Балалар үйлері мен арнайы түзеу мектептерінен 1500 жас суретші «Болашақ» қорының шығармашылық байқауларына қатысты. Үздік голливудтық фильмдерді қазақ тіліне дубляждау бойынша жобаны іске асыру сөзсіз жаңалыққа айналды. Осылайша, болашақтықтардың бастамасының арқасында қазақ тілі бүкіл әлем бойынша DVD, Blu-Ray-де көруге болатын голливудтық фильмдердің негізгі 7 тілінің қатарына енді.
Қазіргі заман шартында талапты, бәсекеге қабілетті, жеткілікті деңгейде білімі мен кәсіби дағдысы бар адам ғана жаңа белестерді бағындыра алады. Сондықтан, Қазақстан адами капиталдың сапасын үнемі басты басымдық ретінде белгілейді.
Президент болашақтың стратегиясын сауатты, білімді, жауапкершілікті өз мойнына ала білетін жастармен байланыстырады. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін атап көрсетті. Осы орайда, Қазақстанда барлық жағдай жасалған. Сапалы білім алу және зияткер ұлтты қалыптастыру үшін жастарға барлық жолдар ашық.
Президент қазіргі замандағы жоғары деңгейдегі білімнің рөлін айқын белгілей отырып, білімнің салтанат құруының маңыздылығы туралы айтты. Өз туған жеріңе деген патриотизм, адами капиталдың сапасын арттыру мен дамытуға ұмтылыс елімізді отандық мәдениетті ілгерілетудің сапалы жаңа деңгейіне, әлемдік сахнаға шығаруға мүмкіндік береді.
Тәуелсіздік жылдарында еліміз өмірдің барлық саласында қарқынды даму үшін зор әлеует жинақтады, әлемдік саяси кеңістікте берік орынға ие болды. Өткен жылдарды саралай отырып, бұл кезең жүйелі білім, тәжірибе мен күш жинақтаудың, Қазақстанның одан әрі дамуын анықтайтын маңызды өзгерістерге дайындық уақыты болғанын түсінеміз.
Егер бұған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында елдің экономикалық, әлеуметтік, саяси дамуының бағыттарын белгілеген болса, ал рухани жаңғыру жөніндегі мақаласында Қазақстан халқының ұлттық санасының маңызды түрлендірулерін айқындады.
Ұрпақтар сабақтастығы мен байланысын сақтай отырып біз жаңа білім үшін ашық болуымыз шарт. Қазақстан халқының бірлігін, оның біртұтастығын нығайта отырып, біз менталды деңгейде жаһандық әлемнің бір бөлігіне айналуымыз керек.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында және Президент мақаласында көтерілген білім беру секторын дамыту міндетін шешудің ықпалды шараларының бірі «Болашақ» бағдарламасын жүзеге асыру болып табылады. «Болашақ» бағдарламасы – бұл қазақстандықтардың жаңа буынын қалыптастыру бойынша жоспардың маңызды бөлігі екенін Елбасы әлденеше рет атап айтқан болатын. Бағдарлама еліміздің кадрларды дайындаудың әлемдік жүйесіне тиімді әрекеттесуіне және үздік технологияларды қазақстандық экономикалық және әлеуметтік-мәдени кеңістікке енгізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Ел дамуының шешуші факторына айналып бара жатқан экономикалық білім уақыты келді. Бағдарламаның арқасында біліктілігі жоғары мамандардың қатары мен елдің еңбек және ғылыми әлеуеті жыл сайын артуда. Бүгінгі таңда 12 мыңнан аса стипендия берілді. Бұл бүгінгі күннің өзінде және келешекте Қазақстан өмірінің барлық саласының дамуына өз үлесін қосатын болашақ басқарушылар буынына, әлемдік деңгейдегі мамандарға аса маңызды инвестиция.
Президент мақаласында сипатталған ата-бабаларымыздың дағдылары – өзінің ұлттық және жеке ресурстарын нақты білу, оларды экономикалық пайдалану, өз болашағын жоспарлай алу бағдарлама түлектерінің өмірлік мақсаттарымен ұштасады. Біздің студенттеріміздің патриоттылығы, реализм мен прагматизмге негізделген өз мүмкіндіктері мен шектеулерін ескере отырып нақты практикалық нәтижеге бағытталғандығы – бұл тұлғалық әлеуметтік капиталды қалыптастыруға берілген мүмкіндік үшін еліне деген алғысының көрсеткіші.
«Болашақтықтар» білім беру, ғылым, экономика, бизнес, мәдениет, денсаулық сақтау, журналистика, спорт салаларында, үкіметтік емес секторда қызмет етуде. «Болашақтықтар» жұмыспен қамту, патриотизмді дамыту мен қайырымдылық бойынша кең ауқымды жобаларды жүзеге асырады. Бүгінгі таңда «Болашақ» қауымдастығы 12 мыңнан астам стипендиаттардың басын қосып отыр. Қауымдастық Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында қойған міндеттерін ескере отырып, төрт негізгі бағыт – кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту, білім трансфері, қайырымдылық пен саламатты өмір салтын қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізуде. Негізгі жұмыс жастар арасында жүргізіледі.
«Болашақ» бағдарламасының түлектері мектеп оқушыларымен, жоғары оқу орындарының студенттерімен ой өрісті кеңейтуге бағытталған кездесулер өткізіп, оларды білім алуға ынталандыруға, өмірлік дұрыс жолды таңдауға септігін тигізеді.
2013 жылдан бастап «Біздің білім – біздің елге» акциясы жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, өткен жылы 3 мыңнан аса студент қатысқан 61 дәріс оқылды. Сондай-ақ, білім трансфері мақсатында біз Корпоративтік университет аштық. Соның арқасында бағдарлама түлектері арасынан кәсіби бизнес-тренерлер мен коучтер дайындалды. Олар ТМД және шетелдердің үздік оқытушыларынан білім алды. Бүгінгі таңда Корпоративтік университеттің 15-тен аса түлегі консалтинг саласында қызмет етеді. Олар қызметін жаңадан бастап жүрген кәсіпкерлермен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге іске асырылатын «Бастау Бизнес» бірлескен жобасы аясында жұмыс істеуге тартылған. Ауыл тұрғындарына кәсіпкерліктің негіздерін үйрету, олардың бизнес-бастамаларын қолдау және сүйемелдеу ауылдағы бизнестің сапалы дамуына ықпал етеді.
Жұмыспен қамту және жастар кәсіпкерлігін дамытуға ықпалдасу маңызды бағыт болып қала береді. Осыған орай, «Болашақ» қауымдастығы Мансап орталығын құрды. Оның аясында мамандар мен жұмыс берушілердің қоры қалыптастырылған. Бұл жұмыс www.r.bolashak.kz онлайн-тұғырнамасында ақысыз негізде жүргізіледі. Бүгінгі таңда Орталықтың жұмыс берушілер мен ізденушілер қоры 6 мыңға жуық маманды құрайды. Жобаны іске асыру кезеңінде 60-қа тарта адам жұмыспен қамтылды.
Серіктесі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры болып табылатын кең ауқымды жоба – «Startup Bolashak» бизнес-идеялар байқауы қазақстандық жастардың бизнес-бастамаларын қолдауға бағытталған. Байқаудың екі науқаны өткізілді, жүлде қоры 63 млн-нан астам теңгені құрады. Бұл – жас қазақстандықтардың ең үздік стартап-идеяларына гранттық қолдау көрсету. Аталған қаржының мақсатты пайдаланылуына мониторингті «Даму» қорының мамандары жүзеге асырады. Ондаған стартап-жобалар осы жобаның арқасында жүзеге асырылды. Байқаудың екінші маусымының жартылай финалына өткен қатысушылардың өзі 12 кәсіпорын ашты.
Жас қазақстандықтар идеяларының басым көпшілігі өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды жүзеге асыруға, инновациялық технологияларды енгізуге бағытталғанын атап өткен жөн. Жалпы, бұл Қазақстанның экономикалық даму векторына сай келеді.
Қауымдастық аясында «Болашақ» қайырымдылық қоры қыруар жұмыс атқаруда. Білім беру, мәдениет, қазақ тілін дамыту салаларында өмірлік маңызы бар жобалар іске асырылады. Мәселен, «Әр бала мектепке лайықты» жобасын айтуға болады. Ол аутистикалық спектрдің ауытқуларына ұшыраған және ерекше қажеттілігі бар балаларды жалпы білім беру үдерісіне бейімдеуге арналған жоба. Аталған жоба іске асырылып келе жатқан екі жыл ішінде қор 7 инклюзияны қолдау кабинетін ашты. Астана және Алматы қалаларында екі психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жабдықталды, бұл жылына 300-ден астам баланы оңалтуға мүмкіндік берді.
Инклюзивті білім беру мен қолданбалы талдауға 180-нен аса маман оқытылды, 10 қазақстандық маман Израильде оқудан өтті.
«Жалпы білім беру гранттары» бағдарламасы аясында 17 жетім бала мен аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар Қазақстан колледждері мен жоғары оқу орындарында қордың қайырымдылық қаражаты есебінен білім алуда. Мүмкіндігі шектеулі 20 студент қордың графикалық дизайн мектебінде оқудан өтті, оның ішінде 7 бозбала тағылымдамадан өтсе, 3-еуі жұмысқа орналасты.
Балалар үйлері мен арнайы түзеу мектептерінен 1500 жас суретші «Болашақ» қорының шығармашылық байқауларына қатысты. Үздік голливудтық фильмдерді қазақ тіліне дубляждау бойынша жобаны іске асыру сөзсіз жаңалыққа айналды. Осылайша, болашақтықтардың бастамасының арқасында қазақ тілі бүкіл әлем бойынша DVD, Blu-Ray-де көруге болатын голливудтық фильмдердің негізгі 7 тілінің қатарына енді.
Disney өнімдері қазақстандық балалар үшін ана тілін үйренуде таптырмас құралға айналды. Миллиондаған балалардың сүйікті кейіпкерлері ана тілімізде сөйлеуде.
Жобаны іске асыру миллиондаған кинокөрермендер үшін сапалы контентке тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мен қазақ тіліндегі шетелдік кино қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазақ тіліне дубляждалған балаларға арналған фильмдер «Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ кітапханасының танымдық ресурсы ретінде ұсынылған.
«Disney», «Marvel» және Қор атынан кино индустриясының көшбасшыларымен бірге қазақ тілін дамыту бойынша жобаға қатысу дәстүрлер мен жаңа технологияларды тиімді ұштастырып отырған маңызды басымдық болып табылады. Бүгінгі таңда 19 голливудтық кинокартина дубляждалды. Қазақ тіліне дубляждалған «Disney» студиясының 13 картинасына «Apple TV Itunes Store» ресми қосымшасының бейнехостингінде қазақ тіліндегі дыбыс жолағы қосылған. Бұл жоба «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыруға практикалық үлес болып табылады және Елбасының жоғары бағасына ие болды. Сондай-ақ, ол Қазақстан Кинематографистер одағының «Қазақстанның кино өнеріне қосқан үлесі үшін» сыйлығына ие болды.
«Болашақ» қауымдастығы – бұл игі және биік мақсаттарды көздейтін көптеген әлеуметтік жобалардың бастамашысы. Өткен жылы болашақтықтар 22 жобаны іске асырды, 25 мыңнан астам адам қатысқан 108 шара өткізілді.
Қауымдастық мүшелері үшін Елбасының бағдарламалық мақаласы – іс-әрекетке басшылық, жаңа стратегиялық бағдар.
Бақтияр МӘКЕН,
Парламент Мәжілісінің депутаты.