$ 498.34  519.72  4.85

Халықтың ақпаратқа қолы жетімді ме?

Әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына енуді көздейтін бес институттық реформаның бір бағыты – «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» деп аталады. Шындығында, Елбасы айқындаған «100 нақты қадам» – бұл бір жағынан жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап болса, екінші жағынан жаңа тарихи жағдайларда дамыған мемлекеттердің отыздығына ұмтылу жоспары болып табылады. Ендеше, халыққа есеп беретін мемлекетті қалыптастыру – елімізді жаңғыртудың жарқын жолына айналатыны сөзсіз.

Биыл «100 нақты қадам» төңірегіндегі заңнамалық жұмыс бағытында 94, 95, 96-қадамдарды іске асыру мақсатында «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын. Заңның негізгі өзегі Елбасының тапсырмасына сәйкес, «Ашық Үкімет» бастамасын жүзеге асыруды көздейді. Бұл бағытта Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердің тәжірибелері талданып, халықаралық маман-сарапшылардың ұсыныстары ескерілген. Соның ішінде Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Ресей тәжірибелері сараланып, еліміздің қалыптасқан басқару жүйесінің ерекшеліктеріне мән берілді, озық үлгілер назарға алынды.

Ал, 2016 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енген «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң нормаларында қамтылған жаңалықтарға келсек, бірінші кезекте азаматтар үшін ақпараттарды алуға шектеу қойылмайтын салалар нақты айқындалып, олардың тізімі алғаш рет заң деңгейінде қамтылды. Атап айтқанда, азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қатер төндіретін төтенше жағдайлар мен апаттар, санитарияның, демографияның, көші-қонның, білім берудің, мәдениеттің, әлеуметтік қорғаудың, сондай-ақ қылмыстық ахуалдың жай-күйі, терроризм актілері, экологияның, өрт қауіпсіздігінің жай-күйі, санитарлық-эпидемиологиялық және радиациялық жағдай, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі, жеке және заңды тұлғаларға мемлекет беретін артықшылықтар, өтемақылар мен жеңілдіктер, Ұлттық банктің алтын-валюта қорының мөлшері, мемлекеттік құпиялардан басқа нормативтік-құқықтық актілердің мәтіні мен олардың жобаларын қамтитын ақпараттар туралы мәліметтерге ешқандай шектеу қойылмайды, яғни бәрі де халыққа қолжетімді болуы керек. Осыған байланысты, барлық мемлекеттік органдар заңда қамтылған тізім бойынша азаматтар тарапынан келіп түскен сауалға қатысты ақпарат беруден жалтара алмайды, тіпті шығарып салма жауап бере алмайтын болады. Бұл – заң талабы.

Ал ақпарат алушы халықты ақпаратпен қамтамасыз етудің жолдарына келсек, оның да нақты тәсілдері айқындалған.  Мәселен, азаматтардың сұрау салуы бойынша, мемлекеттік органдар орналасқан үй-жайларда және осы мақсаттарда бөлініп берілген өзге де орындарға ақпаратты орналастыру арқылы беріледі. Қысқасы, әр азамат заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпаратты еркін алу және тарату жөніндегі конституциялық құқығын іске асыра алады. Және бір мысал, бұдан былай азаматтар ауызша сұрау салу арқылы мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелері, пошталық және электронды мекенжайы, анықтама қызметтерінің телефондары, сондай-ақ олардың басшылары туралы мәліметтер, ашық конкурстық сауда-саттықтар (аукциондар, тендерлер) өткізу уақыты мен орны, бос қызметтік орындар туралы мәлімет беретін мекеменің телефон нөмірлері секілді ақпараттарды алуына болады. Бұған дейін азаматтар үшін мұндай ақпараттарды ауызша сұрап алу оңайға соқпайтын, тіпті еш мүмкін еместей де көрінетін. Ендеше, жаңа заң арқылы жағдай өзгеріп, заман да жаңғырады.

Жаңа заңнамаға сәйкес, мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында, ресми сайттарында халыққа қажетті ақпараттар толық қамтылуы тиіс. Тіпті, Парламент палаталары отырыстарын, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың өкілетті органдарының отырыстарын, мемлекеттік органдардың жыл қорытындылары бойынша өткізілетін алқа отырыстарын интернет-ресурстарында онлайн режимі арқылы ашық көрсетуді қамтамасыз ету арқылы ақпараттар ашық жеткізіледі. Қорғаныс министрлігінен басқа барлық орталық атқарушы мемлекеттік органдар, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган басшыларының, әкімдердің және ұлттық жоғары оқу орындары басшыларының есептерін тыңдау мен талқылаулар ашық түрде өткізіліп, пайдаланушының қалауынша ақпарат толығымен берілуі міндеттелді. Ал оны мемлекеттік мекемелер қаншалықты орындап жатыр? Өкініштісі сол, бүгінде орыстілді аудиторияға қарағанда қазақтілді ортаның ақпаратқа қолжетімдігі кемшін түсуде. Себебі ә дегенде ақпараттың дені орыс тілінде жарияланып, қазақ тіліндегісі кешеуілдеп жарық көреді. Сорақысы, тікелей аударма арқылы берілген мәтін жолдарын қарапайым халық тұрмақ, шенеуніктердің өзі түсінбейтін сияқты. 

Тағы бір маңызды мәселе – азаматтар ендігіде ашық ақпаратты алудан бөлек, заң жобаларын, бюджет жобаларын талқылауға қатысып, өз ұсыныстарын енгізіп, мемлекеттік органдардың қызметін бағалау мүмкіндігіне ие. Бұл үшін Елбасының «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы да шыққан болатын. Сарапшылардың болжауынша, осы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңның арқасында Қазақстан азаматтары үшін ақпараттың 70 пайызы ашық, қолжетімді бола түспек.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда ақпараттық қызметтің 40 пайызы қолжетімді емес. Сонымен қатар, ақпараттың 40 пайызы ашық, 20 пайызы құпия ақпараттар болып табылады. Дегенмен, осы заң арқылы біз азаматтар үшін ақпараттардың басым бөлігіне, шамамен 70 пайызға дейін, ашық қолжетімділік болады деп болжаймыз», – дейді Мәжіліс депутаты, Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның «Ашық Үкіметті» енгізу жөніндегі Кіші жұмыс тобының жетекшісі Мәулен Әшімбаев. Оның айтуынша, ендігіде ақпаратты ұсынудан бас тартқан немесе қасақана жалған ақпарат берген тұлғаларға жауапкершілік те қаралады. Яғни, жеке немесе заңды тұлға қандай да бір мемлекеттік органға ақпарат алу үшін сұрау салса, ал ақпарат оған берілмесе, сонымен бірге ақпарат бермеуге еш негіздер көрсетілмесе, не болмаса сұрау салынған ақпарат бойынша жалған ақпарат берілсе, ондай тұлға жауапкершілікке тартылады. Бұл норма мемлекеттік құрылымдарды ғана емес, бюджеттің қаражатын алатын әрі азаматтар үшін қажетті ақпараттар иеленетін жеке бизнес субъектілерін де қамтиды.

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң нормаларының қолданысын толыққанды қамтамасыз ету үшін 8 заңға тәуелді акті, 4 Үкімет қаулысы, 4 министр бұйрығы қабылданған. Орталық мемлекеттік органдардың 17 интернет-ресурсына бағалау жасалып, олардың Заңға сәйкестігі тексерілген.

Инвестициялар және даму министрлігінің айтуынша, қазіргі таңда «Ашық Үкімет» аясындағы «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталы арқылы 1455 нормативтік-құқықтық акті бұқаралық талқылауларға шығарылды. «Осыдан бір апта бұрын бұл 1416 жоба болса, бір апта ішінде құқықтық актілер толығып жатыр. Яғни, мемлекеттік органдар тарапынан жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бұдан бөлек, «Ашық бюджет» порталына жыл басынан бері бюджеттік бағдарламаларға қатысты 82 есеп орналастырылды. Қазір бюджетті қалыптастыру жүргізіліп жатқаны белгілі. Сондықтан да «Ашық бюджет» порталына қойылатын есептер саны айтарлықтай өседі», – дейді С. Сәрсенов. Вице-министрдің айтуынша, бюджет жөніндегі халықаралық әріптестіктің бағалауы бойынша Қазақстан бюджеттің ашықтығы индексі бойынша 100 балдың 51-балына ие болып отыр. Орташа әлемдік көрсеткіш 45 балл болып табылатынын ескерсек, еліміздің көрсеткіші жағымды сипатқа ие. Бұдан бөлек, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының блог-платформасына 2012 жылдан бері 193 578 өтініш түскен. Олардың 141 772-іне жауап берілді. Яғни, бұл 73,2 пайызын құрайды. Алдағы уақытта «Ақпаратқа қол жетімділік туралы» заңға сәйкес, мемлекетттік органдар келіп түскен сауалдарға жауап беруге міндетті болатыны белгілі. Сондықтан да бұл көрсеткіштің 100 пайызды құрайтыны алдағы күннің еншісіндегі мәселе.

Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның «Ашық Үкіметті» енгізу жөніндегі Кіші жұмыс тобының отырысының мәлімдеуінше, заңның орындалуына арнайы мониторинг жүргізілмек. «Заңды қабылдауға бәріміз атсалыстық. Енді мемлекеттік органдар тарапынан оның қалай орындалатынын бақылауға тиіспіз. Жұмыс тобы аясында «Ақпаратқа қол жетімділік туралы» заңның орындалуына қатысты үдерістерді бақылайтын боламыз», – деген М.Әшімбаев заңның орындалу барысында жұмыс істемейтін нормаларды анықтауға, құқықтық олқылықтарға, кемшіліктерге, заңдағы нормалық жетіспеушіліктерге мән берілетіндігін жеткізді.

Демек, елге есеп беретін мемлекеттің заңнамалық тетігі іске қосылды. Ендігі міндет – оның сапалы орындалуын қамтамасыз етуде тұр. 

Динара Мыңжасарқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары