Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданындағы «Жаңа Аққала Агрофирмасы» ЖШС биыл тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында көкөніс пен жеміс өңдеуді қайта қолға алмақ. Бұл кәсіпорынды 2009 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп іске қосқан еді. Томат пастасын шығарған зауыт үш жылдан кейін-ақ тоқырауға ұшырап, жұмысын тоқтатқан болатын.
2014 жылы қазынадан қаржы қаралып, зауыт қайта бір жыл жұмысын жалғастырады. Бірақ былтыр қайта шығынға батып, жұмысын баяулатады. Осылайша, бір істеп, бір тоқтаған кәсіпорынның наурыз айында басшылығы ауысып, олар зауытқа қайта жан бітіреміз деп отыр.
Биыл зауыт қызметкерлері 300 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен қызанақ еккен. Сондай-ақ, 120 гектар жерге отырғызылған алма бақтан да мол өнім алып, алма езбесін шығаруды жоспарлап отыр.
«Биыл әр гектардан 60 тонна қызанақ аламыз деп отырмыз. Жалпы барлығы 18 мың тонна өнім алу жоспарда бар. Тамыз айының соңында қызанақ жинау басталады. Зауыт арнайы италияндық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Тәулігіне 600 тонна өнім өндіруге қауқарлы», - дейді атқарушы директоры Қуаныш Омаров.
Бұл зауытта 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, ал маусымдық жұмыс кезінде 180 адамға дейін тартылады. Ералы Бейсенов ерте көктемнен бастап жұмысқа кіріскенін айтады.
«Зауыттың тоқтап қалмай жұмыс істегені жақсы ғой. Ауылдағы бос жүрген қаншама жанға екі қолға бір күрек табылады. Әзірге жалақымыз тұрақты», - дейді ол.
Қазір зауыт басшылығы құрал-жабдықтардың кем-кетігін түзеу үшін Италиядан келетін мамандарды күтіп отыр. Тозығы жеткен, ақауы бар аппараттарды ауыстырып, жөндетіп алмақ. Сөйтіп, толығымен іске қосылған кәсіпорында келесі айдан бастап қайта томат пастасы мен алма езбесін шығарамыз деп сендіреді олар.