$ 449.3  489.69  4.89

Елімізде бензин бағасы тағы да шарықтауы мүмкін

Сарапшылар жанармайдың құбылған құны көтерілмесе түспейді деп отыр. Өйткені, Ресейдің нарығында сәуірде бензин бағасы күрт көтеріледі деп экономистер өз болжамдарын айтты. Оған не себеп? Көрші елдегі қымбаттаудың Қазақстанға қандай қатысы бар? Энергетика министрі Бозымбаевтың сонда «жанармай құны тұрақты болады» деген уәдесі желге ұша ма?

Жыл басында жанармай бағасы биыл жағадан алмайды деген министр Қанат Бозымбав сөзінің қаншалықты жаны бар? Мұнай сақтайтын қор құрылып, тапшылықтан құтыламыз деп қуантқанымен, көп өтпей көпшілікті мұңайтты. Қаңтардың аяғы АИ 92 маркалы отын құны орташа 4 теңгеге бір-ақ көтерілді.

Елді елегізеткен, бірақ қалай аяқталатыны белгілі Америка фильмидеріндегідей Ресейдегі сайлау бірер күн бұрын бітті. Бұл жерде әңгіме Путиннің қанша дауыс жинағанында емес. Науқан кезінде, бір қызығы Ресейде бензин бағасы тұрақтады, нақтыласақ 36 мен 39 рубль аралығында қатты да қалды. Бірақ, сарапшылар бұл дауыл алдындағы тыныштық дейді. Ың-шыңсыз сайлау аяқталғасын, бензин нарығындағы «сойқан» басталады деген сенімде.

 Дмитрий Александров, «Универ капитал» инвестициялық компаниясының басшысы:

- Ресейде биыл бензин бағасы 50 рубльге (260-270 теңге) дейін көтерілуі ықтимал. Нарықта мұнай өнімдерінің акцизі де қымбаттайды. Осылайша, Үкімет бір шетінен бюджет тапшылығын жоюды көздеп отыр. Жанармайдың қымбаттауы ішкі инфляцияға да әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, Ресейдегі баға саясаты көрші елдердегі мұнай нарығына да өз әсерін тигізеді.

Мақұл, бұл көрші елдегі құбылыс, не шаруамыз бар деп көз жұма қарауға болар еді. Бірақ, әлі күнге зауыттарымыз 100 пайыз жанармаймен қамтамасыз етуге қауқарсыз болғандықтан белгілі бір деңгейде Ресейдің мұнайына тәуелдіміз. Әсіресе, егістік науқанында не сиқыры әлде не қырсығы бары мұнай өңдейтін зауыттарымыз жөндеуге жабылады. Сосын көрші елдің өніміне телміреміз де қаламыз. Мәселен, биыл Ресей Қазақстанда науқан кезінде жағылған жалпы отынның 40 пайызын бізге тасымалдады.

Тапшылықты оңтайлы пайдаланған олар бір тонна бензиннің бағасын 517 доллардан 573 долларға бірақ көтеріп, пайдаға қарқ болды. Бұл жағдайдың биыл да қайталанбасына министр Бозымбаевтың өзі әзірге жауап бере алмайды. Отандық Экономистер де ресейлік әріптестерінің болжамдарын құптайды. Сәуірде жанармай құны көтерілсе, қымбатшылық дауылы бізді айналып өтпейді дейді.

Мақсат Халық, «Pro Gente» экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі

- Бұл жерде бір үлкен дүние бар. Алигаполиялық нарық деп айтамыз. Ол жерде біреу, екеу, үшеу ғана қожайындары бар. Олар өздеріне табыс табу үшін бағаны ойнататыны анық. Бағаны келісіп алып, осындай қадамдар жасайтыны анық. Жанар жағармай бағасын 2015 жылдан бері қарай антимонополиялық комитет реттемеу керек деген. Және белгілі бір деңгейде өсіп отыру керек, табиғи өзінің қымбаттауына араласпайды деген шешім бар. Сондықтан әрине Ресейде өсіп жатса бізде де өсетіні орынды.

Қаңтардағы жанармайдың орташа 4 теңгеге қымбаттауын сарапшылар алдағы үлкен қымбатшылық алдындағы тамыр басу деп топшылайды. Егістік науқаны да жақындады. Бұл жолы Бозымбаевтың баға арзандамаса да тұрақты болады деген долбарының қаншалықты шындыққа жанасатынын көп өтпей білерміз.

Дереккөз: KTK

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары