$ 449.58  486.94  4.86

«Нұрлы жол». Жол – экономиканың күретамыры

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы күн тәртібінде тұр. Бүгінде бұл бағдарлама аясында халықаралық және республикалық маңызы бар күре жолдар қайта салынып, ескісі жөнделуде.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, халықты жұмыспен қамту  мен отандық құрылыс материалдарын өндірушілерді ынталандыру мақсатында аталған бағдарлама аясында соңғы екі жыл ішінде автожол жобаларын орындауға 616 млрд теңге бөлініпті. Оның 329 млрд теңгесі Ұлттық қор есебінен қаралған. Ал министр келтірген деректерге сүйенсек, бөлінген қаражат бүгінде толық игерілген.  «Нақтылай түсетін болсақ, бұл қаржыға республика аумағы бойынша 9 жоба іске асырылды: «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Ор­талық – Оңтүстік», «Орталық – Шығыс», «Бейнеу – Ақтау», «Ал­маты – Өскемен», «Астана –Петро­павл», «Жезқазған – Петро­павл», «Ақтөбе – Атырау» және «Орал – Каменка» жолдарында жұмыс қызу жүріп,  жол  құры­лы­сымен Қазақстанның 12 айма­ғындағы 2 мың шақырым қам­тылды. Жобаларға еліміздің 75 мың адамы қатыстырылып, мате­риал­дардың 90 пайызын отандық өнді­рушілер дайындады. Осы атал­ған шаруалардың барлығы «100 нақты қадам» Ұлт жос­пары­ның 92-қадамы шеңберінде жүзеге асырылды», – деді Ж.Қа­сымбек. Қазіргі уақытта министрлік пен облыстық әкімдіктер бір­лесе отырып, республикалық маңы­зы бар автожолдарда жол қызме­тінің объектілерін жаңарту жөнін­де жұмыстар жүргізуде екен. Мұның сыртында, «Нұрлы жол» аясында 2020 жылға дейін негізгі халықаралық дәліздерде Ұлттық стандартқа сай келетін 260 қызмет нысандарын дамыту көзделуде.

7 мың шақырым жол ақылы болады

Елімізде ақылы жолдың енгізілгеніне бірнеше жыл болды. Алдағы уақытта тағы да бірнеше жолға осы жүйе енгізіледі деген жоспар бар. Көлік иесі қай жолдармен жүргені үшін ақша төлемек? Құнында өзгеріс бола ма? Жалпы, ақылы жолдар қаншалықты өзін-өзін ақтауда?

Мәжілістегі Үкімет сағаты барысында министрге түрлі сауалдар қойылды. Оның дені жол мәселесіне бағытталды. Парламент мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаевтың «Бірнеше жылдан бері Астана мен Бурабай аралығындағы жолда ақылы жүйе қызмет етіп келеді. Өзіңіз атап өткендей, осы жолмен жүру құны да өзгеріске ұшыраған жоқ. Дегенмен де болашақта ақылы жолдың құнын көтеру жоспарларыңызда бар ма?», – деген сұрағына Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек 4-5 жылдан бері «Астана-Бурабай» жолында жүру құны өзгермегенін айта келе, оның жеңіл көліктерге шақырымына 1 теңге, ал жүк көліктеріне 6-8 теңгеге дейін жететінін атап өтті. «Алдағы 1-2 жылда бағаны көтеру жоспарымызда жоқ. Бірақ болашақта жолда жүру ақысын көтеру керек деп санаймыз. Себебі, құрылыс материалдарының бағасы өсіп жатқаны белгілі. Сонымен қатар жолды күтіп ұстау жанар-жағармай көп көлемде қажеттілік етеді. Осы орайда отын бағасы өсіп жатыр. Қазір емес, алайда 2-3 жылдан кейін осы мәселені қайта талқылауға саламыз деп ойлаймыз», – деп жауап берді министр.

Сондай-ақ, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек биыл елімізде ақылы жүйеге ауысатын жолдар туралы әңгіменің шетін шығарды. «Жобалардың аяқталуына қарай кезең-кезеңмен жолдарға ақылы жүйені енгізу ескерілген. Осы орайда жолдарды күтіп ұстау қамтамасыз етіліп, бюджетке жүктемені төмендетеді. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2020 жылға қарай ақылы жүйе 6 мың шақырымға, ал кейіннен 7 мың шақырымға дейін енгізіледі. Ақылы жүйе биыл жыл соңында Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы-Қорғас учаскелерінде іске қосылатын болады. Құны Астана-Щучье автожолындағыдай болады, яғни жеңіл көліктерге 1 шақырымына 1 теңге, жүк көліктері салмағының ауырлығына қарай 18-25 теңге төлейді. Бұл жолдардың жалпы қашықтығы 500 шақырымға жуық», – деді. Бір айта кетерлігі, осы тариф бойынша автожолдар өздерін толығымен ақтайтын көрінеді. Мәселен, былтыр Астана-Бурабай ақылы автожолы бойынша 1 млрд 251 млн  теңге жиналып, толығымен өзінің күтіп ұсталуына жұмсалған. Ал 2022 жылға дейін 7 мың шақырым жолды ақылы еткеннен кейін, барлық жолдарды республикалық бюджеттің қатысуынсыз күтіп ұстауға болатыны түсінікті.

Айтпақшы, Қазақстан автомобиль тасымалы бойынша Сербиямен келісім жасады. ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр: «2016 жылы Қазақстан мен Сербия арасында тасымалданған жүктердің көлемі 15 процентке көбейіп, 5,5 мың тоннаны құрады. Екі ел арасындағы автомобиль тасымалын жүзеге асыру үшін құқықтық нормалар бекітіліп, автотасымал түрлері регламенттелуде, сондай-ақ бланк алмасуға рұқсат ететін квота белгілеу тәртібі ұсынылған. Келісімге сәйкес, екіжақты және транзиттік жүктерді тасымалдау еркін түрде, ал үшінші елдерге тасымалдау рұқсат негізінде жүзеге асырылады. Бұл шарт қазақстандық автотасымалдаушылар үшін тиімді, себебі Болгария, Грекия және Хорватиядан жүк тасымалдаған кезде қазақстандық тасымалдаушылар Сербияның аумағын пайдаланады», – деді. Депутаттардың сұрағына жауап берген вице-министр қазіргі таңда Қазақстан мен Сербия арасында жолаушылар тасымалының жүргізілмей жатқандығын, алайда бұл мүмкіндіктің келісімде қарастырылғанын атап өтті. Жүктер екі бағыт бойынша тасымалдануда: Ресей мен Беларусь арқылы – солтүстік бағыт, Түркия арқылы – оңтүстік бағыт.  

Автожолдардың 4,4 мың шақырымы қайта жөнделеді

Әлбетте, министрлік қолға алған негізгі мәселе – жол. Әр мемлекеттің дамуы – жолымен өлшенеді. Өйткені жол – тіршіліктің күретамыры, экономиканың қуатты даму көзі. Алайда бүгінде салынып жатқан жолдар қаншалықты сапалы? Жұртты да мазалайтын түйткіл осы. Көптің көкейінде жүрген сауалға жауап берген Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек: «Республикамыздың жолдарын дамыту Елбасы мен Үкіметтің ерекше бақылауында. 2020 жылға дейін республикалық маңызы бар автожолдарының 4,4 мың шақырымын реконструкциялау, 6 мың шақырымын жөндеу жоспралануда. Салынып жатқан жолдардың сапасы өте жоғары. Мердігер ұйымдар, техникалық және сапаны қадағалайтын қызметтер қазіргі уақытта озық технология және заманауи қондырғылармен қамтамасыз етілген. Ол жерлерде жоғары дайындықтардан өткен кәсіби қызметкерлер жұмыс істейді», – деді. Ал жол құрылыс-жөндеу жұмыстарына 90-95 пайызы отандық құрылыс материалдары қолданылады екен. Жалпы қиыршық тас, битум, цемент, темірбетон конструкциялары, сияқты және т.б. басқа материалдар отандық өндірушілерден сатып алынады. Министрдің айтуынша, елімізде битум шығаратын 4 зауыт бар. «Олар Павлодар, Ақтау, Шымкент, Алматы қалаларындағы зауыттар. (Павлодар Мұнай химиялық зауыты, Ақтаудағы Каспии Битум зауыты, Алматыдағы Асфальт-бетон зауыты, Шымкенттегі Газпром мұнай битумы) Сонымен қатар, цемент пен темірбетон конструкцияларын 10-нан аса зауыт толығымен қамтамасыз етеді. Тек қана бетонға қолданатын арматураның кейбір маркалары Ресейден алынады», – деді Жеңіс Қасымбек мырза.

Елімізде 2008 жылдан бастап салына бастаған «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізінің де сағыздай созылып кеткені мәлім. Тіпті, жол салу жұмыстарында  кемшіліктер орын алғанын министрліктің өзі жасырмайды.  «Төселген жол учаскелерінде анықталған кемшіліктер бойынша кейінге үлгі боларлықтай 3-4 оқиға орын алды. Оның ішінде «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізінде бір жағдай Жамбыл облысында, ал екіншісі Оңтүстік Қазақстан облысында анықталды. Жамбыл облысында жол учаскесі беткі қабатының қабыршақтануы байқалды. Ал екіншісінде корейлік компанияның мамандары өздері жолдағы кемшілікті анықтады. Осы орайда, бетонның астындағы арматураның дұрыс қойылмағандығы белгілі болды. Компания өз тарапынан бұл кемшіліктерді түзетті. Жалпы, осы келісімшарттар бойынша кепілдемелік мерзім бар, яғни халықаралық шарттар тұрғысында 2 жыл ескерілген. Егер де екі жылдың ішінде жолда ақаулар байқалса, мердігер компания өзінің есебінен жолды қалпына келтіруі тиіс. Ол үшін біз аталған мерзімде шарттың құнынан 5 пайыздық банктік кепілдемені сақтап тұрамыз. Бұл айтарлықтай қатаң шара және осы тәжірибені халықаралық қаржылық институттар ұсынған болатын», – деді министр.

Қазақстанда тек биылдың өзінде 602 шақырым автокөлік жолы салынбақ. Ендеше тең-тең тауар тиелген жүк көліктерінің жол азабы азаятын түрі бар.  Инвестициялар және даму министрінің айтуынша, 2016 жылы «Көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы» «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасымен біріктірілді. «Енгізілген өзгерістер бойынша 2017-2019 жылдары бағдарлама аясында ұзақтығы 4,4 мың шақырым, құны 1,7 триллион теңгенің  23 жобасын іске асыру көзделген. Биылғы жылы автожолдар реконструкциясына 356,2 млрд теңге, оның ішінде Ұлттық қордан 143,5 млрд теңге бөлінді», – деді Жеңіс Қасымбек. Астана – Қарағанды, Орталық – Шығыс, Бейнеу – Ақтау, Орталық – Батыс, Қапшағай – Талдықорған, Петропавл – РФ шекарасы және Орал – Каменка сияқты ұзақтығы 602 шақырым болатын 7 ауыспалы жобада жұмыс жалғасып, биылғы жылдың соңында аяқтау жоспарланған. Министр атап өткендей, республикалық бюджет және халықаралық қаржы институттарының қаражаттары есебінен жалпы ұзақтығы 3,2 мың шақырым болатын 16 жаңа жобаның реконструкциясы басталмақ. Олар: Ақтөбе – Мақат, Атырау – Астрахань, Күрті – Бурылбайтал, Бурылбайтал – Балқаш, Мерке – Бурылбайтал, Талдықорған – Өскемен, Ұзынағаш – Отар, Жетібай – Жаңаөзен, Қалбатау – Майқапшағай, Үшарал – Достық, Бейнеу – Ақжігіт, Қостанай – Денисовка, Щучинск – Зеренді, Астананың Оңтүстік-Батыс айналма жолы, Осинов асуы, Таскескен – Бақты. Жалпы автожолдар реконструкциясы жұмыстарына 100 мыңнан астам адам тартылады.

Министрлік Батыс Қазақстан облысының автожолын дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр. «Биыл 24 млррд теңге қарастырылып, Орал-Каменка автожолының реконструкциясына 9,7 млрд теңге бөлінген. Биыл 50 шақырым жолдың қозғалысын қамтамасыз ету жоспарланса, жалпы, жобаны 2018 жылы толық аяқтау көзделуде. Сол сияқты Чапаев-Жалпақтал-Қазталов жолының күрделі жөндеу жұмысына 1,7 млдр теңге бөлініп, биыл жол Жалпақталға дейін толығымен аяқталады. Ал Казталов-Жәнібек автожолының 20 шақырымын күрделі жөндеуден өткізуге 1,2 млрд теңге қарастырылған. Бұл аралықтағы жолдың құрылысы да биыл аяқталады. Одан әрі қарайғы жолдарды жөндеу 2018-2019 жылдарға жоспарланды», – деді министр.

Д.Мыңжасарқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары