$ 494.87  520.65  4.91

Сырт қатерінен қорғаныс стратегиясы

Қазір біздер өмір сүріп жатқан қоғамды «нарықтық қатынастар» қоғамы деп сыпайылап атағанымызбен, ол бәрібір капитализм. Ал капитализм нағыз қияң-кескі шайқастар қоғамы.

Бұл қоғамда біреуді-біреу аямайды. Керісінше, біреуді тұқыртып, жеңіске жеткендер байи түседі. Сыпайылап оны «бәсекелестік» дегенімізбен, ақиқатқа тура қарар болсақ, бұл нағыз бақталастық екенін түсіну қиын емес. «Диназаврлар заманынан» өмірге бейімделіп аман қалған тіршілік иесі айдаһарлар екен. Ол су астында да, құрлық бетінде де, сондай-ақ айлап аш жүріп те өмір сүре береді. Ол – ол ма, сынған, түскен тістері 20 айдан кейін қайта шығады екен. Айдаһарлар жер бетіндегі бүкіл ғұмырында тістері 44 рет түсіп, 45 рет шығатын жалғыз тіршілік иесі. Ал онымен жыртқыштық жағынан ешбір аң таласа алмайды. Адамзат қоғамында да табиғаттың осынау қасиеті бар десек, артық айтқандық емес. Ол бір ұлттар құрған мемлекеттердің бір кездері дамып, гүлденіп, енді бір кездері тұқырып қалатыны немесе мүлде мемлекеттіктен айырылатындығы. Айталық, кезінде ежелгі Грек империясы, ежелгі Вавилон империясы, ежелгі Сақтар мен Скифтер империясы, Ассирия мемлекеті ерекше қарқынды дамығаны адамзат өркениетін алға жылжытқаны тарихтан белгілі. Олар дамудың шарықтау биігіне көтерілгенде адамзаттың сөздік қорында «орыс», «орыс мемлекеті» және географиялық картасында «Америка құрлығы» дейтін сөздер мүлде болмаған екен. Ал қазір ше? Бертінде құрлық ретінде табылған Америкадағы бір ғана мемлекет бүкіл әлемге билігін жүргізіп тұр. «Орыстар» мен «орыс мемлекеті» жайлы оқырманға айтып жату артықтау болар. Ал егер Грекияға келетін болсақ, бұл қазір әлемдегі халі ең нашар мемлекет болып тұр. Вавилон империясының мұрагерлері Иран мен Ирактың жағдайы да белгілі. Ассирия мемлекет ретінде қазіргі географиялық картада жоқ. Ассириялықтар ұлттық диаспора ретінде жер жүзіне пышырап кеткен. Қазақстанда да өздерін «ассириялықтармыз» дейтін аздаған топ бар. Бүгінгі Қазақстан болса кезінде дәуірлеген Сақтар мен Скифтердің заңды мұрагерлері. Бұларды, яғни біздің бабаларымыз құрған империяны әлем мойындаған. Ал қазіргі жағдайымызды оқырман өзі біледі, бұдан шығатын жалғыз қорытынды бар, ол – «кешелер – бүгін дұрыс өмір сүру үшін өткен мектеп, жиған азық, бүгін – ертең дүрыс өмір сүру үшін дайындық жасауға берілген уақыт, ал ертең – толып жатқан сынақтар кезеңі». Міне, өмірдің осынау ащы да болса басты шартын түсінбегендер, сол басты шарт бойынша өмір сүрмегендер өше береді, өше береді. Қалатындары –шартты орындағандар.

  Қазір билік тізгінін ұстағандар да, байлар да, кедейлер де «дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатырмыз» дегенді жиі айтады. Өкініштісі сол, бұл сөзді біздің қазақстандықтар әлемдік тауар биржаларындағы мұнай бағасы 45 доллардың шамасына жеткенде айта бастады. Ал біз 2008 жылы АҚШ қор биржасында басталған әлемдік дағдарыс содан бері бір саябырсыған жоқ, керісінше ол қыспаққа түскендер ауқымын көбейтін келеді, деп отандық бұқаралық ақпарат құралдарында талай рет жазғанбыз. Тіпті, 2016-2017 жылдарда бүкіләлемдік дағдарыс екпіні күшейе түсетінін болжап, соған күн ілгері дайындалу қажеттігін де осыдан 2-3 жыл бұрын жазған едік. Бірақ, өкінішке қарай, билік басындағылар қазақша басылымдарды оқымайтындықтан, біздің ол пікірімізге құлақ асқан ешкім болмады. Енді Елбасы атқарушы биліктегі лауазымды тұлғалардың бәрін жинап, «мұнай баррелі 40 доллардан сатылатын кезде не істейміз, соған да дайын болуымыз керек» дегенде «ес жиғандай» болды. Әрине, өткенді сынағаннан пайда жоқ. Сондықтан «енді не істеу керек?» деген сұраққа жауап берген жөн.

  Қазір мұнай бағасы көтеріліп, өткен аптада әр баррельдің құны 62,58 долларға жетті. Сонда жыл басынан бері сатылған мұнайымыздың әр баррелі орта есеппен 54 долларды құрады деген сөз. Әлемдік сарапшылар «мұнай баррелі 56 доллар шамасында болады» деп жатыр. Біз биыл бұл көрсеткіш 70 долларды алқымдайды деп ойлаймыз. Солай бола тұрса да, Дүниежүзілік қаржы-экономикалық дағдарыстың «шарықтау шегі» 2015 жылмен аяқталмайды дегенді ашық айтамыз. 2016-2017 жылдарда дағдарыс күшейе түспек. Өйткені Еуроодақ айналымға ешқандай бюджет кірістерімен қамтамасыз етілмеген 1,14 триллион евроны шығаруды заңдастырды. Бұл жағдайды түзейтін қаражат емес, керісінше бүлдіретін ақша. Өйткені ол негізгі сатып алушы, тұтынушы халықтың қолына түскен жоқ. Эмитент компаниялардың, мемлекеттердің құнды қағаздарына ғана бөлінген ақша. Ал негізгі сатып алушы – тұтынушы ақшасы азайған үстіне азая түсуде. Бүкіл дүние жүзі бойынша қысқартулар жүріп жатыр және ол уақыт озған сайын молая түсуде. Демек, Қазақстан биыл «жылды қалай өткіземін» деп алаңдамай «алдағы нағыз алапат дағдарысқа қайтсек төтеп береміз?» деген сұраққа жауап берумен айналысса, ең дұрысы сол болар еді. Бұл тұрғыдан алғанда елімізде қазірдің өзінде жұмыс істеп жатқан екі бағдарламаға, «2050 стратегиясы» мен «Нұрлы жол» бағдарламасына аса білімділікпен, жанашырлықпен қараған жөн. Бұл бағдарламаларды орындау барысында атқарушы биліктегілер «қайтсек жеп қаламыз?» дегеннен мүлде бойды аулақ салғандары жөн. Өйткені дәл осы екі бағдарлама аясына енетін жобалар ертеңгі дауылдарды өз пайдамызға шешетін «жел диірмен» қызметін атқармаса, барлық еңбектің зая кеткені. Орайы келгенде еске салайық, бағдарламалар инвестициялық қаражатпен толық қамтамасыз етілген. Демек, бізге тек соны мақсатты пайдалану қажет.

  «2050 стратегиясы» отандық экономиканы шикізат бағасының әлемдік базардағы құбылуларына тәуелді болудан қорғайды. Сондықтан біз бұл бағдарлама шеңберіне енгізіліп, өндіріске жолдама алатын жобалардың бәсекелестікке әрқашан да қабілетті экспорттық немесе импорт алмастырғыштық тұрпаттағы тауар шығаруына сенімді болуға тиіспіз. «Бүгін бар да ертең жоқ» жобалар бұл бағдарламаға мүлде енгізілмеуі қажет.

  Сөз орайы келгенде айта кеткен жөн, әлемдік тауар биржаларындағы бағалардың түсуіне байланысты біздің көмірсутектері мен өндірістік металдар өндіруші салаларымызда біраз қысқартулар орын алуы әбден мүмкін. Бұл биыл да, алдағы екі жылда да біз күтетін басты қатерлер. Демек, одан «шығып қалатын» отандастарды жұмысқа орналастыру осы «Нұрлы жол» бағдарламасы болмақ. Өйткені бұл бағдарлама бойынша біздің Қазақстан Алтайдан Атырауға дейінгі кең алқапты еңбек майданына айналдыруды жоспарлаған. Астанадан тарамданатын жол бүкіл облыстар орталықтарына дейін жетеді. Одан әрі шет елдерге шығады. Міне, солардың бәрі халықаралық транзиттік тасымал жолы деген атауға сапа жағынан да, жол бойындағы техникалық, логистикалық қызмет көрсету жағынан да осы заманғы озық талаптарға сай болуы керек. Орайы келгенде айта кетейік, «жол асфальт битумдарын жейтін жемқорлар» біздің елде аз емес. Ондайлар бұл жобалардың маңайына жолатылмаса, атқарушы биліктің дұрыс қызмет еткені.

  «Нұрлы жол» негізінен үш бағытта өріс алады. Біріншісі халықаралық қалыптарға сай қызмет көрсететін жолдар торабы. Ескерте кетейік, бұл жол құрылысы кезінде жүздеген мың адамға мерзімдік жұмыс беретін сала ғана емес, сонымен бірге бірнеше ондаған мың адамға тұрақты және жоғары жалақылы жұмыс беретін ерекше арна. Өйткені халықаралық тасымал дәлізі бойында техникалық және логистикалық қызмет түрлерінен басқа асханалар мен дәрігерлік жедел-жәрдем қызметтері де жұмыс істейтін болады ғой. Екіншіден, «Нұрлы жол» энергетика саласы бойынша да үлкен жұмыстар атқарылатын бағдарлама. Бұл бағдарлама бойынша еліміз Қазақстанды энергиямен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен бірге оны іргелес шет елдерге экспорттауды да жоспарлаған. Демек, бұл саладағы құрылыс кезінде де толып жатқан отандастар уақытша жұмысқа тартылғанымен, нағыз мамандар бұл арнадан да көптеген жұмыс орнын алатын болады. Үшіншісі, тұрғын үй құрылысы саласы. Мұның қаншалықты пайдалы екенін жазып жатудың қажеті жоқ шығар. Сонда атқарушы биліктегі мырзалардың қазіргі есебі бойынша 260 мың отандас жаңа жұмыс орнын табады екен, Яғни, Қазақстан 2015 жылдан бастап елімізде жұымссыздар санын қысқартуға қарқынды кіріскен ел болып шығады. Бір көңіл аударарлық тұс біздің осылай істеуіміз бүкіл экономиканың одан әрі қарқынды дамуына қозғаушы күштей әсер етеді. Біріншіден, жоғарыда айтып кеткен 260 мың отандас сатып алушы-тұтынушы тұрақты жалақы алатын тұлға болып шығады. Бұл – экономиканы алға жылжытатын ең басты локомотив.

  Шығыс даналығы былай дейді екен: «дауыл тұратынын білген қарапайым адам одан қорғанатын дуал тұрғызады, ал білімді адам оның қуатын пайдаланатын жел диірмен салады». Қандай тамаша ақыл. Біз егер алдағы үш жылда осы ақылды естен шығармай жұмыс істесек, онда болашақтың дауылдарын өз пайдамызға шешкен ақылды халық болып шығамыз. Егер бұл бағдарламаларға «тойынып қалатын май шелпек» ретінде қарасақ, онда «өз обалың өзіңе» дегеннің кебінін киеміз.

  Сөз соңында айтарымыз, Үкіметтің осы бағдарламаларды орындауға қатысатын экономикалық салалары түгелдей дерлік жұмысқа кіріскен. Бағдарламалардың орындалу сапасына үш жылдан кейін қандай баға береміз, оны уақыт көрсетер. Ал енді бағдарламалар дұрыс орындалып, сол бойынша пайдалануға берілген жобаларда жұмыс істейтін нақты маман табылмай жатса, бұл Білім министрлігіне сын. Мұны ерекше еске салып отырған себебіміз, бағдарлама шеңберінде өмірге келетін жобаларда біздің бірде-бір оқу орындарымызда оқытылмақ түгіл, оқулықтары да тіркелмеген мамандық иелері жұмыс істеуге тиіс болады. Бұл жөнінде аталған министрлік экономика саласындағы барлық жобаларға зер салып, алдағы үш жылда елімізге қандай мамандық иелері қажет болатынын біліп, соны дайындаумен айналысса, керегі сол. Ал әзірге экономист, журналист, әдебиетші, тарихшы, заңгер мамандарды топ-тобымен өсіріп-өндіріп жатқан отандық жоғары оқу орындары ертеңге қажет іс істеп отыр дей алмаймыз.

  Сонымен, әрбір ертеңдеріміз қатерлерге толы болатынын ұмытпай өмір сүретін қоғамда жүрміз. Бүгінгі Қазақстанда сырт қатерлерден қорғанатын стратегия бар. Оны бүкіл әлем мойындаған. Енді тек сол стратегияны дұрыс жүзеге асырып, оның пайдасын көруге дайын болымыз керек. Солай, ағайын.

Жұмабек ЖАНДІЛДИН,

Халықаралық «Еуразиялық экономикалық академияның» академигі

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары