Бір жылда Қазақстандағы дәріханалардағы парацетамолдың құны 76,2%-ға қымбаттады. Мұндай мәліметтерді Ұлттық статистика бюросы келтіріп отыр.
Бас ауырып, балтыры сыздаған кісілер дәріхана жағалап кетеді. Керекті дәріні тапқанда бағасын көріп не күлерін, не жыларын білмей қалады. Себебі Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы шарықтап барады. Елімізде тіпті, дәрі-дәрмек бағасының тұрақты болуын қадағалайтын мемлекеттік орган жоқ секілді. Мәселен, қарапайым дәрінің бағасы әр дәріханада әртүрлі, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Дәрі-дәрмек бір жылда қанша пайыз қымбаттады?
Фото: pixabay.com
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бір жылда Қазақстандағы дәріханалардағы парацетамолдың құны 76,2%-ға қымбаттаған. Жалпы, Қазақстандағы желтоқсан айындағы инфляция жылдық мәнде 9,8%-ды, ал 2022 жылдың осы кезеңінде 20,3%-ды құрады.
Бюро мәліметінше, 2023 жылдың желтоқсан айында ғана Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы 1,1%-ға қымбаттады. Парацетамолдан басқа, бір жылда ацетилсалицил қышқылына – 51,4%-ға және белсендірілген көмірге – 26,8%-ға бағаның айтарлықтай өсуі тіркелді. Шығыс Қазақстан облысында 10 мыңға жуық дәріхана бар. Өңірде дәрі бағасын тежеу үшін тиісті басқармалар бірқатар шараларды қолға алуда. Мәселен, тауардың бағасы төмен әлеуметтік дәріханалар бар. Мысалы, ондағы парацетамолдың құны 130 теңге шамасында.
Еске салсақ, былтыр 9 қазанда Парламентте көшпелі дәріхана көрсетілді. Сол кезде Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев «дәріханалар ойына келген бағаны қоя бере ме?» деп мәселе көтерген болатын.
«Денсаулық сақтау министрлігінде әлеуметтік дәрілердің тізімі бар. Енді айта кетейік, мен Сауран көшесінде (Астана қаласы) тұрамын. Сауран көшесіндегі бір ғана тұрғын үйдің өзінде 3 дәріхана бар. Үшеуінде бағалары үш түрлі болады. Ал енді әлеуметтік дәрі болса, неге бағалары бірдей болмайды? Сіздер 5% ғана деп отырсыздар. Дәрі сатып алдым. Терафлюдің бағасы 230 теңгеге шықты. Ал қарап отырсам, нарықтағы бағасы 500 теңгеге дейін барады. Өсім 140-150%-ға дейін. Стрепсис 1 200 теңгеге алдым, бірақ бағасы 1 700 теңгеге дейін барады. Өсім 40%. Ал линекс 230 теңгеге алдым, нарықтағы бағасы 280 теңгеге дейін барады. Өсім 30-40%. Ношпаның өсімі 120-140%-ға дейін барады. Сонда мұны кім реттейді? Кім бағалайды? Ойына келген бағасын қоя бере ме? Әлеуметтік дәрілердің тізімін білейік, халық білсін! Бірақ баға әртүрлі. Бұл қашанға дейін жалғаса береді. Осы мәселені қолға алу керек. Тексерік керек. Дәріхананың бәрі үлкен бизнеске айналып кеткен», - деп айтты Дәулет Мұқаев.
Үкімет дәрі-дәрмек бағасын қайтіп бақылайды?
Үкімет басындағылар 2024 жылы Қазақстанда дәрі-дәрмекті бақылаудың ақпараттық жүйесін іске қосуды жоспарлап отырғанын бұған дейін хабарланған болатын. Бұл цифрлық шешім 5 қаңтар күнгі Үкімет отырысында Премьер-Министр (сол уақыттағы) Әлихан Смайыловқа ұсынылды. Жүйе бір уақытта барлық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Мәселен, медициналық ұйымдарда дәрілік заттарды қайта жазу және жалған есептен шығару мүмкіндігін жою, дәрілік заттардың бөлшек саудадағы бағасын, қалдықтарын және жарамдылық мерзімін қадағалау үшін тиімді болмақ. Бұл жүйе арқылы дәрі-дәрмектің бүкіл республика бойынша толық айналымын өндірілген сәттен бастап қолдануға дейін онлайн бақылауға болады.
Жүйе дәрілік заттардың көлеңкелі саудасының қаупін айтарлықтай төмендетеді және оларды орталықтандырылған сатып алуды тиімді жоспарлауға көмектеседі. Платформада сіз дәрі-дәрмек қорынан таблеткалар санына дейін бақылай аласыз. Осы саладағы ашықтықты арттыру ықтимал контрафактілік өнімдерді анықтауға, сондай-ақ дәрілік заттардың бекітілген бөлшек сауда бағаларын бақылауға мүмкіндік береді.