Бүгінде бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрі, қазіргі С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ректоры Ақылбек Күрішбаев аграрлық салаға қатысты өзекті мәселелерді жиі көтеріп жүр. Тыңдар құлақ болса, ол алға тартқан кемшін-міндердің орындалуы аса маңызды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ақылбек Күрішбаевтың facebook парақшасына бүгін жариялаған жазбасы қазақ шенеуніктерінің президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмаларын орындауға құлықсыздық танытып жүргендерін айқын аңғартып тұр. Толық тоқталсақ, жазба авторы былай дейді:
«Осыдан 17 жыл бұрын ауыл шаруашылығының жас вице-министрі кезімде мен: «Бізден кейін министрлікке жаңа буын менеджерлер келіп, құрған базаны пайдалана отырып, аграрлық саланы сапалы жаңа деңгейге көтереді, ал оны басқару жүйесі эволюциялық түрде дамып, жақсарады» деп ойлайтынмын.
Өкінішке орай, бүгін ол ойымның жүзеге аспағанын және жағдайдың жақсармағанын көріп отырмын. Шын мәнінде, бұндай мәселе басқа да министрліктерге тән жағдай. Жасыратыны жоқ, мемлекеттік қызмет жүйесінде кадрларды іріктеу жұмыстары жеткіліксіз деңгейде жүргізілуде.
Тағы оқи отырыңыз: «Бізде ауыл шаруашылығы саласының білім мен ғылымы өте төмен деңгейде» - Ақылбек Күрішбаев
Ауыл шаруашылығында мемлекеттік менеджерлердің жақсы теориялық білімі ғана емес, практикалық тәжірибесі де болуы керек және олар жергілікті жердегі нақты жағдайды жақсы білуі өте маңызды.
Сонымен қатар, біздің министрліктің тағы да бір әлсіз жағы бар. Ол – оның қызметіндегі сараптау құраушысының жоқтығы. Осы мәселеге ел Президенті Қ.К. Тоқаев бірнеше рет назар аударып, тиісті тапсырмалар берген. Ал сараптау жұмыстарының ғылымға негізделетіні баршаға мәлім. Өкінішке орай, біз тәуелсіздік алғаннан бері қаншама жыл өтсе де аграрлық ғылымды тиісті деңгейде дамыта алмай келеміз.
Нидерланды жер алқаптарының көлемі бойынша Қазақстанға қарағанда 63 есе кіші, алайда, ауыл шаруашылығы өнімдерін бізден 33 есе көп экспорттайды (!). Және айта кетері, ол елде жеке ауыл шаруашылығы министрлігі жоқ. Олардың жетістігінің құпиясы – аграрлық саланың стратегиясы мен даму бағдарламалары шенеуніктердің кабинеттерінде емес, ғылыми құрылымдарда әзірленуінде. Яғни, оны тікелей ғалымдар дайындайды. Осы елдің ауыл шаруашылығындағы қол жеткен ғажайып табыстарының өзегі Вагенинген зерттеу университеті (University of Wageningen) болып саналады.
2009 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тікелей қолдауымен біз шетелдік сарапшылармен бірлесіп, Шортандыдағы А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ҒӨО базасында Халықаралық аграрлық-ғылыми орталық құру жобасын әзірледік. Бұл орталық жетекші аграрлық елдердің озық тәжірибесіне сүйене отырып жобаланған болатын. Мұнда ғылыми қалашықтың құрылысы мен заманауи ғылыми зертханалар құру қарастырылған еді. Сонымен қатар, аграрлық ғылымның бізге қажетті негізгі бағыттары бойынша ғылыми жетекші ретінде шетелдік ғалымдарды тартуды көздегенбіз.
Әрине, бұл жобаны жүзеге асыруға белгілі мөлшерде мемлекеттік инвестициялар қажет болды. Менің ойымша, бұл қаражатты бюджеттен табуға болар еді. Алайда, бұл жоба іске аспай, шетте қалды. Себебі, отандық аграрлық ғылымның заманауи жүйесін ұйымдастыру арқылы АӨК-ін ғылыми қамтамасыз етуден гөрі, шет елдерден біздің жағдайымызға бейімделмеген сиырларды жаппай импорттау маңызды болды.
Тағы оқи отырыңыз: «Ең кем дегенде 7-8 литр сүт береді»: Сапарбаев екі сиырға қатысты сұраққа жауап берді
«Екі сиырға күнің қараса, біттім дей бер!»: халықтық уәждің тоқетері осы болды
«Бес адамға - біреуден»: елімізде қанша сиыр бар?
Кейінірек біздің университеттің ғалымдары UC Davis (АҚШ) және AgriParisTesh (Франция) университеттерімен бірлесе отырып, С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ базасында әлемдегі жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының үлгісі бойынша аграрлық-зерттеу университетін құру бағдарламасын даярлады. Оны Ауыл шаруашылығы министрлігі, басқа да бірқатар мүдделі министрліктер мен мемлекеттік органдардың қарауына жібергенімізге бір жылға жуық уақыт өтті.
Содан бері, тіпті, ел Президенті Қ.К. Тоқаевтың осы жөнінде жеке тапсырмасы болса да, аталмыш бағдарламаны бекітіп, зерттеу университетін құру жұмыстары министрліктер тарапынан зорға жүруде. Кейбір шенеуніктер аграрлық ғылымда осындай өзгерістердің қажеттілігін әлі де талқылауда.
Жуырда Сенатта өткен парламенттік тыңдау барысында ауыл шаруашылығындағы дағдарыс туралы айтылды. Иә, саладағы бүгінгі жағдай шын мәнінде өте күрделі. Менің ойымша, бұл дағдарыс ауа-райының қолайсыздығы мен фермерлеріміздің сауатсыздығынан туындап отырған жоқ. Оның негізгі себебі, ол саланы басқару мен оны ғылыми тұрғыдан қамтамасыз етудегі орын алып отырған түбегейлі кемшіліктерде екені ешқандай күмән келтірмейді».