$ 447.4  477.55  4.76

«Коронавирусқа қарсы вакцина дайындау үшін әлі де екі жылдай уақыт керек» - маман (ВИДЕО)

Менің ойымша, келесі жылдан ертерек вакцина шықпайды. Реалистік тұрғыдан қарағанда вакцина 2022 жылы дайын болуы мүмкін.
фото: zhardem.kz
фото: zhardem.kz

Әлемді шарпыған коронавирус пандемиясының нақты емі әлі табылған жоқ. Бірақ соған қарамастан, көптеген елдің ғалымдары COVID-19 вирусына қарсы вакцина іздеп бас қатырып жатыр. Олардың ішінде Қазақстан ғалымдары да бар. Кандидаттық сипаттағы бұл вакциналар әзірдің өзінде клиникаға дейінгі сынақтан сәтті өтіп жатыр. Бәрі жақсы болса, өзіміздің ғалымдар әзірлеп жатқан коронавирусқа қарсы вакцина күзде жаппай сынақтан өткізіле бастауы тиіс, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Алайда мамандардың айтуынша, коронавирусқа қарсы вакцинаның күзге дейін дайын бола қалуы мүмкін емес секілді.  Медицина ғылымдарының докторы, профессор әрі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында біраз жылдар қызмет еткен білікті маман Мақсұт Құлжановтың айтуынша, толыққанды вакцина жасап, коронавирус пандемиясының бетін қайтару үшін кемінде әлі екі жылдай уақыт керек. Ол бұл ойын белгілі журналист Бибігүл Жексенбайға іnstagram желісі арқылы берген сұхбатында айтқан. 

Мақсұт Құлжановтың ойынша, коронавирусқа қарсы вакцина табу – алдағы екі-үш айдың жұмысы емес. «Әрбір институттың вакцина жасаудағы жұмыс сатылары болады. Бір сатыдан да аттап өтуге келмейді. Мүмкін кейбір ғылыми орталықтар осы кезеңдерді қысқартып шығаруы ықтимал. Бұл вакцина шығарудың этикалық зерттеулері де барын атап өту керек. Тарихқа талдау жасасақ, бір ауруға жаңа вакцина жасау үшін 8-10 жыл керек болатынын естен шығармау керек.

Ең бастысы бұл екпе – адамға зақым келтірмеуі керек. Өте қиын шаруа. Қазіргі кейбір ғылыми орталықтар бұқаралық ақпарат құралдарына «вакцинаны тәжірибеден шығардық, клиникалық сатысына көштік» деп жариялап жатыр. Бірақ менің ойымша келесі жылдан ертерек вакцина шықпайды. Реалистік тұрғыдан қарағанда вакцина 2022 жылы дайын болуы мүмкін. Әр елдің ғылыми орталықтары дәріні болсын, вакцинаны болсын сараптайды. Одан өтпеу мүмкін емес. Біздің елде де сондай жұмыс жүргізіліп жатыр», - деп атап өткен Мақсұт Құлжанов.

Оқи отырыңыз: «Коронавирусқа қарсы отандық вакцина күзде дайын болады» - министр

Профессор сонымен қатар, «әлемді дүрліктірген вирус қолдан жасалған, біреулер әдейі таратып отырған ауру» деген сыбыстарға қатысты да өз ойын білдіре кеткен. Айтуынша, бұл табиғаттың құбылысы.

«Covid-19 – өте жұқпалы. Бір адамнан бір адамға тез жұғады. Коронавирус – адамның ағзасын өте қатты зақымдайтын вирус. Мәселен тұмау қауіпті десек те, ол адамның ағзасына қатты зақым әкелмейді. Бұл вирустың өзгешелігі – мұнымен күресу өте қиын. Жаңа вирус болғаннан кейін халық та, медицина қызметкерлері ол туралы білген жоқ. Күн сайын осы вирустың қаншалықты қауіпті екенін біліп отырмыз. Бұл бір. Екіншіден, коронавирустың айналасында әртүрлі әңгіме тарап жүр. Әдейі қолдан жасалған деген пікір де басым. Көбі жалған. Бұл вирустың шыққан уақыты – 2019 жылдың аяғы деп жарияланды. Мүмкін одан да ертерек шыққан болар. Бірақ менің сенетінім – бұл вирус табиғаттан шыққан», - дейді Мақсұт Құлжанов. 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары