$ 444.22  476.38  4.82

Әлеуметтану ғылымына қосылған жаңа еңбек

Қазақ тіліне аударылған «Әлеуметтану теориясы» атты еңбекте әлеуметтану теориясының туу, даму, қалыптасу кезеңдеріне тари­хи шолу жасалып, бүгінгі көзқарас тұрғысы­нан зерделенеді. Бұл іргелі еңбек үлкен үш бөлімнен, он сегіз тараудан тұрады.

Әлемдік деңгейдегі танымал әлеуметтанушы ғалымдар Джордж Ритцер мен Джеффри Степниц­кидің бірлескен авторлық еңбек­терінің нәтижесінде жазылған «Әлеуметтану теориясы» атты зерт­теуі толықтырылып, өңделіп онын­шы рет қайта басылып шыққан.

«Классикалық әлеумет­тану теориясы» атты бі­рінші бөлімде ерте кезең­дегі әлеуметтік ойлар мен әлеуметтану  ғылымының  негізін  қалаған сол дәуір­дегі әйгілі классик тео­рияшылардың өмірі мен еңбектері, көзқарастары қазіргі заманғы теория­лармен сабақтас­тырыла қарастырылған.

«Қазіргі заманғы әлеу­меттану теориясы: негізгі мектептер» деп аталатын екінші бөлімде кейінгі кезеңдегі әлеуметтану тео­риясы­ның мәселелері, осы уақытта қалыптасқан мек­тептердің өкілдері мен олардың мақсаттары, ұста­нымдары, бағыттары тәрізді тарихи мән-мағынасы пайымдалған.

«Модерндік теориядан постмо­дерндік әлеуметтік теорияға дейін (және одан кейінгілер)» атты үшінші бөлімге жаһандану, струк­турализм, постструкту­рализм және модернизм, постмодерндік әлеу­меттік теория, XXІ ғасырдағы әлеуметтік теория сынды қазіргі әлеуметтік теория­лар арқау болған.

Аталмыш басылымның тағы бір ерекшелігі әлеу­меттану теория­сының ерте кезеңдегі тарихы (1-тарау) мен осы саладағы соңғы зерттеулерді (6-тарау) қам­титын екі тарихи тарау енгізілген.

Мәтін тым ұзақ әрі ауыр бол­мау үшін кейбір бөлімдер қайта жазылған. Осы тараулар студент­терге әр теорияшының жұмысын тарихи, әлеуметтік және саяси тұрғыда зерделеуге мүмкіндік беретін шолу ретінде ұсынылған. Онын­шы басылымға бірқатар маңызды жаңа материалдар мен қосымшалар енгізіліп, сілтеме­лермен толық­ты­рылған.

Бұл жәйт әлеуметтану теория­сының үнемі дамып, жетіліп, жаңарып отыраты­нына бірден-бір дәлел. Басылымға енгізілген негізгі өзгерістер мен жаңа толықтыру­ларға біраз мысал келтіре кетейік.

Бірінші және он бесінші тарау­ларға отаршылдық мәселесі арқау болған. Жаңадан енгізілген мате­риал отаршылдықтың маңы­зын, оның зардабы мен салдарын ашып көр­сету үшін қосылды. 1 және 6-тараулардағы уақыт кесте­лері жаңа материал­дармен толық­тырылып, 1-тараудағы уақыт кестесі жаңа әрі талдауға оңай формада берілген.

Кітаптың І бөліміндегі 2–5-тараулардың соңы  заманауи қо­сым­шалармен толықтырылды. Бұл қосым­ша студенттердің қазіргі за­манғы классикалық тео­рияның өзектілігін түсініп, қабылдай білулеріне сай бейімделген. Басы­лымдағы жаңа қосымша­лардың әр­қайсысында класси­калық теория­лық тұжы­рымдама­ларға негіздел­ген соңғы екі-үш зерттеу қорытын­дыланған.

Уақыт талабына сай бұл басы­лымға енген қосым­шалардың сипа­ты өзгеріп отырса да, авторлар тара­пынан қазіргі әлеумет­танудың негізгі мәселелері болып саналатын нәсілшілдік, интернет, тұтыну және қоршаған орта тәрізді тақырыптар арқау болған. 3-тарауда фран­цуз­дық әлеуметтанушы әрі саясат­танушы ғалымдар Э.Дюркгейм мен Г.Тардтың пікір-таластарына қатыс­ты жаңа материалдар, соны­мен қатар Э.Дюркгеймнің еңбек­теріне айтылған сын-пікірлер де  қам­тылған.

Г.Зиммельдің еңбек­теріне ар­налған 5-тарау оның кейінгі уақыт­тарда аударылған жазбалары­нан алынған материалдарды қамту үшін жаңартылды. Бұл қосымша өте маңызды, себебі ол «өмір» ұғымын енгізеді, сондай-ақ Г.Зим­мельдің жалпы теориясына осы ұғымның қалай әсер еткені зерделенеді.

Ал 6-тарауда ерте кезеңгі әлеу­меттік ілім негізін қалаушы әйел­дер мен  У.Дюбуаның еңбек­тері бүгінгі көзқарас тұрғы­сынан қарас­тырылады. Аталмыш теория­шы ғалым­ның Атланта әлеу­меттану мектебінің дамуына қосқан үлесі жайындағы талдау жан-жақты пайымдалады.

Заманауи феминистік теория­ның өзекті мәселе­лерін арқау еткен 12-тарау оқулықты мазмұндық жа­ғы­нан анағұрлым байытып қана қоймай, теориялық қасаңдықтан арылуға да айрықша ықпал еткені сөз болады.

Аталмыш басылымның ең маңызды жаңа қосым­шасы – нәсіл­шілдік пен отаршылдық теориясына арналған 15-тарау. Бұл тарауда нәсілшілдік пен отар­шылдық теориялары­мен қатар, жергілікті ха­лық­тың заманауи теория­лары туралы мәселелер қамтылған бөлім де қам­тылған. Құрылымдық функционализм, жүйелер және конфликт теориясы­на арналған 7-тарау мен квир теориясы арнайы сөз бола­тын 18-тарау да осы басы­лымның негізгі жаңалық­тарының бірі деп білеміз. Тұтынушы қоғамын зерт­теу­дегі ең соңғы жаңалық­тарға сүйене отырып, 18-тарауға өндіріп-тұтыну теориясына қатысты ар­найы бөлім енгізілген. Бұл бөлім интернет және өн­діріп-тұтыну­шылар қоз­ғалыс­тарының қазіргі капита­лизм­нің сипатын өзгерту жолдарын баяндай­ды. Осылайша барлық мәтін қазіргі жаңа көзқа­рас­тарға сай қайтадан жаңартылған.

Теорияның  ерекшелі­гі – оның сабақтастығы мен әрдайым өзгеріп оты­ратын сипатында. Автор­­лар әлеу­мет­тану теориясы­ның осы және өзге де ерек­шелік­терін оқырмандарға әсерлі болу үшін хроно­логиялық реттік кезең­дер бойынша беруге тырысқан.

Қазіргі сәтте балансты өндіріп-тұтыну формасы алдыңғы қоғам­дарға қара­ғанда кеңірек таралғанын айта кету абзал. Бұл жәйт­тің адамзатты өндіріп-тұтынудың жаңа тәсілде­ріне бейімдегеніне бірден-бір мысал дейді автор. Дж.Ритцер мен Д.Степниц­ки өндіріп-тұтыну­дың жаңа мәніне айрықша ықпал еткен бірнеше тарихи фак­торларды атап көрсетеді. Мысалы, қызмет көрсету индустриясының өсуі және постмодерндік теория­ның пайда болуы өндіріс пен тұтыну сияқты екі жағ­дайдың тұтастығы ара­сындағы айырмашы­лық­тарды азайтты.

Бұл тарихи факторлар ішінде ең маңыздысы – өндіріп-тұтынудың жаңа мәнін айқындайтын ком­пью­терлер мен интернет сияқты техно­логияларды дамыту болып отыр.

Дж.Ритцер тұтынуды бірден көбейту мен басқару сияқты пара­метрлерді талдау арқылы тұтыну тәсілдерінің тұжырым­дамасын жасады. Бұрынғы идеяларды кеңейте отырып, оның қазіргі таңдағы теориялық-тәжірибелік қолданысының аясын кеңейтіп, жаңа сапалық деңгейге көтерді. Өндіріп-тұтынудың жаңа тәсіл­дерін жеңілдететін материалдық технологиялар: 3D прин­терлер, сканерден өткізу машиналары, банкоматтар және адамдарға үйде оты­рып-ақ өздерінің маңыз­ды органдарын бақылауға мүмкіндік беретін меди­циналық құрылғы­ларды адамзат игілігі үшін қолдануға болатынын атап көрсетеді. Бұл мысалдардан бөлек, өндіріп-тұтынудың жаңа мәні көбінесе цифрлық техно­логияларға байланысты екеніне айрық­ша тоқталып өтеді. Мате­риалдық тұрғыдан алғанда, бұл әлдеқайда ауқымды және өндіріп-тұтынуды аралас жүргізуге мүмкіндік береді. Travelocіty, eBay, Facebook, Fourquare, YouTube және Etsy сияқты интернет-сайттар осыған мысал бола алады. Бұл іс жүзінде өндіріп-тұтынудың жаңа тәсіл­дерінің көпшілігі материалдық және сандық элементтерді бірік­тіретінін білдіреді. Олар материал­дық және сандық тұрғыда кеңей­тілген деңгейде жұ­мыс істейді. Сонымен қатар, Дж.Ритцер адамзат өндіріп-тұтынуды таяу арада «ақылды өндіріп-тұтыну машина­лары» ар­қылы шеше алады деп болжайды. Қазіргі техноло­гиялар өндіруші-адамның тікелей қатыс­уын­сыз бір мезгілде өндіруге және тұтынуға бағытталған. Бұған мысал ретінде адам денесін «оқып», олардың қозғалысын қайталайтын нанотехнологияларды (Fіtbіt және смартфон) мысалға келтіреді.

Дж.Ритцер: «Көпшілік үшін белгілі смартфон өзінің ішінде деректерді жинайды және анонимді түрде осы деректерді «көлемді дерек» жинайтын компьютер­лерге жібереді», – дейді. Ол  бұл ғылыми-технологиялық мәні бар тұжырымы арқылы ақылды машиналар интер­нет көмегі арқылы бір-бірімен байланыса отырып, пайдалану­шылардың араласуын­сыз-ақ, адам үшін шешім қабыл­дайтын дисто­пиялық бола­шақты сипаттайтынын баяндайды. Өндіріп-тұтыну маши­насына назар аудара отырып, осы тараудың алдыңғы бөлімдерінде талқыланған кейбір озық идеялар мен «өндіріп-тұтыну» теориясының өзара сабақтастығына тағы бір мәрте көз жеткіземіз.

Бұл еңбекте әлеуметтану тео­рия­­сының мәселелері туралы сту­денттердің білуіне тиісті маңызды деректер қамтылған. Теорияларды өмірден алынған мысалдармен байланыстыра отырып, тереңірек талдау үшін ақпараттық және әлеуметтану тарихындағы әйгілі ойшылдар туралы мәнді библио­графиялық шолулар да берілген. Оқулықтан әлеуметтану мен оның теориясына байланысты туындаған көптеген сауал­да­рыңызға толықтай жауап ала аласыздар. Оқулық әл-Фара­би атындағы  Қазақ  ұлттық  уни­вер­ситетінің Әлеуметтану  және әлеуметтік  жұмыс  кафедра­сын­да ғылыми редакциядан өткен.

КЕРЕК ДЕРЕК

Кітапты баспаға әзірлеген – Ұлттық аударма бюросы.

Аудармашылар – Г.Әбдікерова, Д.Бұрханова, С.Серікжанова, С.Дүйсенова, А.Мырзабекова.

Әдеби редактор – А.Ауанова, К.Сәбит, Т.Сәукетай.

Ғылыми редактор – Г.Әбдірайымова.

Жауапты редактор – Г.Әбдірайымова, З.Башбаева.

Жауапты шығарушы – З.Зақанқызы, Д.Мұхамадиев.

Пікір жазғандар – З.Шаукенова, Ш.Жаманбалаева.

Анықтама үшін:

Джордж Ритцер – америкалық әлеуметтанушы, Мэриленд университетінің беделді профессоры. Жаһандану, метатеория, тұтыну үлгілері, қазіргі және постмодернистік әлеуметтік теорияны зерттеуші ғалым. Оның кітаптары әлемдегі жиырмадан астам тілге тәржімаланған, соның ішінде «Қоғамды макональдандыру» кітабының ғана оннан астам аудармасы бар. Мәртебелі атақ-дәрежелері: Австралияның Мельбурн қаласындағы Ла Тробе университетінің құрметті докторы; Дублиндегі Тринити колледжі Университеттік философия қоғамының Құрметті патроны; Америкалық әлеуметтанушылар қауымдастығының білім беру ісіне зор үлес қосқан. Америка әлеуметтану қауымдастығының төрт секциясын – теориялық әлеуметтану, ұйымдар мен кәсіптер, әлеуметтану тарихы секцияларына жетекшілік еткен. Ғаламдық және трансұлттық әлеуметтану секциясының бірінші басқарушысы.

Джеффри Степницки – Альбертадағы (Канада) МакЭван университеті әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі, доцент. Классикалық және қазіргі социологиялық теориядан дәріс береді. Әлеуметтік теория мәселелеріне байланысты көптеген ғылыми еңбектер мен мақалалардың авторы.

Дәурен МҰХАМАДИЕВ,
«Ұлттық аударма бюросының» редакторы, филология ғылымының кандидаты, «Әлеуметтану теориясы» оқулығының жауапты шығарушысы

Дереккөз: «Алматы ақшамы»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары