$ 499.51  525.83  4.62

Рухани жаңғыру: 4 айда не істедік?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының жарияланғанына да төрт айға жақын уақыт өтіпті. Қоғамдық сананы жаңғыртуды мақсат еткен осынау идея тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ауқымды және ең маңызды жобалардың бірі болып отыр. Өйткені, бұған дейінгі мемлекеттік бағдарламалардың бәрі экономиканы, әлеуметтік және саяси салаларды дамытуға негізделсе, «Рухани жаңғыру» тұтас бір халықтың тұрмыс-тіршілігін, болмысын, салт-дәстүрін жаңғыртпақ.

Елбасының осынау мақаласынан кейін Ақордада Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның құрылғаны белгілі. ҚР Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков жетекшілік ететін аталған комиссия осы 4 айда үш рет жиын өткізіп, басым бағыттар бойынша жоспар құрып, атқарылып жатқан шаралардың қорытындысын шығарып келеді.

Комиссия құрамына саясаткерлерден бөлек танымал сарапшылар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бар екенін айта өтейік.

Енді осы 4 ай ішінде не өзгерді? Халықтың санасын жаңғыртуға бағытталған қанша және қандай шаралар атқарылуда? Елбасының өзі «Рухани жаңғырудың» ұзақ мерзімді жоба екенін, оны жүзеге асыруда асығыстық танытпау керек екенін бірнеше рет айтқан болатын. Яғни, бұл бастама науқаншыл көп бағдарламаның бірі болып қалмауы керек.

Иә, қазір «Рухани жаңғыру» аясында деген тіркеспен жер-жерде жүздеген іс-шара өтті. Бұл шаралар тізбегі әліге дейін жалғасуда. Олардың қатарында түрлі экспедициялар, ғылыми конференциялар, мәдени және спорттық шаралар, тіпті қоғамдық жұмыстар да бар. Ал, Әділбек Жақсыбеков басшылық ететін комиссия Елбасы мақаласындағы 6 басым бағыттың жүзеге асуын қамтамасыз етуді өздеріне мақсат еткен. Бұл мақсатқа жету үшін дәл бүгінгі күнге дейін не істелді, соған тоқталып өтсек...

Латын әліпбиіне көшу

Қазақ тілі XX ғасырдың өзінде әліпбиін екі рет ауыстырды. Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін, яғни 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылған болатын.

1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады.

Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды.

1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды.

Баршаға мәлім, әлем елдерінің жартысынан астамы, оның қатарында дамыған мемлекеттер де латын әліпбиін пайдаланады. Қазақстанда қазір мемлекеттік тілден бөлек ағылшын тіліне басымдық беріліп отырғандықтан, біздің әліпбиді де кириллицадан латын қарпіне ауыстыру заман талабы.

Жалпы, латынға көшу бастамасын Мемлекет басшысы 2 мыңыншы жылдардың басында-ақ көтерген болатын. Ал, 2012 жылы «Қазақстан-2050» Стратегиясын жариялаған сәтте «латын қарпіне 2025 жылы толықтай көшеміз» деп мәлімдеді. Дегенмен, кешегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында бұл істі соза беруге болмайтынын айтты.

«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта­ның, ком­муникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасыр­дағы ғылы­ми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керектігін айтады. Ал, 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс.

Енді осы тапсырмалар аясында не істелді?

Қазіргі таңда қазақ тілін латынға көшіру бойынша арнайы комиссия құрылған. ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, аталған комиссия бүгінде латынша әліпбидің бірнеше нұсқасын жасап, ғалымдардың талқылауына беріпті. Осы күздің өзінде латын әліпбиінің іріктелген негізгі нұсқасы ел назарына ұсынылатын болады.

Жалпы, 2025 жылға қарай елдегі барлық құжатнама, ресми жазбалардың барлығы латын қарпінде жазылмақ. Ал, 2018 жылдан бастап 7 жыл көлемінде латынға көшу кезең-кезеңмен жүргізіледі. Дегенмен, халық бұл әліпбиге толыққанды бой үйреткенше кирилл әліпбиі де қолданыстан толық шығып қалмайды деді Нұрсұлтан Назарбаев «Хабар» телеарнасына берген арнайы сұхбатында.

Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы

«Рухани жаңғыруды» жүзеге асырудағы басым бағыттардың бірі – Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын әзірлеу. Бұл ең алдымен рухани құндылықтарымызды жаңғыртумен қатар, елдегі туризм кластерін дамытуға зор әсерін тигізбек. Қазіргі таңда әр облыс өзінің киелі орындарының тізімін әзірлеп жатыр. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін республикалық деңгейде құрылған комиссия тағы іріктеу өткізіп, нақты тізімді бекітеді.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында бүгінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан тарихи-мәдени мұралар ескерткіштерін жүйелеу жұмыстары қолға алынған. Бұл жұмыстарды барынша сапалы жүргізу мақсатында ҚР Ұлттық музейі жанынан «Қасиетті Қазақстан» деген орталық құрылды. Бұл орталықта 40 ғалым мен қоғам қайраткерлерінен тұратын ғылыми-сарапшылар кеңесі жұмыс істейді. Әр облыс ұсынған киелі жерлердің тізімін осы кеңес мүшелері іріктеп, негізгі тізімді әзірлейтін болады.

Сондай-ақ, аталған жоба аясында Қазақстан өлкетанушыларының «Туған жер» деген бірлестігі де құрылып отыр. Олар киелі орындарда далалық зерттеу жұмыстарымен айналысуға атсалысып, ғалымдарға қажетті ақыл-кеңестерін берумен айналысатын болады.

Далалық зерттеу жұмыстары 6 бағытта жүргізіледі:

  1. Солтүстік Қазақстан: Қостанай, Петропавл, Көкшетау;
  2. Оңтүстік Қазақстан: Қызылорда, Шымкент, Тараз;
  3. Қарағанды облысы: Қарағанды, Жезқазған;
  4. Шығыс Қазақстан: Павлодар, Семей, Өскемен;
  5. Батыс Қазақстан: Маңғыстау, Атырау, Орал, Ақтөбе;
  6. Алматы облысы: Алматы, Талдықорған.

Бүгінде осы алты бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін археолог, этнограф, мәдениеттанушы, өлкетанушылардан және өзге де ғалымдардан құралған этномәдени-ғылыми экспедициялар зерттеу жұмыстарын бастап кетті.

Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның соңғы жиынында белгілі болғандай, бүгінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында 600 нысан белгіленіпті. Олардың 22-де ғылыми-реставрациялық жұмыстар басталып кеткен.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық»

Бұл да «Рухани жаңғыру» идеясы аясында жүзеге аса бастаған тың жобалардың бірі. Жоба аясында 100 оқулықты қазақ тіліне аудару жоспарланған.

Бүгінде кітаптарды қазақ тіліне аударумен айналысатын жұмыс тобы құрылды. Оның құрамында ЖОО мен ҒЗИ ғалымдары және танымал саясаттанушылар бар.

Жұмыс тобының жоспарына сәйкес, оқулықтарды іріктеуге байланысты концепция мен әдістемелік жинақ әзірленген. Осы жинақ пен концепцияда көрсетілгендей, оқулықтар төмендегі критерилер бойынша іріктеледі:

Бірінші. Оқулықтар гуманитарлық бағытта болуы шарт: тарих, философия, саясаттану, әлеуметтану, психология, мәдениеттану, филология, педагогика, сондай-ақ, түркітануға байланысты оқулықтар.

Екінші. Оқулықтар әлемдегі ең үздік 100 ЖОО-да кең қолданыста және танымал баспаханалардың базасында (мәселен Cengage Learning) болуы тиіс.

Үшінші. Оқулықтар міндетті түрде бірнеше рет басылып шыққан болуы керек және соңғы басылған уақыты 2014 жылдан ерте болмауы тиіс. Сонымен қатар, кіаптағы еңбектердің маңыздылығына да ерекше мән беріледі.

Бүгінгі таңда аталған жұмыс тобы 17 оқулықтың тізімін белгілеп, аудармашылар оларды аударуға кірісіп те кетті. Алғашқы екі кітаптың аудармасы тоық аяқталған. Қалғандары аяқталуға жақын, мамандар шамамен 80 пайыз жұмысты еңсерді.

Аударма жұмыстарымен айналысу үшін Wikibilim қоғамдық қорының базасында «Ұлттық аударма бюросы» деген тағы бір қор құрылды. Оның кеңселері Астана мен Алматыдан ашылып, жұмысшылары толықтай бекітілді.

Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет

Аталған жоба қазақ ұлтының мәдени мұрасын жаңғыртуға бағытталып отыр.

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша бүгінде үздік туындылардың тізімі жасалды.

Оған әдебиет саласындағы 216, «театр, кино және хореография» жанрындағы 48, бейнелеу өнері бойынша 182 және музыка саласындағы 200-ден астам шығарма енгізілді.

Туындыларды алдын ала іріктеу қоғамдық талқылауды ескере отырып жасалады. Одан кейін тізім оның іріктеу талаптарына сәйкестігін сараптау үшін сараптамалық топтарға ұсынылады.

Қазақстандағы 100 жаңа есім

Қазақстанның 100 жаңа есімі де әр облыстардан ұсынылып жатыр. Бүгінде республикалық комиссияға барлығы 1500-ден аса ұсыныс келіп түсіпті. Енді қазір оларды іріктеу жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетерлігі, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына кез келген азаматтың есімі кіре бермейді. Олар тәуелсіз Қазақстанның дамуына зор үлес қосқан тұлғалардан іріктелуі тиіс. Атап айтқанда, қоғам және саяси қайраткерлер, мәдениет және спорт саңлақтары немесе ерлігімен көзге түсіп, адамдардың өмірін құтқарған қарапайым азаматтар 100 адамнан тұратын тізімге енеді деп жоспарлануда. Олардың қатарында дәрігерлер, полицейлер, мұғалімдер де болады деп жоспарлануда.

Туған жер

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында сондай-ақ «Туған жер» деген бағдарламаға да ерекше мән берілгені белгілі. Аталған жобаның басты мақсаты – ауыл-аймақтардағы мәдени, рухани өмірді жандандырып, ауыл тұрғындарының әлеуетін арттыру. Яғни, елімізге танымал азаматтар өз ауылдарына барып, игілікті іспен айналысуы тиіс. Мәселен, бүгінге дейін кәсіпкерлер, депутаттар мен қоғам қайраткерлері, тіпті эстрада жұлдыздары да өз туған жерлеріне барып, қайырымдылықпен айналыса бастады. Атап айтқанда, ауылдарға жолдар түсіп, мектептер мен ауруханалар заманауи технологиялармен жабдықтала бастады. Сондай-ақ, көгалдандыру, тау боп үйілген қоқыстарды тазарту, өзен аңғарларын тазарту секілді жұмыстар да осы «Туған жер» бағдарламасының аясында жүзеге асып жатыр.

Тіпті, қалталы кәсіпкерлер өз ауылдарының оқушыларын Астанаға алып келіп, «ЭКСПО-2017» көрмесін аралатуда. Сөзімізге бір мысал ретінде оңтүстікқазақстандық меценат Оралбек Ботбайдың әрекетін айтуға болады. Өткен аптада ол өзі туған Қошқар ата ауылынан дарынды 30 баланы елордаға өз есебінен алып келіп, олардың болашақ энергиясымен танысуларына мүмкіндік жасап берді.

***

Жалпы, «Рухани жаңғыру» идеясы ұзақ мерзімге жоспарланған жоба. Елбасы осынау жобаны жүзеге асыру арқылы халықтың санасын жаңғыртып, өркениетті қоғам құруды көздеп отыр. Бұл ретте жастарға үлкен жауапкершіліктің артылып отырғанын айта кету керек. Атадан қалған мына жерді, тіл мен дәстүрді сақтап қалу өз алдына, қазіргі ұрпақ Қазақстанды әлемдегі ең дамыған елдердің қатарына қосуы тиіс. «Рухани жаңғыру» болса осы міндетті жүзеге асыруға сеп болатын басты құралға айналмақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары