$ 446.49  475.38  4.79

Елімізде былтыр 767 шақырым жол салынып, пайдалануға берілді

Өткен жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 767 шақырым жол пайдалануға берілді. Жобаны жүзеге асыруға 75 мың адам жұмылдырылды. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек халық алдындағы есебінде айтып өтті.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық маңызы бар 920 шақырым автокөлік жолдарындағы жөндеу жұмыстары аяқталды, сондай-ақ, оның 767 шақырымы пайдалануға берілді.

«Жобаны жүзеге асыру үшін 75 мың адам жұмылдырылды. 2017 жылы бөлінген қаржы есебінен 7 өтпелі жобалардың жұмысы жалғасып (Астана-Қарағанды, Орталық-Шығыс, Бейнеу-Ақтау, Орталық-Батыс, Қапшағай-Талдықорған, Астана–Петропавл және Орал-Каменка), жыл соңында соның 602 шақырымындағы жұмыстар аяқталады деп жоспарланып отыр», - деді министр.

Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 3,2 мың шақырымды құрайтын 15 жаңа жобаның құрылысы басталмақ. Жалпы алғанда, биыл 4,4 мың шақырым жолға жұмыс жүргізіліп, 100 мың адам жұмылдырылады.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Елбасы жариялаған «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауынан туындайтын бағдарлама елдің макроөңірлерін біріктіру және хаб қағидаты бойынша бірыңғай нарықты қалыптастыруға негізделген жаңа экономикалық саясатты іске асыруға бағытталып отыр.

Ең бастысы, бағдарлама экономика өсіміне жағдай жасай отырып, қазіргі бар жұмыс орындарын сақтайды және жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз етеді, іскерлік белсенділікті, өнімділікті және елдің транзиттік әлеуетін арттырады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары