$ 443.35  475.54  4.82

Сәтбаевтың 120 жылдығына орай ғылыми-практикалық конференция өтті

Был қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 120 жыл! Осыған орай ғалымның атындағы №7 мектеп-лицейі «Әлем бас иген ұлы тұлға» тақырыбында аймақтық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды.

Ғылыми-практикалық конференция қатысушылары алдымен мектеп жанынан  ашылған Қаныш Сәтбаевтың мұжайымен, залымен, сондай-ақ, «Әлемнің кіндігі, Үш жүздің бірлігі» атты өлкетану залымен жақын танысты. 

Кейін секциялық бөлімде «Ғылыми-техникалық прогресс: экономикалық өсудің негізгі буыны», «Таза табиғи орта – Қазақстан-2030», «Қазақстанның тарихи ескерткіштері мен саяхат бағыттары», «Экономикалық және әлеуметтік процесстерді математикалық модельдеу» тақырыбында  өз ойларын ортаға салып, жобаларын қорғады. Екінші бөлімде конференцияға қатысқан жоғары сынып оқушылыраы өз қолдарымен жасаған қолөнер туындыларын паш еткен «Ізденіс. Тәжірибе. Даму» көрмесіне қатысты. «Әлем бас иген ұлы тұлға» атты теориялық бөлімде төрт баяндама тыңдалды. 

Кеншілер қаласынан келген №15 орта мектептің мұғалімі Қалдыгүл Есмаганбетова өз баяндамасына Қаныш Сәтбаевтың өнегелі өмірін үлгі етудің жолдарын көрсетсе, Гүлмира Қойлыбаева ғалымның саналы ғұмырынан сыр шертті. Сәтбаев қаласының №7 мектебінің 11-сынып оқушысы Айтолқын Бижанова Жезқазған қаласының Қаныш есімімен тікелей байланысты екенін ашып көрсетті. Қ.Сәтбаев атындағы №7 мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Аяулым Бексұлтанова «Сегіз қырлы, бір сырлы – Қаныш әлемі» атты баяндамасын ұсынды. 

«Әлем бас иген ұлы тұлға» тақырыбында аймақтық ғылыми-практикалық конференцияның қорытындысы бойынша өткен марапаттау салтанатына қатысқан қалалық білім беру бөлімінің басшысы Жеңіс Әлмағанбетов барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, Қаныш Имантайұлының есімі мен еңбектерін мәңгі сақтау әрі ғалымның жолын жалғастыру бүгінгі ұрпақтың еншісінде екенін атап өтті. 

Конференция қорытындысы бойынша  бастауыш сыныптар арасында қоршаған ортаны және адам денсаулығын қорғау секциясында жүлделі І орын сәтбаевтық Дидар Еркінбекке бұйырды. 

Қоршаған ортаны және адам денсаулығын қорғау секциясы бойынша 5-11 сыныптар арасында №13 орта мектептің оқушысы Жомарт Жалил үздік атанды. Физика, техника, жер және космос туралы ғылымдар секциясында №1 орта мектептің 9-сынып оқушысы Мейіржан Райымқұлов қарсыластарынан басым түсті.Математикалық секцияда І орынды кеншілер қаласының намысын қорғаған Ақбаян Сариева жеңіп алды. Бастауыш сынып арасында өлкетану, әдебиет секциясында Малика Қарабай жеңімпаз атанды. Осы бағытта жоғары сынып оқушылары арасынан  Нурия Сұлтансейтованың жолы болды. Этномәдениеттану, әдебиет , тарих, тілтану бағытында Алуа Советова жеңіске жетті. Барлық жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары