$ 442.05  474.14  4.74

Алматының 100 жас азаматы жыл соңына дейін баспаналы болмақ

Алматыда жастарға арналған «Алматы жастары» атты жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Оның аясында 35 жасқа дейінгі алматылықтар жеке пәтерге ие болу үшін жеңілдетілген заемге қол жеткізе алады. Алматы қаласы әкімдігі мен «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» осындай ортақ келісімге келіп, отыр.

Осыған орай «Жастар Үні» жастар қоғамдық бірлестігі «Көзқарас» жобасы аясында «Жастар және баспана» тақырыбында арнайы кездесу өткізді.

– «Жастар және баспана» тақырыбында Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы және «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» өкілдерімен кездесу өткізіп, жаңа бағдарламаны жастарға түсіндіру жұмыстарын бастадық. Бұл бағдарламаның тұрғынүй басқармасына қатысы жоқ. Ол тікелей тұрғын үй жинақ банкіне қатысты. Тұрғын үй басқармасындағы кейбір кемшіліктер мен ұзын-сонар кезекті бұл бағдарламамен шатастырмауларыңызды сұраймыз. Бұл жастарды қолдауға арналған жаңа бағдарлама, - деді «Жастар Үні» Жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дәурен Бабамұратов.

«Алматы Жастары» бағдарламасының басты ерекшелігі пайыздық төлемнің төмендігінде — көлемі 10 млн. теңгеге дейінгі заемға жылына 5% жеңілдік беріледі. Бағдарлама бойынша несиені қайтару мерзімі төлем қабілетіне қарай жеке жасалады: 3 жылдан 25 жылға дейін.

– Мұндай бағдарлама қаламызда ғана емес, мемлекеттің өзінде бірінші рет болып отыр. Біздің банк қала әкімімен бірге келісімге келді. Бізде Алматы қаласының филиалында 147 мың салымшы бар, оның 50 мыңы 20 мен 30 жастың аралығындағы жастар. Осы бағдарлама бойынша, тек жас отбасылар ғана емес, барлық жастар қатыса алады. Ең бастысы, 35 жасқа толмаған болуы керек. Сондай-аұ, Алматы қаласында кем дегенде 6 ай жұмыс өтілі, қаланың тіркеуі бір жылдан кем болмауы қажет. Бізде 23 қазаннан бастап үшінші қарашаға дейін алматы жастары сайтында өтініштер қабылданып жатыр. 3 қарашадан кейін өтініш беру тоқтатылады, - дейді «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» Алматы қалалық филиалы директорының орынбасары Диас Рахымбаев.

Аталмыш бағдарламаға бір күннің ішінде 1300-ден астам өтініш толтырылса, бірінші күні сайтқа 40 мыңға жуық қатысушы тіркеліп, жаңалықты қарап үлгерген. Бұл қала жастарының қызығушылығы мен белсенділігін білдіреді дейді қала әкімдігінің өкілі.

– Жалпы, бұл жоба бойынша басты айта кететінім, пилотты тұрғыда, яғни эсперимент ретінде жүзеге асырып отырмыз. Жоба әзірге Алматы қаласында ғана. Бұған дейін бірде-бір өңірде бұл бағдарлама болған жоқ. Енді өзімізге осындай тәуекел етіп, жылдың соңына дейін 100 пәтерді таратып көрейік, жастарға осындай жеңілдік жасап көрейік деген тәуекелге бардық. Енді екі аптаның ішінде өтініштер қабылданады. Жоба жақсы нәтиже көрсетіп, жылдың соңына дейін шынымен 100 отбасы баспаналы болып жатса, онда келесі жылы қайта қарастырамыз деген үміт бар, - деді Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Шыңғыс Бескемпіров.

Айта кетейік, аталған бағдарлама бойынша жыл соңында 100 отбасы мен жастар баспаналы болады деп жоспарланып отыр. Іріктеуден өткен 100 жас 10 күн ішінде пәтер таңдап, заемге қол жеткізеді. Нақтырақ, заемның көлемі 10 миллионнан аспау керек. Егер 10 милионнан асып тұрса, қалған ақшаны өзі қосуға болады немесе банк ұсынысы бойынша кредит алуға болады. Ең маңыздысы, банк өкілдері жеке басыңызда жылжымайтын мүлік болмауы керектігін ескертеді.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары