Бұған дейін Астанадағы ЭКСПО ғимаратында түсірілуі мүмкін деген сурет әлеуметтік желілерде тарап кеткен болатын. Онда ғимаратты тіреп тұрған үлкен темір қаңқаның жарылып, құлайын деп тұрғаны бейнеленген. Алайда, "Астана ЭКСПО-2017" ҰК" АҚ өкілдері бұл фотосуреттің Астанадағы ЭКСПО кешеніне еш қатысы жоқ екенін айтып отыр.
"Мен бұл суреттің қайдан шыққанын білмеймін, бірақ оның біздің ғимараттарға қатысты емес екенін 100 пайыздық сеніммен айта аламын. Ешқандай жарықшақ пайда болған жоқ, бәрі бүтін", дейді компанияның Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Сергей Куянов.
Естеріңізге салайық, былтыр қараша айының орта тұсында ЭКСПО-2017 кешенінде қос ғимаратты жалғап тұрған көпір қирап қалған болатын. "Астана ЭКСПО-2017" ҰК" АҚ басшылары келтірілген шығынның болмашы ғана екенін айтып, оны құрылыс компаниясы өз қаражатына жөндейтінін мәлімдеген еді.