Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – «100 нақты қадам» бағдарламасы «2050-Стратегиясын» жүзеге асыру мен Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға бағытталғаны белгілі. Бір сөзбен айтқанда, «100 нақты қадам» – бұл бір жағынан жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап болса, екінші жағынан жаңа тарихи жағдайларда дамыған мемлекеттердің отыздығына ұмтылу жоспары болып табылады.
Осы аптада Мәдениет және спорт министрлігі мен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Ұлт жоспарындағы жүзеге асырылуы тиіс бірқатар мәселелердің орындалу барысына кеңірек тоқталды. Атап айтқанда, бүгінде «100 қадамның» 85, 86, 87 қадамдар орындалды. Ал оларға жеке тоқталатын болсақ, 85 қадамда тілге тиек етілген «Мәңгілік ел» патриоттық актісін Қазақстан халқы ассамблеясы әзірлеп, бекіткен болатын.
«100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 85-қадамында «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін бекіту туралы міндет қойылған еді. Қадам орындалып, Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа мақсаты мен миссиясы айқындалды. «Мәңгілік ел» жалпы ұлттық патриоттық идеясы заңнамалық деңгейде жұмысқа кірісіп кеткеніне екі жылдың жүзі. Ассамблея жыл сайын Елбасына оның орындалуы туралы есеп береді. Мәңгілік елдің өзегінде қарапайым, түсінікті және біздің әрқайсымыз үшін ең қымбат ақиқаттар – отбасымыздың амандығы, қонақжайлылық және еңбексүйгіштік, тұрақтылық, қауіпсіздік және бірлік, ертеңгі күнге деген сенім ұғымдары орныққан. Сол сияқты Мәңгілік ел – жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісімнің мызғымас айнасы. Демек, біртектілікті нығайту және қазақстандық бірлікті дамытуды басты назарға алатын Ассамблея бүгінде тұжырымдамада бекітілген талап-тілекті жүзеге асырып келеді.
Ал 86 қадамдағы – «Қазақстан халқы ассамблеясы: Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасы да көпшіліктің көңілінен шығуда. Ассамблеяның негізгі міндеті – этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, ел бірлігін сақтау. Сонымен қатар, Ассамблея мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсетеді. Сондай-ақ, этномәдени бірлестіктердің күш біріктіруін қамтамасыз етіп, этно-мәдени орталықтардың, ұлттардың мәдениеті мен тілі, сондай-ақ дәстүрлердің өркендеуін, сақталуын және дамуын қамтамасыз етеді.
Қазақстан халқы ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» ауқымды жобасы Қазақстанның бірлігін нығайтатын және біртұтас азаматтық қауымдастық қалыптастыруға жағдай жасайды. Бұл жұмыстың бәрі ҚР туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі Тұжырымдамасын іске асырумен және өңірлік мәдени-туристік кластерлер құрумен байланысты өрбиді. «Астана – Еуразия жүрегі», «Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы», «Табиғат пен көшпенді мәдениеттің тұтастығы», «Каспий қақпалары» атты тақырыпта жүзеге асқан жобалар өз жемісін беріп келеді.
Қазақстандық біртектілік пен бірлікті дамыту және нығайту, сондай-ақ ҚХА-ның 2025 жылға дейінгі дамуы жөніндегі тұжырымдамалар іске асырылып, «Мәңгілік ел» патриоттық актісі қабылдануы да Ассамблеяның институттық тұрғыдан беделін нығайтты. 2016 жыл Қазақстан халқы ассамблеясы үшін маңызды жыл болғанын айта кеткен жөн. Дәл осы жылы қоғамдық келісім мен медиация кеңестерінің жүйесі бекітіліп, «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыреспубликалық жобасы мен ауқымды қайырымдылық жобалары жүзеге асты. Себебі Ассаблеяның біртектілік пен бірлікке қатысты барлық реформаларды ілгерілету және үйлестірудегі маңызы айрықша. Мәселен, Елбасының бастамасымен белгіленген «Алғыс айту күнінде» ұйымдастырылған іс-шараларда ұлт пен ұлыс өкілдері «Қазақстан халқына мың алғыс!» деген жүрекжарды сөздерін арнап, мәре-сәре болды.
«Қазақ туризм» ұлттық компаниясы құрылды
Елбасы Н.Назарбавтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында туризм саласын дамыту тетігі де қарастырылғаны белгілі. Бұл тұрғыда ҚР Мәдениет және спор министрлігі бірқатар жобаларды қолға алып, іске асыруға кірісіп кеткен-ді. Мәселен, министрлік алдағы бес жылда туризм саласы қызметкерлерінің саны 500 мыңнан асады деген ақпаратпен бөліскенде бұл салаға келушілердің қызығушылығын арттырған болатын.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, Жаңғыру 3.0 аясында министрліктің алдына қойылған ең маңызды бағыттардың бірі ішкі және сыртқы туризмді дамыту. Бұл бағыт жанармай-энергетикалық, аграрлы-өндірістік кешендердің дамуы, сауда, көлік және индустриализация секілді салалармен қатар экономикалық жаңғыру олимпиалық жолының алты негізгі басымдылықтарына енгізілген.
«Алдымызға үлкен мақсаттар қойылды. 5 жыл ішінде туризм бойынша ішкі жалпы өнімнің өсімі 15 пайыз, туризм саласында қызмет көрсететін халықтың саны 530 мың адам, ал туризмге инвестициялар өсімінің көлемі 23 пайыз құрайды деп күтілуде», – деген ол. Сондай-ақ, бүгінгі таңда туризм саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасының жобасы жасалды. Құжатта туризм саласындағы кәсіпкерлік пен қызмет көрсету нарығын дамыту, ұлттық кеңсе құру, еліміздің бай тарихи-мәдени мұраларын, бірегей табиғи аймақтарын кеңінен танымал ету, сонымен қатар білім нарығы, медицина, спорт, мәдениет және т.б. салалардағы жетістіктерін әлемге паш ету арқылы әлемдегі Қазақстан туризм нарығын ілгерілету бойынша барлық іс-шаралар толықтай бір-бірімен үйлестірілген.
Министрлік Елбасының қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру қызметіне кірісті. Өздеріңізге мәлім, Елбасы ұсынған жобалар еліміздің шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің, қоғам арасында кеңінен қолдау тауып, олардың әрқайсысы «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» және т.б. жобаларды жүзеге асыруға белсенді атсалыса бастады. Яғни, ведомстваға туризм саласындағы функциялар берілгеннен кейін мәдениет, спорт, туризмнің өрістерінің бір-бірімен дұрыс бағытта дамуы қамтамасыз етілді.
Сондай-ақ, елiмiзде сакралды, экологиялық, аңшылық-олжалық, мәдени-танымдық, медициналық, спорттық сияқты өзге де жаңа туризмнің түрлерін дамытуға басты назар аударылады. Мәдениет және спорт министрi Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, Қазақстанның бірлігін нығайтатын және біртұтас азаматтық қауымдастық қалыптастыруға жағдай жасайтын «Үлкен ел – үлкен отбасы» ҚХА-ның ауқымды жобасын әзірлеу және іске асыру жұмысын жүргiздi. Бұл жұмыстың бәрі Қазақстанның туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі Тұжырымдамасын іске асырумен және «Астана – Еуразия жүрегі», «Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы», «Табиғат пен көшпенді мәдениеттің тұтастығы», «Каспий қақпалары» өңірлік мәдени-туристік кластерлер құрумен байланысты. Осыған орай, Қазақстан Республикасының туристік саласын 2023 жылға дейін дамытудың жаңа Тұжырымдамасы қабылданды. «Онымен қоса, Жаңғыру 3.0 аясында туризм саласы отын-энергетикалық, аграрлық-өнеркәсіп кешендері, индустрияландыру, сауда және көлікпен қатар 6 негізгі басымдықтың қатарына қойылған. Туризмді дамыту саясаты географиялық жағынан Қазақстанды тұтас қамтитын қажетті инфрақұрылымы бар 6 өңірлік мәдени-туристік кластердi құруға бағытталған. Олар – Астана: «Мәдениеттердің геосаяси тоғысуы», Алматы: «Өркениеттер бесігі», Шығыс Қазақстан: «Алтай маржаны», Батыс Қазақстан: «Каспий қақпалары», Оңтүстік Қазақстан: «Ұлы Жібек жолының жаңғыруы», Солтүстік Қазақстан: «Табиғат пен көшпенді мәдениеттің тұтастығы», – дедi Мұхамедиұлы. Министрдiң айтуынша, өңірлердің ерекшелігін ескере отырып, сакралды, экологиялық, аңшылық-олжалық, мәдени-танымдық, медициналық, спорттық сияқты өзге де Қазақстан үшін жаңа туризмнің түрлерін дамытуға басты назар аударылады. Астана Опера, Астана балеттен Ұлттық музейге және басқаларына дейінгі дамыған инфрақұрылымы бар мәдени туризмнің де әлеуеті зор. ЭКСПО инновацияларының инфрақұрылымы үлкен мүмкіндіктер береді – медициналық, МICE (майс – іскерлік), курорттық-сауықтыру туризмін дамыту. Егер тұжырымдама сәтті жүезе асса, Қазақстан Республикасындағы туризм индустриясы көрсеткішін жақсартатыны айтпаса да түсінікті.
Бірінші, туристерді орналастыру орындары 2016 жылы 138 062 төсек-орыннан 2023 жылы 198 мың төсек-орынға дейін артуы тиіс; екінші, туристердің түнеу саны (ішкі және шығу туризмі бойынша):
2016 жылы 7 582 785 туристік түнеуден 2023 жылы 16 млн туристік түнеуге дейін артады, үшінші – туристің елде болуының орташа ұзақтығына келсек, 2016 жылы бір туристке 2 түнеуден, 2023 жылы бір туристке 4 түнеуге дейін арттыру көзделуде. Төртінші, қонақ үйлерде төсек-орынның көбеюі: 2016 жылы 23,8 пайыздан, 2023 жылы 45 пайызға дейін ұлғайту көзделген. Бесінші, туризм саласындағы жұмыспен қамтылу мәселесіне келсек, 2015 жылы 103,6 мың жұмыскерді 2023 жылы 151,8 мыңға дейін көбейту жоспарда бар.
Елімізде құрылған «Қазақ туризм» ұлтық компаниясы шетелде Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілетумен айналыспақ. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Үкімет қаулысымен «Қазақ туризм» АҚ Ұлттық компаниясын құрдық. Акционерлік қоғамның міндеті – шетелде туристік әлеуетімізді ілгерілету және инвестиция тарту. Біз осы ұлттық компания арқылы туристік салаға инвесторлар тартқымыз келеді. Бұл шаруашылық субъектілерінің құрылуына ықпал етеді. Қазір көптеген шетелдік инвесторлар Қазақстанның туристік саласына өз қаржысын тартуға мүдделі. Өйткені, еліміздің табиғи ландшафты ерекше. Жалпы, дамыған елдерде осындай мамандандырылған туристік компаниялар жұмыс істейді», – деді министр.
Мұхамедиұлының айтуынша, алғашқы жылы аталған компания қызметкерлері мемлекеттік бюджет қаржысынан жалақы алады. Ал одан кейінгі жылдары өзін-өзі қаржылай қамтамасыз етуге көшеді.
Ерлан Асылов