$ 444.22  476.38  4.82

Ақтөбе облысының тұрғындары қалдық полигонын жабуды талап етеді

Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Жаңатаң ауылынан жеті шақырым жерде мұнай қалдықтарын төгетін өндірістік полигон бар. Ауыл тұрғындары полигон жақтан жел тұрса, тыныстары тарылып, үйлерінен шыға алмай қалатындарын айтады. Ал облыс әкімдігі полигонның иесін сотқа берген деп жазады Азаттық. 

Ақтөбе қаласынан 300 шақырымдай жердегі Жаңатаң ауылында 500-ге жуық тұрғын бар. Жаңатаңдықтар мал бағып күн көреді. Ауылдағы әрбір екінші үйден төбе-төбе үйілген шөпті көруге болады. Ауыл кеніштердің түбінде отырса да, газ құбыры тартылмаған, көмір жағады. Бірақ Жаңатаң ауылының негізгі мәселесі – газ құбыры емес, ауылдың экологиялық жағдайы.

Тұрғындар ауылдан жеті шақырым жерде орналасқан мұнай қалдықтарын қабылдайтын полигон мен ауыл маңына төгіліп жатқан мұнай қалдықтары экологияны нашарлатып, халықтың денсаулығына зиян тигізіп жатыр деп санайды.

- Қой сойсақ, бауыры жеуге келмейді. Ұсақ малдың бауырын тырнақтай ақ түйін басып кеткен. Тас сияқты түйіндер. Біздің бауырымыздың не боп жатқанын кім білсін?! Төл басы азайды. Өйткені, экологияның нашарлығынан ірілі-ұсақты мал іш тастап жатыр, -дейді ауыл тұрғыны Өмірбек Әпшекенов.

Жаңатаң тұрғыны Мырзалы Байманов ауылдастары арасында ауру-сырқаудың көбейгенін айтады. Ол денсаулықтарының нашарлағанын экологиядан көреді.

- Жаздыгүні аулада ұйықтаймыз. Түнде полигон жақтан иіс шықса, көзіңнен жас парлап, удай аши бастайды. Кейін түшкіресің. Амалсыздан көрпенің астына тығылып қаласың, - дейді ол.

ЖАҒДАЙДЫ ОБЛЫС ӘКІМІ БІЛЕДІ

Жаңатаңның экологиялық жағдайынан аудан мен облыс басшылары хабардар. Ауызша айтқандарынан еш нәтиже болмаған соң жергілікті жұрт аудан-облыс әкімдеріне хат жолдап, ауыл іргесіндегі полигонның жабылуын талап етпек болған. Бірақ бұл әрекеттерінен түк шығара алмағандарын айтады.

- Былтыр осы арада тізім жасап, жастар жиналып еді. Ары қарай келіскен жоқ. Ауыл әкімі ауданға хабарлап жіберген. Түннің ішінде аудан әкімі, ақсақалдар алқасының төрағасы, мәслихаттың хатшысы шұбырып жетіп келді. Бір көтеріліс болатындай. Бәрімізді клубқа жинады. Басу айтты да кетті, - дейді Іңірбай Балжігітов.

Ауыл тұрғыны Қаржаубай Құрмановтың айтуынша, биыл сәуірде ауылға Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев да келген.

- Халық облыс әкіміне де айтты. Ауыл іргесіндегі мал жайылатын жерде полигон бар дедік. Ол барлығымызды тыңдап кеткен. Бірақ [кездесуден] еш нәтиже болмады, - дейді тұрғын.

ӘКІМДІК УӘДЕСІ

Ақтөбе облыстық экология департаментіне ауыл айналасына төгілген мұнай қалдықтары туралы жазбаша шағым түспеген. Департамент өкілі: "Біз әр сайдың тұсына бір инспектордан қоя алмаймыз. Аудан әкімдігі мен ішкі істер бөлімі өздеріне тиесілі территориядағы тәртіпті қадағалауы тиіс" деді.

Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Жандарбек Жаңабай бірер күнде сай-салаға төгілген қалдықтарды жинап, өндірістік полигонға тапсыруға уәде берді.

- Мұнай қалдықтарының бірнеше түрі болады. Жаңатаң тұрғындары Азаттыққа көрсетіп жүрген үйінді сұйық қалдық емес, мұнай өндірісінен шығатын қатты қалдық. Әрине, ол да арнайы полигонда жатуы тиіс. Біз барып анықтадық, тиісті шараларды қолданамыз, - дейді аудан әкімінің орынбасары.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары