$ 444.32  473.33  4.76

«Біздің денсаулығымыз – өз қолымызда!»

Қазақстан 2050 жылға дейін әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруді көздейтінін жақсы білеміз. Бұл үшін Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясын дайындаған болатын. Бірнеше саланың қарқынды дамуына негізделген маңызды құжат толыққанды жүзеге асқанда қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі бірнеше есеге артып, Батыстың дамыған елдерімен иық тіресе алатын дәрежеге жетеді. Тек ол үшін Стратегияда көрсетілген міндеттер қағаз жүзінде емес, іс жүзінде орындалу тиіс.

Аталған құжатта көрсетілген басым бағыттардың бірі – денсаулық сақтау саласы. Яғни, халықтың өмір сүру жасын ұзартып, науқастарды емдеуде заманауи технологияларды пайдалану. Мамандардың біліктілігін арттырып, халықтың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау.

Бүгінде дәл осы денсаулық сақтау саласында орын алып жатқан оң өзгерістер көп. Жыл сайын республика көлемінде түрлі акциялар өткізіледі. Солардың биыл қолға алынған «Денсаулық фестивалі – 2017». Аталған жоба аясында күні бүгін Шымкентте «Біздің денсаулығымыз – өз қолымызда!» деген атаумен кең ауқымды акция өтті. Шараны Оңтүстік Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырып отыр. Шараға қала тұрғындары,  білім, денсаулық сақтау салаларының қызметкерлері, мектеп оқушылары мен студент жастар қатысты.

Акцияның ашылу салтанатында сөз алған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев шараның салауатты өмір салтын қалыптастырудағы маңыздылығын атап өтті.

«Еліміздің ұзақ мерзімді «Қазақстан-2050» даму     стратегиясының ең маңызды басымдылықтарының бірі денсаулық, білім алу мен Қазақстан азаматтарының  әл-ауқатын арттырып, салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Осы орайда бүгінгі фестивальдің берері мол. Акцияның мақсаты – жұртшылықты  салауатты өмір  салтын ұстануға шақырып, қоғамның, бұқара халықтың назарын аудару», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Айта кетейік, «Денсаулық  Фестивалі»  1999 жылдан  бастап  жыл  сайын  қыркүйек айында республиканың барлық өңірлерінде өткізіледі. Биылғы жылы акция салауатты өмір салтын қалыптастыру қызметінің 20 жылдығы мен «ЭКСПО-2017 АСТАНА»  халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылып отыр.

Акция «Жүру зиян емес, жүрмеу зиян» ұранымен жаяу жүру марафонынан бастау алды.  Шараға медицина ұйымдарының қызметкерлері мен  студент жастар қатысып, Желтоқсан көшесі мен Д.Қонаев даңғылының қиылысынан әл-Фараби алаңына дейін жаяу жүріп өтті.

Мұнан соң акция қатысушылары «Менің денім сау болса, елім сау» флешмобы мен «Салауатты рух» атты спорттық көріністерді тамашалады. Сонымен қатар,  мектеп оқушыларының қатысуымен «Пайдалы тағамдар», «Күз сыйы» атты көрмелері аясында өнімдердің пайдалы қасиеттерін дәріптейтін мастер-класс сабақтары ұйымдастырылды. 

Бұдан бөлек, арнайы құрылған «Денсаулық қалашығында» қала тұрғындары мен қонақтары медициналық жолдамасыз-ақ дәрігерлерге қаралып, түрлі диагностикалық тексерулерден өтіп, тегін жедел-анализдер тапсыруға мүмкіндік алды. Іс-шара соңы көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын түрлі мәдени-спорттық бағдарламаларға ұласты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары