$ 513  541.16  4.69

Алматыда «жасотандықтар» «Латын әліпбиі – келешектің кілті» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді

«Жас Отан» Жастар қанаты Алматы қалалық филиалының «Еркін пікір» пікірсайыс клубының аясында жасотандықтар латын әліпбиіне көшу мен алфавиттің жаңа нұсқасын талқылау мақсатында «Латын әліпбиі – келешектің кілті» тақырыбында кездесу өткізді.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы негізгі бағыттарды түсіндіру мақсатында, атап айтқанда қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу сұрақтары аясында, қала бойынша бірқатар дөңгелек үстел, флэшмоб және семинарлар өткізіліп жүр.

Кездесу барысында жастардың латын әліпбиіне көшу жөнінде пікірлері тыңдалып, әліпбидің жаңа нұсқасы талқыланды.

Іс-шараға Медеу аудандық филиалының бірінші орынбасары Меруерт Мұқанова, Алматы қаласы бойынша «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Мәди Ахметов, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің оқытушылары және студенттері, қаланың белсенді жастары мен БАҚ өкілдері қатысты. 

- Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше ғана қазақ алфавитінің латын графикасында жасалған соңғы ңұсқасын мақұлдады. Әліпби нұсқасы қоғам арасында қызу талқыланып, біртұтас жағымды бағыттағы пікірлер қалыптасты. Ең бастысы, латын әліпбиіне көшу кезеңмен іске асады. Қазіргі күні жастар латын әліпбиін жақсы меңгеруде, сонымен қатар көптеген терминдер латын тілінде пайдаланылады. Сонымен қатар, тілдің өзгермейтінін, тек қана жаңартулар енгізілетінін ерекше атап өткім келеді, - деді «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Мәди Ахметов.

Кездесу барысында жастар латын графикасына көшу тақырыбына ерекше қызығушылық танытып, белсенділік танытты. Талқылау барысында жастар латын әліпбиінің жақын арада қолдануға енгізілуіне қатысты ұсыныстарын білдірді. Сонымен қатар, жасотандықтар Қазақстанның дамуы үшін латын әліпбиіне көшу маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Іс-шара соңында, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Жанар Дәуренбаева барлық жиынға қатысушыларға және іс-шараны ұйымдастырушыларға өз алғысын білдірді.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру идеясын он жылдан астам уақыт бұрын көтергенімен, оны іс жүзінде жүзеге асыру тек биыл мүмкін болып отыр. Ағымдағы жылдың сәуір айында Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласы жарық көргеннен кейін ғана латынға көшу процесі қолға алына бастады. Тіл мамандары жаңа әліпбидің бірнеше нұсқасын даярлап, оның екеуі Елбасының назарына ұсынылды. Бүгінде қоғам осынау нұсқаларды өзінше талқылап, өз пікірлерін айтып жатыр. Алдын ала болжам бойынша, биыл жыл соңына дейін жаңа латын әліпбиінің нұсқасы бекітіліп, ана тіліміз 2025 жылға дейін бұл әліпбиге кезең-кезеңмен көшетін болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары