23.08.2017, 13:26

«Мәңгілік ел» идеясы – тарихи сабақтастық тағылымы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел» стратегиясы, бұл, шын мәнінде жаужүрек қазақ халқы бастан өткерген сан ғасырлық елдіктің (мемлекеттік) тарихи сабақтастық тағылымы болып табылады. Мемлекет басшысы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында: «Мәңгілік Ел» идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Tүркі жұртының мұраты – Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді», – деген еді.

Егер де, қазіргі қалыптасқан Қазақстан мемлекеттігінің түп тамырына үңілер болсақ, ақиқатында оның сонау көне ғасырлардағы Түркі қағанаты, одан бергі орта ғасырлардағы Дешті Қыпшақ, Алтын Орда, Қазақ хандығы, Алашорда үкіметі тәрізді тағы басқадай үлкенді-кішілі мемлекеттік құрылымдардың қайнарынан бастау алатынын көреміз. Мысалы, Түркі қағанаттың өмір тарихы кейінгі ұрпаққа атақты Білге, Күлтегін қағандар мен дана Тоныкөк бидің мәңгілік тасқа қашатып жаздырған дастандары арқылы жеткені белгілі. Жалпы, тәңіртекті түркі елінің асыл жәдігері саналатын YIII ғасырдағы «Күлтегін» жырында баһадүр Білге қаған:

«Әкеміз, ағамыз құрған халықтың

Аты, даңқы өшпесін деп,

Түркі халқы үшін

Түнде ұйықтамадым,

Күндіз отырмадым.

Інім Күлтегінмен бірге,

Екі шадпен бірге

Өліп-тіріліп жерді ұлғайттым.

Өлімші халықты тірілттім,

Жалаңаш халықты тонды,

Кедей халықты бай қылдым.

Аз халықты көп қылдым,

Тату елге жақсылық қылдым.

Төрт бұрыштағы халықты,

Бәрін бейбіт қылдым,

Тату қылдым»,[2] – дей келіп, ең алдымен ата-бабасының ұлы мұраттарын – Түркі қағанатының тәуелсіздігі мен жерінің тұтастығын, халқының бірлігі мен татулығын сақтап қорғауды өсиет етіп қалдырған-тын. Көк түріктің кемеңгер қағандарының бұл аманаты тарихтың небір аласапыран дауылдарына кез болсақ та қазақтың ертедегі ел билеушілеріне – Жәнібек пен Керейден басталып, Абылай, Кенесарымен аяқталатын атақты хандарына және бертіндегі Әлихан, Ахмет, Міржақыптай Алашорда үкіметі басшыларына қайтпас рух беріп, тәуелсіздік жолындағы күрестерге жұмылдырып келген еді. Қысқасы,  барша қазақты азаттыққа үндеген бағзы замандардан бергі ата-бабалар аманаты – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің құрылуы екенін бізге өткен тарих осылайша бағамдап береді.

Осы орайда, ертедегі емес, бергі тарихтағы, яғни, XX ғасыр басында дербес қазақ автономиясын құруға ұмтылған Алашорда үкіметі басшылары мен XX ғасырдың тоқсаныншы жылдары тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің тұңғыш негізін қалаушы, ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев ұстанған ел бостандығы, жер тұтастығы, халықтар бірлігі мен ынтымақтастығы тәрізді ұлы мұраттардың қалай жүзеге асқанын тарихи фактілермен саралап көрейік.

Өткен ғасыр басында азаматтық қарсыласу жылдары Алаш қозғалысының қайраткерлері бірінші кезекте өздерінің алдына ұлттық-мәдени автономия формасындағы тәуелсіз мемлекет құруды мақсат етіп қойған еді. Мәселен, Міржақып Дулатов 1918 жылы «Қазақ» газетіндегі «АлашОрда» мақаласында: «Түркістан, Башқұртстан автономияларын жариялап жіберді. Біз автономия болуға қаулы қылсақ та, сол сағатында жарияламадық. Арамыздағы атасы басқа жұрттармен келіселік, милициямызды жасап, ұлт қазынасын жинап, қамданған соң жариялалық деп қаулы қылдық. Ондағы автономияны тез жариялап жібермеудің үлкен бір себебі, жұртқа большевизм дерті жайлап келе жатқанда, сөйлеспей жариялап жіберсек, көршілерімізбен арамыз қандай болып кететініне көзіміз жетпеді,  бұл сақтық орынды екеніне жұрттың көзі енді жетіп отыр», [3] – дей келіп, әсіресе «ендігі мәселе, жалғыз-ақ жерлі автономия туралы» [4] екенін атап ескертеді. Бұдан сол уақыттың өзінде-ақ Алаш қайраткерлерінің тәуелсіз қазақ автономиясын құрумен қатар жеріміздің тұтастығын (еліміздің шекарасын), Қазақстан халықтарының бірлігін сақтап қалуды көздегені жайынан келелі ой түйеміз.

Атап айту керек, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі аласапыран кезеңде ел тыныштығын, жер тұтастығын, Қазақстан халқының ауызбірлігін ойлаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та Алаш арыстарының осы өсиетін берік ұстанып, бұрынғы он бес одақтас республикалар арасында тәуелсіздігімізді асықпай жариялаған еді. Бұл жерде Алаш идеясына деген адалдықты және тарихи дәстүр сабақтастығының қайталанып отырғанын аңдайсыз.

Ал енді Алашорда үкіметінің басшылығы осы «байтақ жерлі автономия туралы» ұстанған саясатын 1918 жылдың 3 сәуірінде телеграф арқылы Мәскеудегі кеңес өкіметінің басшылары Ленин мен Сталинге жолдаған жеделхатта: «1917 жылдың 5-13 желтоқсанындағы жалпықазақ сьезінің қаулысына сәйкес тез арада «Алаш» ұлттық-территориялық автономиясын мойындап, оның құрамына Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария облыстары, Бөкей ордасы, Закаспий обылысының Маңғышылақ уезі, Самарқан облысының Жизақ уезі, Сырдария облысының Әмудария бөлімшесі, Бийск, Славгород, Змеиногорск уездері қазақтарының жерлері енетінін жариялауы қажет»,[5] – деп білдіреді. Сондай-ақ мұнда Алаш автономиясы және оның жерінің тұтастығы жөніндегі мәселеге қоса, елді демократиялық принциптер негізінде басқару туралы да: «ұлттық өкілдік сақтала отырып, Алашорда үкіметінің құрамы Алаш автономиясын мекендейтін басқа ұлттардың 10 өкілімен толықтырылуы тиіс»,[6] – деп айтылған. Жалпы саяси он пункттен тұратын бұл жеделхаттан, яғни ресми құжаттан Алаш автономиясы, шын мәнінде бұған дейін жетпіс жыл бойы кеңес өкіметі уақытында санамызға сіңіріп келгендей «әлсіз, таяз әрі тар шеңбердегі ұлтшыл ұйым» емес, керісінше, қызыл империяның көсемдері Ленин мен Сталиннің өзі санасқан беделді және демократиялық принципті басшылыққа алған үкіметтік құрылым болғанын байқаймыз. Мысалы, 1918 жылдың маусымынан бастап 1919 жылдың желтоқсанына дейінгі бір жарым жылдай уақыт аралығында Семейде саяси билік жүргізген Алашорда үкіметінің негізінен облыстық қазақ комитеті, Алаш қалалық Думасы, облыстық және уездік Земство басқармалары, Алаш қалалық думасы, облыстық қазақ соты, Алаш атты әскері және милициясы, «Абай» журналы, «Сарыарқа» газеті тәрізді тағы басқадай әкімшілік басқару жүйесі мен баспасөз құрылымдары болды. Және де осы Алашорда үкіметі мен «Алаш» партиясының Семейден басқа Орынбор, Ақмола, Қостанай, Торғай, Орал, Түркістан, Жетісу, Сырдария өңірлерінде облыстық комитеттері жұмыс істеді. Алаш идеясын ұстанған «Қазақ», «Бірлік туы», «Жас қазақ», «Қазақстан» сынды түрлі басылымдары шығып тұрды. Алаштың ардагер ұлдары Халел мен Жанша Досмұхамедовтар басшылық еткен Батыс Алашорданың да қазақ және орыс қоғамындағы беделі мен ықпалы айтарлықтай зор болды. Егерде, Алаш қозғалысы саяси жағынан қалыптасқан осындай үлкен қоғамдық күш болмаса, онда 1918 жылдың сәуір және наурыз айларында сонау Мәскеуден кеңес өкіметінің басшысы Лениннің тікелей тапсырмасы бойынша Сталин тікелей Семейге телеграф шалып, Алашорда басшылары Әлихан Бөкейхан, Халел Ғаббасовпен келіссөздер жүргізбеген болар еді.

Иә, сөз жоқ, Алаш автономиясын құрмақ болған арыстардың арманы кеңестік дәуірде аяусыз аяққа тапталып, жігері жанышталды. Қазақ жерінің тұтастығы бұзылып, бөлшектенді. Қазақ деген атымыз бола тұрып, «киргиз» атандық. Тек 1925 жылы ғана республикамызға Қазақ деген заңды аты қайтарылды. Жалпы қазақ деген ұлт КСРО-ның құрамында енді тағы бірнеше жылдар болғанда «кеңес халқының» құрамына сіңіп, жұтылып кетудің аз-ақ алдында қалған еді.

Алайда, өткен жиырмасыншы ғасырдың басында азаттыққа ұмтылған Алаш қайраткерлерінің арманы – тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құру идеясы тек осы ғасырдың тоқсаныншы жылдары ғана тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың сарабдал саясаткерлігі мен ерекше ерік-жігері, табандылығы арқасында барып өмір жүзіне асты.

Әрине, қазір тәуелсіздік алдық деп айтқанға жеңіл. Ол уақытта, әлемдегі алып держава – Кеңес Одағының құлауынан пайда болған қиындықтар бұрынғы он бес одақтас республиканы әкеп тас тығырыққа тіреді. Ғасырлар тоғысында болып тұратын мұндай алапат өзгерістер адамзат баласына өзіндік қиындықтар мен қуаныштарды қатар алып келетіні заңды тарихи құбылыс еді. Сондай аласапыран кездегі қиындықтың ең бастысы – қазақ мемлекеттігінің дербестігі мен жеріміздің тұтастығын, Қазақстан халықтарының бірлігі мен татулығын қалай да сақтап қалу керек болды.

Тәуелсіздікпен қатар туындаған осындай қиындықтар жайында тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Ғасырлар тоғысында» кітабында:

«Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары бәрі де оңай көрінетін. Әсіресе, сыртқы саясатымыздың келешегі күмән туғызбайтын. Егемендігімізді жарияласақ болды, күллі әлем есігін алдымыздан айқара ашып салады деп ойлайтынбыз.

Бүгін көзіміз жетіп отыр: бәрі де өздігінен бола салмайды екен; жеңіл ештеңе жоқ екен. Аса күрделі геосаяси процестер өтіп жатыр. Бәрі де біздің мүмкіндіктерімізге өз әсерін тигізеді.

Тоқсаныншы жылдар басында бұрынғы КСРО-ның күнгей шекаралары тұрақсыздық пен әскери шиеленістер шебіне айналып шыға келді. Ауғанстандағы соғыс шекараны аттап өтіп, Тәжікстандағы азаматтық жанжалдармен жалғасты. Ал бер жағында Қазақстан – қол созым жер. Қырғыздың Ош қаласындағы оқиға әлі есімізде. Жауапсыз саясатшылар екі халықты – өзбектер мен қырғыздарды бір-біріне айдап салды. Қырғыз-тәжік шекарасында су мен жер үшін әлденеше қақтығыс болды. Бейкүнә талай адам опат тапты.

Қытаймен екі арадағы шекара мәселелері де – бізге қалдырған ауыр мұра еді. Ол 1700 шақырымға созылады. Бұрын өне бойына қаптаған қарулы күш шоғырландырылған-ды. Қытай-кеңес шекаралары ұзақ жылдар бойы шиеленіс шебі боп келгені белгілі. Семей аймағында Қытай әскерінің шекараны бұзып, біздің жерімізге кіріп кеткен тұстары болып тұрғанын айтсақ та жеткілікті.

Бұл – біздің шекарамыз төңірегіндегі ықтимал жанжалдардың тек бірі ғана еді»,[7] – деп еске алады.

Ел мен жер мәселесі қамшының өріміндей егіз ұғым. Сондай-ақ «жері жоқ ел жетім» деген де сөз бар. Әлемде жерсіз жат жұрттың босағасын сағалап жүрген халықтар қаншама?.. Сол себепті жер мәселесі, ежелден дүние жүзілік кеңістікте үлкен дау-жанжалдардың көзі болып келгені мәлім. XX ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында – шығысында Қытай, батысында Ресей секілді екі азулы алпауыт көршінің қақ ортасында отырған Қазақ мемлекетіне де осылайша ең алдымен шекараны айқындап алуы керек болды.

Елбасының ерекше қажыр-қайратының, соның ішінде тәуелсіздік алған алғашқы жылдан бастап төрт жылға созылған мемлекетаралық келіссөздердің нәтижесінде, ақыры 1994 жылы Қытайдың премьер-министрі Ли Пэннің Қазақстанға келген сапарында, тұңғыш рет екі елдің арасындағы шекараны бекітіп, заңдастыруға қол жетті.

Тұңғыш дейтін себебіміз, тіпті ежелгі Қазақ хандығы заманаларын былай қойып, кешегі әлемдік алып держава КСРО кезінде көршілес Қытай мемлекетімен арада мұндай шекара мәселесінде үлкен қол жеткен жетістік болмаған еді. Одан кейін көп ұзамай Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстанмен арадағы шекара мәселелері шешілді. Ең бастысы, ғасырлар бойы ата-бабалар армандаған жеріміздің тәуелсіздігі, яғни жалпы ұзындығы 16,5 мың шақырымды құрайтын, өзен-теңіз сулары және құрлығы бар жеті бірдей мемлекетпен шектесетін тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің шекарасы тұңғыш рет халықаралық деңгейде заңды түрде айқындалып бекіді. Тәуелсіз Қазақстан БҰҰ-ға тұрақты мүше болып еніп, әлемдік ядролық қарудан – Семей атом полигонынан өз еркімен бас тартты. Бүгінде осы алып полигонды жабудағы және Ядролық қарусыз әлем құрудағы Елбасының ерекше ролі мен қызметін бүкіләлемдік қауымдастық бірауыздан мақұлдап қолдап отыр. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақтан (бұл идеяны алғаш 1993 жылы көтерді – автор) басқа, осы Еуразия аймағында саяси-экономикалық тұрақтылықты, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға жұмылдырылған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (СНГ), Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШОС) тәрізді ұжымдық халықаралық ұйымдарды құрушы болды. Бұған қоса қазіргі уақытта елімізде бірлік пен татулықты уағыздайтын әлемде теңдесі жоқ тұңғыш ресми әрі қоғамдық институттар – Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы қызмет етуде.

Міне, мемлекет басшысының осы және өзге де саяси шешімдерінің астарына үңілсек Елбасы Н.Назарбаев «Мәңгілік ел» идеясын тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ойластырып қойғанын байқаймыз. Осы тұрғыдан алғанда Мәңгілік ел идеясы – тарихи сабақтастығық тағылым екені айқындала түседі.

Мұратбек КЕНЕМОЛДИН,

ҚР Ақпарат саласының үздігі.