$ 444.22  476.38  4.82

Алматыны туристер үшін барынша жайлы қала ету жұмыстары қолға алынды

Алматыны саяхатшылар үшін барынша қолайлы қала етпестен бұрын ең алдымен алматылық туристің портреті жасалатын болады. Бұл жұмыспен Алматы қаласы туристік-ақпараттық орталығының мамандары айналыспақ.

Аталған орталықтың директоры Әсел Нұркебаеваның айтуынша, туристердің Алматыға деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді екен. Мәселен, әлемге танымал Tripadvisor туристік порталының «Алматы» парақшасына 2017 жылы 748 250 адам кіріп, қаламен онлайн танысып көрген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 200 мың адамға көп екен. Яғни, Алматы саяхатшылардың сүйікті орнына айнала бастады.

Tripadvisor порталының мәліметінше, «оңтүстік астанаға» келушілердің көшін Ресей азаматтары бастайды екен. Екінші орында АҚШ, үшінші және төртінші орындарды Үндістан мен Қытай азаматтары өзара бөліскен.

Сондай-ақ, саяхатқа Алматыны жиі таңдайтындар қатарында Германия, Түркия және Германия тұрғындары да бар. Шетелдіктер көп жағдайда қонақ үйлерді алдын ала бронь жасатып қояды.

Бүгінде Алматы қалалық Туризм басқармасы әуежайға туристерге арналған ақпараттық баған орнатып қойған. Бұл орынға күн сайын шамамен 50 турист келіп қала туралы ақпарат алады екен. Енді дәл осындай ақпараттық бағандар Алматы-1 және Алматы-2 темір жол станцияларында да пайда болмақ.

«Тамыз айында Алматы әуежайындағы ақпараттық бағанға 1867 турист келіп ақпарат алған. Күніне орта есеппен 57 адам келіп-кетеді. Олардың 16 пайызы қазақстандықтар, 22 пайызы – Ресей азаматтары, 4 пайызы – Оңтүстік Корея, 5 пайызы – Түркия және 4 пайызы Қытай елдерінің азаматтары», - дейді Әсел Нұркебаева.

Сонымен қатар, туристер жиі шоғырланатын орындарда туристерге арналған дүңгіршектер де пайда болады. Олардың бірі Абай мен Достық көшелерінің қиылысына орнатылмақ. Екіншісі Арбатта қызмет көрсетеді.

Алматы қаласы бойынша Туризм және сыртқы байланыс басқармасы басшысы Ерлан Жайлаубайдың айтуынша, Алматыда қала туристінің портреті әзірленеді. Ол үшін аталған басқарма қалалық Туристік-ақпараттық орталық пен Дүниежүзілік туристік ұйыммен (UNWTO) бірлесе зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

«Бұл Жібек жолына келген туристің портреті болады. Алматының әлем саяхатшыларына ұялмай көрсететін құндылықтары бар. Біздің өз тарихымыз, төл мәдениетіміз бар, солармен мақтана аламыз», - дейді Ерлан Жайлаубай.

Зерттеу жұмыстарына шамамен 100 адамдай қатысады. Олардың қатарында туризм саласының қызметкерлері мен еріктілер бар. Маңызды зерттеу 6 айға жалғасатын болады. Респонденттерден олардың жасы, ұлты, азаматтығы және білімі сұралады. Әзірге Алматыға келген 1000 турист сұрақ-жауапқа тартылмақ.

«Біз Алматыға келген туристің кім екенін, не мақсатпен келгенін, қанша уақыт болатынын, қаладан алған әсерінің қандай екенін, келер жылы келу жоспарында бар немесе жоқ екенін, Алматыға дейін қандай қалаларда болғанын білгіміз келеді. Бұлардың барлығы болашақта туристер үшін жағдайды жақсартуға қажетті сауалдар», - дейді Дүниежүзілік туристік ұйымның сарапшысы Николас Голфинопулос.

Туристерге қолайлы болу үшін 2GIS мобильді қосымшасы ағылшын тіліне аударылатын болады. Ал, қаланың тарихы орындарына тегін интернет тартылады.

Осы ретте айта кету керек, Алматы қаласын еліміздің туристік кластеріне айналдыруды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында арнайы тапсырған болатын. Атап айтсақ, 85-қадам аясында «Үлкен ел - үлкен отбасы» кең көлемді жобасы жүзеге асуы тиіс. Осы жобаның барысында еліміздің, соның ішінде Алматының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы дайындалып, іске асады. Сонымен қатар, дәл осы құжаттың 57-қадамында Президент туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторлар тартуды да тапсырып отыр. Жоғарыда аталған жұмыстар осы Ұлт жоспарын орындау үшін атқарылып жатқанын ескеру керек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары