$ 439.43  473.31  4.82

Елбасының құрметіне Қазақстанда жаңа қала салынуда

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Алматы облысына жасаған сапары барысында мемлекет үшін аса бір маңызды жаңалық айтыл­ды.

Ол шекаралық аймақта салы­нып жатқан жаңа қалаға байла­нысты. Сапар аясында Елбасы Панфилов ауданына арнайы ұшып барып, шекара маңында бой көтеріп келе жатқан Нұркент қаласының құрылыс жұмыстары­мен танысты. Қала құрылысы 2020 жылы бітпек. Жалпы аумағы 300 гектар жерді құрайтын Нұр шаһарда алдағы уақытта 100 мың адам тұрмақшы. Нұркенттің елі­міз үшін маңызы аса зор болмақ. 

Біріншіден, шекаралық ай­мақта, кедендік бекет бойында тұрғандықтан мұнда сауда көрігі қызары хақ. Яғни екі ел арасын­дағы сауда дәлізі қызметін атқар­мақ. Екіншіден, шаһарды салуға ондаған мың адам тартылмақшы. Жүздеген жұмыс орны ашылмақ. Мұның өзі тек қала емес, өңірдің гүлденуіне, халықтың әл-ауқаты түзелуіне жол ашпақ. Үшіншіден, шекараның ар жағында қытайлар салған «Қорғас» қаласына қанат­тас болмақ һәм қазақтың да қысқа уақыт ішінде іргетасы мықты, тұғыры биік қала сала алатынын көрші жұртқа көрсету. Имидж қалыптастыру. Ең бастысы, елі­міз­дің шекаралық аймақтарда халық санының сирей бастауына тоқтау салатындығы. Бұл – негізгі мәселе. Енді осы шекаралық аймақтар жөніндегі әңгімемізді тереңірек қамтиық.Тәуелсіз ел атандық. Шаңырақ тіктелді. Шекара шегенделді. Көк байрақ көкке көтерілді. Әлемдік геосая­сат­та орнымыз салмақты. Өрке­ниеттің алдына шықпасақ та, қатарындамыз. Ілкі сәтте елдің тұрмысы әрленді, экономика еселенді. Еңсе түзелді. Қидаласып жатқан өзге жұртпен салыстыр­малы түрде қарасақ, ел аман, жұрт тыныш дейміз. Хош. Десек те, кежегесі кейін тартқан түйткілдер бізде де жоқ емес екен. Соның бірі – елдің қауіпсіздігіне айтарлықтай әсер беретін шекаралық аудандар мәселесі. Рас, оңтайландыру сая­саты тұсында таратылған шекара­лық аудандарды қазір қалпына келтіретін күн туды. Заманның қиын жылдарында ақшаны үнем­деу үшін шекаралық аймақтардағы аудандарды сапырылыстырып, бір-біріне қосып, біріктіру қажет­тіліктен туындаған да шығар. Ал қазір еліміздің осы аудандарды қайта қалпына келтіруге мүмкін­дігі бар. Тіпті мұның саяси қыры да жоқ емес. Себебі, соңғы жыл­да­ры аймақтағы геосаяси жағдай­дың күрделенуі мен әлемдік дер­жава­лар­дың аймаққа деген кү­ресте ықпалдарының артуы, қауіп­сіздік мәселесін одан әрі күрделендіре түсуде. Бұған қоса аймақ мемле­кеттерінің әлеумет­тік-эконо­микалық жағдайлары­ның әр алуан болуы, халықтың күнкөріс қамымен жан-жаққа кө­шуі заңсыз миграцияны күшей­те түсуде. Де­мек, бізге шекараны қым­тап, со­ған тақау жатқан ау­дан­дардың әлеуетін арттыру қа­жеттігі өзінен-өзі туындап отыр. Басылым беттерінде жарияланған мына бір деректерге көз салар болсақ, шекара­лық аудандардың мәселе­сін қайта қарайтын кез жет­кенін аңғаруға болады. Мәсе­лен, Шығыс Қазақстан облысы бойын­ша алсақ 1997 – 2011 жыл­дар аралығында ғана шекаралық аудандардағы 45 елді мекен елі­міздің картасынан жойылып, 20-дан астам мектеп өз жұмысын тоқтатқан. 2012 жылға дейінгі дерекке қарағанда, 15 жыл ішінде шекаралық Зайсан, Қатонқарағай, Күршім, Үржар аудандарынан 85,1 мың адам көшіп кеткен. Сон­дай-ақ Алматы облысының шекара­лық аудандарындағы жағ­дай да мәз емес. Жалпы, шека­ралық аудандар тараған кезде жыл сайын көптеген мектеп жабылып, сол кезеңде 80-ге жуық ауыл то­лық жойылып кеткені талай мәрте баспасөз бетінде тілге тиек етілді. Қазір де өзгергені шамалы. Егер осы мәселені дереу қолға алып, тиісті шаралар қолданыл­маса, жағ­дайдың асқына беретіні анық. Өйткені шекарамызды қанша­лықты шегендедік десек те, сол шекаралық аймақта қара орман­дай қаптап, халық отырмаса бәрі бекер. Мемлекеттің тұтас­тығына төнетін қауіптің бірі осы. Тіпті жер мәселесі көтеріліп, соған ар­нап құрылған комис­сияның бір отырысында «Нұр Отан» партия­сы Төрағасының бірінші орынба­сары Мұхтар Құл-Мұхаммед, еліміздің шығыс өңі­рін­дегі бес бірдей аудан түгелімен мемлекет меншігінде болуы ке­рек­тігін айт­қан еді. Ол сол аудандар үшін алаң­дайтынын жеткізді. Өйткені аталған Шығыс Қазақстан облы­сына қарасты Үржар мен Зайсан, Алматы облы­сына қарасты Ала­көл, Панфилов, Нарынқол ау­данда­рының аумағы Еуропаның кейбір мемлекет­терінен үлкен. Сондықтан «мұн­дай шекара маңындағы жерлер мемлекеттің меншігінде қалғаны дұрыс деп есептеймін» деп еді Мұхтар Құл-Мұ­хаммед. Мәселе орынды ай­тылды, дер кезінде кө­терілді. Ен­дігі кезек сол шекара­лық аудан­дар­дың әлеуетін күшей­ту. Халық­тың көшуін тоқ­тату үшін, жұмыс орындарын көп­теп ашып, халық­тың күнкөрісіне жол ашу. Дәл осындай игі қадам Нұр­кент қа­ласы болмақшы. Мұны жақсы­лық­тың нышаны ретінде қабыл­дауға болады. Өйт­кені са­лынып жатқан шаһар шекаралық ай­мақты дамытудың алғашқы қа­дамы болуы тиіс. Мұның өзі сырт­қа кеткен жұрттың кері оралуына септігін тигізбек. Дәл осындай ірі жобалар өзге де шекаралық ау­дандарда қолға алынатын болса, шекарамыз тек шегенделіп қана емес, халықпен қымтала түсетінін де айтқанымыз абзал.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары