Иран Ислам Республикасының Мазандаран, Гүлістан, Тегеран, Табриз, Хорасан Разави аймақтарынан және Мешхед қаласынан келген тауар өндіруші компаниялар төрт күнге созылатын көрмеде мұнай-газ өнеркәсібі мен мұнай-химия зауыты, автокөлік өнеркәсібі бағытындағы тауарларды, құрылыс материалдары мен инженерлік-технологиялық қызметтерді, ауылшаруашылығы көліктері мен құрылғыларын, сонымен бірге тамақ өнімдері мен кір жуғыш ұнтақтарын ұсынып отыр.
- «Өздеріңіз білетіндей, Маңғыстау облысы мен Иран Ислам Республикасы аймақтары арасындағы өзара тиімді серіктестік қатынастар 2009 жылы басталған болатын. Маңғыстау облысы мен Иран Республикасы арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамытуға және инвестицияларды тартуға бағытталған бүгінгі көрме де соның бір қорытындысы болып отыр. Екі елдің іскерлік қарым-қатынастарының арқасында Каспий маңы елдерінің арасындағы өзара әрекеттестік деңгейінің өсетініне сенімдімін. Иран Ислам Республикасымен жасасқан сауда-экономикалық қатынастар ирандық бизнестің де, қазақстандық бизнестің де дамуына зор ықпал етеді деп ойлаймын», - деп атап өтті көрменің ашылу салтанатында Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.
22 шілдеге «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Мазандаран аймағының ауылшаруашылығы мен шахта, сауда және өнеркәсіп Палатасы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылатын «Маңғыстау облысы мен Иран Ислам Республикасы аймақтарының инвестициялық мүмкіндіктері» атты екіжақты бизнес-форум өткізу жоспарланып отыр.
Мазандаран аймағын басқарушы губернатор Рабие Фаллахтың бастауымен келген ирандық бизнесмендер делегациясы Маңғыстау облысындағы бірқатар ірі кәсіпорындармен, атап айтқанда, «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағымен, Кендірлі демалыс орынымен және облыстың өнеркәсіп нысандарымен танысады.