9 медициналық қызметкер Атырау облысының әкімдігі және Денсаулық сақтау басқармасымен бірігіп айқындалған карантиндік орталықтарына оқшауланды.

Сол күні барлығынан сынамалар алынды. Алайда, олардан коронавирус инфекциясы анықталған жоқ. Қазір қызметкерлер 14 күндік үй карантиніне жіберілді. Сонымен қатар, науқас 4 жүкті анамен жақын байланыста болған 15 әйел облыстық перинаталдық орталықтағы арнайы дайындалған 20 орындық провизорлық кереуеттерге жатқызылды. Қазір олардың 9-ы босанды», - дейді Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнафис Таңбаева.