Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарық көрген 4 айдан бері бұл еңбекті талқыламаған саясаткер, жазбаған басылым қалмаған шығар?! Қазақстанның болашағын бағдарлап, халықтың өркениетті қоғам құруын көздеген еңбектің маңыздылығын сарапшылардың барлығы айтып жатыр.
Енді осы аса маңызды бастаманы науқаншыл жобаға айналдырып жібермейміз бе деген сауалдың да туындайтыны белгілі. Өйткені, бұған дейінгі мемлекеттік бағдарламалардың көбі көздеген мақсатына жетпей қалатын. Елбасы Жолдаулары да ауыл-аймақтарда түрлі ұранмен басталып, көп жағдайда аяқсыз қалып жатты. Енді «Рухани жаңғыру» сол бағдарламалардың тағдырын кешпесе екен дейміз.
Жалпы, Елбасының өзі «Рухани жаңғыруды» ұзақ мерзімді жоба екенін айтты. Яғни, халықтың санасы бүгін-ертең жаңғырып кетпейді. Ол үшін нақты жоспар құрып, ұзақ жылдар бойы сол жоспарды қағаз емес, іс жүзінде орындауымыз қажет. Әсіресе, жастарға көп екпін беріліп отыр. Яғни, жақын болашақта ары таза, білімді, қиындыққа мойымайтын ұрпақ тәрбиелеп шығаруымыз тиіс. Сонда ғана дамыған елдер көшіне ілесіп, өркениетті (жемқорлықсыз, қылмыссыз) қоғам құрмақпыз.
Ал, енді осы ретте мынадай сұрақ туындайды: біз Елбасы алдымызға қойған міндеттерді орындау үшін дұрыс жұмыс жүргізіп жатырмыз ба? Күн сайын жер-жерде әр-түрлі іс-шаралар өткізіп, олардың бәрін «Рухани жаңғыруға» теліп келеміз. Енді ертең Президенттің осынау бастамасын науқаншылдыққа айналдырып жібермейміз бе? Өйткені, бұған дейін де қаншама ілкімді істі бастап, науқандатып, соңын аяқсыз қалдырған кездеріміз болды. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең маңызды бағдарламаға айналған «Рухани жаңғыру» да сондай көп жобаның бірі болып қалмауы керек.
Жақсылық ОМАР, Алматы облысы әкімінің орынбасары:
- Кез келген мемлекетте, әсіресе дамушы мемлекеттерде экономикалық, әлеуметтік, рухани реформалар болатыны заңдылық. Қазақстан үшін де тәуелсіздіктің ширек ғасырын артқа тастап жатқан тұста осындай рухани жаңғырудың бағдарламасы керектігі бәрімізге белгілі. Қазір дүние алма-кезек, күн сайын өзгерістер болып жатыр. Әлемдік мәдениет, әлемдік руханият пен әлемдік геосаяси процестер Қазақстанға әсерін, ықпалын тигізбей қоймайтыны анық. Сондықтан, біз қазіргі заманға лайықталып, дүниежүзілік өркениетке ілесу үшін, бүгінге дейінгі жетістігімізді ары қарай алып жүру үшін бір серпілістен өтуіміз қажет, бұл – рухани серпіліс, сананың жаңғыруы. Кез келген уақытта, кез келген реформаны жүзеге асыруда бүкіл жауапкершілікті өзіне алатын Елбасымыз бұл жолы да сол жүрісінен таңбай, халықты рухани жаңғыруға өзі бастап шықты. Зиялы қауым өкілдерінің және алыс-жақын шетелдердегі саяси сарапшылардың пікіріне қарағанда, бұл жоба өте дер кезінде қолға алынды және оның масштабы да айтарлықтай үлкен.
Ал, науқаншылдық тұрғысына келсем, еш ойланбастан «жоқ» деп жауап беремін. «Рухани жаңғыру» сіз айтқандай науқаншыл бағдарламалардың бірі болып қалмайды. Менің еліміз бойынша анализ жасағаным әбестік болар. Ал, Алматы облысында Елбасы тапсырмасы 100% толық жүзеге асатынына кепілмін. Біздің облыс іргелі, үлкен аумақты алып жатыр. Бір жағынан Елбасының туған жері болғаннан кейін де біз өзге өңірлерге үлгі болуға тиіспіз. Асығатындай, жарысатындай жағдай емес. Бәрін өз уақытымен, өз ретімен іске асырамыз. Бастысы, діттеген мақсатқа жақсы нәтижемен жетуіміз керек.
Жандос ҚАЛТАЕВ, «Нұр Отан» партиясы орталық аппараты Ұйымдастыру-бақылау департаментінің инспекторы:
- «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазір расымен де өте көп іс-шара өтіп жатыр. Олардың мынауы – дұрыс, мынауы – дұрыс емес деп баға бермеймін. Халыққа, қоғамға пайдасы тисе неге оны «Рухани жаңғыру» демеске?
Менің өзім жастайымнан қоғамдық жұмыстарға, ғылыми жарыстарға көп қатысып, жастардың қоғамдық өміріне етене араластым. «Жас отан» жастар қанатының облыстық филиалын басқардым, жалпы, жұмысымның басым бөлігі осы жастар ісімен байланысты. Сондықтан, рухани жаңғыруды мен былай түсінемін:
Біздің қазақта мынадай үрдіс бар, біз баланы туылғаннан бастап жасы 30-ға толғанға дейін бағып-қағамыз. Ең алдымен балабақшаға, кейін мектепке береміз, оны бітірген соң бар тапқан ақшамызға «қатардан қалмасын» деп университетте оқытамыз. Үйлендіреміз. Жұмысқа тұрғызамыз. Жағдайға қарап көлік пен үй сатып алып береміз. Сонымен баламыз отызға келеді. Ал, мына дамыған елдерде бала 18-ге толғаннан кейін болды, ата-анасының мойнына масыл болмайды. Ары қарай білім алуы, үйленуі, жұмысқа тұруы – бәрі өзінің міндеті. Бала отбасында кішкентайынан осындай тәрбие алады.
Егер біз де мектеп кезінен балаларға осындай тәрбие берсек, олар да мектеп қабырғасында жүріп алдағы жоспарларын түзіп қояр еді. Яғни, «мектеп бітірген соң қайда барамын, кім болып жүмыс істеймін?» деген сауалдарды өзіне қояды да, сол проблеманы шешу үшін жастайынан дайындала бастайды. Бәлкім депозит ашып ақша жинар, бәлкім бір университетті көздеп, соның грантын жеңіп алу үшін жылдар бойы дайындалар, әйтеуір әрекетсіз қалмайды. Ал, бізде қазір керісінше, үлкен сынып оқушыларының көбі болашақ өмірін жоспарламайды, тіпті ҰБТ тапсырғанға дейін өзінің қандай маман болатынын білмей, ҰБТ-да оңайырақ пәнді таңдайтын жастар көп. «Әйтеуір диплом алсам болды» деп ойлайды. Салдарынан өмірге бейімі жоқ, тек бір шеңберден шыға алмайтын азаматтар тәрбиеленіп жатыр.
Ал, «Рухани жаңғыру» деп мен осы кемшіліктерімізді мүлдем жойып, мықты, білімді, бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу деп түсінемін. Жастары 50-60-тан асқан ата-аналарымыздың, аға-әпкелеріміздің санасын жаңғырту енді өте қиын, олар әбден қалыптасқан адамдар. Ал, жастардың санасын кішкентай кездерінен бастап жаңғыруымыз керек. Сонда ғана бәсекеге төтеп бере алатын ұрпақ тәрбиелеп шығарамыз, сонда ғана жоғары оқу орындарында, ішкі істер құрылымдарында, мемлекеттік қызмет саласында жемқорлықты тоқтатамыз. Елбасының ұзақмерзімді жоба дегені де осыны меңзегені болар...
«Бала-шағаны тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле, балаларың саған қарап тәрбие алады» деген керемет сөз бар. «Рухани жаңғыруды» әрбіріміз дәл қазір өзімізден бастасақ, біздің ертеңгі ұрпақ үшін алаңдамауымызға болады.
Әміржан ҚОСАНОВ, саясаткер:
- Меніңше «Рухани жаңғыруды» жүзеге асыруда қазір үш үлкен кемшілік бар. Соның біріншісі: науқаншылдық. Бір бастаманы көтереміз, оны 1-2 ай бойы жанталасып, бір-бірімізбен жарысып насихаттаймыз, халыққа түсіндіру жұмыстарын жаппай ұйымдастырамыз да, кейін арты сүйірқұйымшақталып кетеді. Бұл – науқаншылдық. Сосын үстірттік деген тағы бар. Мәселен, Президенттің идесы өте орынды, оны қолдау керек. Далыққа, жастарға, руханиятқа, болашаққа пайдасы көп. Бірақ, біз оны тиісінше жүзеге асырмаймыз. Ғалымдардың басын жинап алып конференция өткіземіз, дөңгелек үстел өткіземі, оны теледидардан көрсетеміз, сонымен болды. Бұл олай жеңіл қарайтын жоба емес. Терең зерттеу жүргізуіміз керек, ұзақ уақыт зерттеу қажет, сол зерттеулердің нәтижесінде әрекет ету керек.
Екіншісі: қаржы мәселесі. Қазір өте көптеген жұмыс атқарылып жатқанын айтып отырмыз. Күніге әр аймақта түрлі іс-шаралар өтуде. Оларға тиісінше қыруар қаржы жұмсалып жатыр. Бұл ақшаның ертең қайтымы болса ешқандай проблема жоқ. Ал, қайтымы болмаса проблема сол кезде болады. Биліктің көзіне түсу үшін жеңіл жобалар әзірлеп, сол үшін миллиондарды сұрайтын ұйымдарды «Рухани жаңғыруға» жолатудың қажеті жоқ. Бізге нақты жұмыс істейтін, аузы дуалы азаматтар қажет.
Үшінші кемшілік – қазір «Рухани жаңғыру» аясында деп мақтау-марапаттауға арналған іс-шаралар, көңілді кештер, концерттер көптеп өтіп жатыр. Ал, қоғамдағы негізгі проблемаларды кейінге ысырып қойдық. Неге осы негізгі проблемаларымызды «Рухани жаңғырудың» аясында шешіп алмаймыз? Идеяның мақсаты да сол емес пе, өркениетті, дамыған ел құру?! Проблема деп қаржының жетіспеушілігін айтып отырған жоқпын. Бізде қазір проблема рухани салада да жетіп артылады. Бір-бірімізді марапаттай бергенше осы рухани құндылықтарымызды дамытайық.
Міне, осы үш кемшіліктен арылмай, Президенттің идеясын толыққанды жүзеге асырамыз деп айта алмаймын. Бұл тұрғыда ең әуелі науқаншылдықтан сақ болуымыз керек.
Нұрлыбек ЖЕҢІСБЕК, Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру бойынша ОҚО өңірлік жобалық кеңсесінің өкілі:
- Иә, «Рухани жаңғыру» науқаншылдыққа айналмауы керек, оған жол бермеуіміз керек. Сол үшін қазір бүкіл облыстан қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүйелі іске асыруға бағытталған кеңселер құрылып жатыр. Мақсат – күнделікті атқарылып жатқан іс-шараларға «рухани жаңғыру» деген тақырып іліп қоя салмай, нақты жоспар аясында жұмыс істеу. Бұл жоспарды қазір осы кеңсе мүшелері болып әзірлеп жатырмыз. Кңесе мүшелері қатарында мемқызметкерлер де, қоғам белсенділері де, әдебиет өкілдері, қарапайым мұғалімдер, профессорлар, белсенді жастар, өнер адамдары – барлық топ өкілдері бар. Біріміздің идеямызды біріміз толықтырып, ұзақ мерзімге негізделген жүйелі жоспар әзірлеп жатырмыз. Онда Елбасы мақаласындағы басым 6 бағыттың бәрі қамтылған.
Айта кететіні, қазір халық Елбасы мақаласын әлі толық түсінбеген сыңайлы. Мәселен, «100 жаңа есім» деген басым бағыттардың бірін іске асырып жатырмыз. Яғни, Қазақстанның дамуына, қалыптасуына үлес қосқан 100 тұлғаның есімін анықтаймыз. Осыны естіген кейбір ағалар сол тізімге ену үшін жанталасып жатыр екен. Яғни, мақтаныш деп түсінеді мұны. Тізімге еніп, тарихта қалсам дейтін шығар... Бірақ, мұның жауапкершілігі үлкен. Оны неге түсінбейді?
«Рухани жаңғыру» идеясын жүзеге асыруда осындай проблемалар кездесіп тұратын болады, бұл қалыпты жағдай. Идеяның мақсаты да сол ғой, осындай қалыптасып қалған кереғар түсініктерімізден арылу. Тереңінен ойлай білетін ұрпақ қалыптастыру. Мақтаншақтық, жағымпаздық деген сияқты жаман қасиеттерді түбегейлі сырып тастау. Жемқорлықтың тамырына балта шабу.
Бүкіл әлемнің дамыған және дамушы елдері жаппай ақпараттық технология дәуіріне көшіп, ғылым-біліммен қаруланып жатқан кезінде Қазақстанның бұл үдерістен тыс қалып қоюына мүлдем құқы жоқ. Біле білсе, қазіргі жастардың алдында тым үлкен, жүгі өте ауыр жауапкершілік тұр. Атадан қалған мына жерді, тіл мен дәстүрді сақтап қалу өз алдына, қазіргі ұрпақ Қазақстанды әлемдегі ең дамыған елдердің қатарына қосуы керек. «Рухани жаңғыру» болса осы міндетті жүзеге асыруға сеп болатын басты құралға айналмақ. Бастысы – науқаншылдыққа салынып кетпейік!
С.Балажан