$ 446.49  475.38  4.79

Қазақ зиялылары қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне қатысты пікірлерін айтты

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің латын графикасына көшуі туралы жарлыққа қол қойғаны белгілі. Енді 2025 жылға дейін қазақ тілі кезең-кезеңмен кирилл қарпінен латын қарпіне көшіріледі.

Елбасының бұл идеяны айтқанына он жылдан астам уақыт өтті. Дегенмен, оны іс жүзінде жүзеге асыру тек биыл ғана қолға алынып отыр. Кеше сәуір айында Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көргеннен кейін латын әліпбиінің қазақша бірнеше нұсқасы әзірленіп, ол қоғамда кең талқыланған болатын. Ал, кеше Мемлекет басшысы осы нұсқалардың соңғысына тоқталғанын айтып, қазақ тілі сол графикаға көшетінін мәлімдеді.

Осынау маңызды реформаға орай ұлт зилылары өз пікірлерін білдіріп жатыр. Солардың кейбірін назарларыңызға ұсынамыз.

Шөмішбай Сариев, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Бұл тақырыпқа байланысты біздің ұжымда, яғни М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында митинг ұйымдастырылды. Институт директоры Уәлихан Қалижанұлы сөз сөйледі, мен өлең оқыдым, тағы бірнеше ғалымдар, соның ішінде Еркін Ғалымов деген жас ғалым пікірімен бөлісті. Латын қарпіне көшу – бұл жаңа құбылыс, жаңа бір дәуірдің басталғандығы. Біз латын қарпін бұрын да қолданғанбыз, бірақ сол кездегі империяның күштеуімен кириллицаға өттік. Енді міне, тәуелсіздігіміздің тұсында әлемдік тілмен үндесуімізді қолдаймыз. Бұл қазақ халқының өз үні, өз дауысы, өз дыбысы бар екендігін білдіреді. Латын әліпбиі бұл ғасырлар бойы қалыптасқан, өмірлік тәжірибесі бар қаріп. Сондықтан, Елбасының бұл бастамасын ақын ретінде, азамат ретінде қолдаймын.

Сәбит Оразбаев, ҚР Халық әртісі:

– Ең басынан бастап латын әліпбиіне өтуді қолдадым. Алайда бір үрей болды, бұл процесс көпке созылып кетпей ме деген. Бүгін алдағы уақытта біз жұмыс істеп, білім алатын әліпбидің нұсқасын бекітті дегенде өте қатты қуандым. Көпке созбай, жұмысты жинақылықпен жүргізгендеріне ризамын.

Әлем елдерінің 70% латын әліпбиін қолданып, жетістікке жетіп жатыр. Біз неге көштен қалуымыз керек. Негізінде менің және басқа да замандастарымның туу туралы куәлігі, алғашқы оқыған кітаптары латын әліпбиінде жазылған болатын. Сондықтан аға буын өкілдеріне де латын қарпімен жазып, оқу қиындық тудырмас.

Ислам Байрамуков, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері:

– Елбасының бүгінгі латын қарпіндегі жаңа әліпбиді бекіту туралы жарлығын, ондағы үкіметке берілген тапсырмамен танысып, қуанып қалдым. Жалпы бұл өзгерісті толығымен қолдаймын. Елімізге керек нәрсе деп санаймын және бұл бастама келешек ұрпақ үшін өте маңызды. Тарихты зерттеу үшін, ғылым мен көркем өнерді дамыту мақсатында көп көмек болатыны анық. Сонымен қатар, білім алуда да жеңілдіктер болады деп ойлаймын. Мысалы Әзірбайжан, Түркия елдері еш қиындықсыз осыған өтті. Шет елден келген қонақтарға да латын әліпбиінде жазылған көшелерді, мекен жайларды оқу, олармен пікір алмасу өте оңай болады

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары