$ 498.34  519.72  4.85

Майлы дақылға сұраныс үлкен

Ақ Жайық өңірінде 50 шақты шаруашылық майлы дақыл егумен айналысады.

Күзгі салым, яғни өнім жиналған соң, оларды өткізу қиындық тудыратын. Өткен жылдан бері бұл мәселе шешілгендей. Нақтылап айтсақ, Теректі май комбинаты диқандарға жаңа тыныс сыйлағандай.

Таяуда комбинат басшылығы шаруалармен кездесіп, майлы дақылдарды сатып алу талаптары, қабылдау тәртібі, бағасы туралы айтты.

– Өсімдік шаруашылығындағы ең маңызды бағыттардың бірі майлы дақылдарды өндіру және өңдеу болып табылады. Олар отандық және шетелдік нарықтарда сұранысқа ие, ал болашақта олар үшін сұраныс саны арта түсетін болады. Биыл облысымызда 53,9 мың гектар жерге майлы дақылдар, оның ішінде 38,6 мың гектар күнбағыс егілген болатын. Болжам бойынша 38 мың тонна майлы дақылдарды өндіру жоспарлануда, оның 33 мың тоннасы күнбағыс. Күнбағысты жинау үшін дизель отынының қажетті көлемі бар,-деді жиынды ашқан БҚО әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов.

Айта кетейік, Теректі ауданының Пойма ауылында күнбағыс майын өндіретін кәсіпорынның іргетасы алғаш 2009 жылы қаланған болатын. Аталған кәсіпорынды оның бұрынғы иелері әбден тұралатып, титықтатып тынған еді. 2014 жылы жаңа инвестор табылып, кәсіпорынның миллиардтаған қарызын өтеу және өндірісті техникалық жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Зауытқа екінші тыныс сыйлаған инвестор «БелесАгро» компаниялар тобының жетекшісі Мұрат Жәкібаевтың айтуынша, жобаның жалпы құны 2,3 млрд. теңге, ал жаңғырту жұмыстарына 1,2 млрд. теңге қаржы жұмсалған.

– Жаңадан орнатылған еуропалық құрал-жабдықтар мен заманауи технология өндіріс көлемін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді. Бұрын жылына 20 мың тонна шикізат өндірілсе, қазір ол 45 мың тоннаны құрайды. Зауытта бұрын майлы дақылдардан тек 30 пайыз май алынатын. Жаңа желілер 44 пайызға дейін май алуға мүмкіндік береді. Бұрынғы төрт өндірістік цех желісі жаңа төрт цехпен толықты. Оның ішінде шикізатты дайындайтын, дәнді сығымдап тазартатын, экстракциялайтын заманауи желілер бар, – дейді Мұрат Орынбайұлы.

Өткен жылы комбинат диқандардан 2 қабылдау пукті арқылы 30 мың тонна қабылдаса, биыл 5 қабылдау пунктін ашып, 100 мың тонна қабылдамақшы. Және шаруаларға төленетін қаржы көлемі де өсті. Егер былтыр тоннасы 75 мың теңгеге бағаланса, биыл 110 мың теңге.

Ернар ХАЙДАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары