$ 447.4  477.55  4.76

ОҚО диқандары мақтаны жаңа технологиямен күтіп-баптайды

Шардара ауданындағы Жаушықұм ауылында бiраз жылдан берi жаңа технологиялық әдiспен мақта егiп келе жатқан шаруашылық бар. «Мырзакент» холдингiне қарасты «Иiржарагро» серiктестiгi 240 гектар алқапқа тамшылатып суару әдiсiмен шит сеуiп, жыл сайын мол өнiм алуға қол жеткiзiп келедi. Бүгiнгi таңда алғашқы терiмдi бастаған шаруашылық әр гектардан 45-50 центнерден өнiм алып отыр.

 «Иiржарагро» шаруашылығының басында аудан әкiмiнiң орынбасары Қайрат Жолдыбай, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлiмiнiң басшысы Талғат Әлiмқұл, ауыл әкiмдерi мен шаруа қожалық иелерi бас қосқан жиын өттi. Жиынға арнайы келген «Мырзакент» холдингiнiң президентi Салдар Жамалов аудан диқандарына жаңа технологиялық әдiстiң тиiмдiлiгiн егжей-тегжейлi түсiндiрiп бердi. Дайындалған жерге шиттi өзi сеуiп, оның үстiнен пленканы жауып және тамшылатып суаратын құбыр жүйесiн қоса төсеп кететiн жұмысты бiр ғана техникамен атқарып шығатын технологиялық әдiстiң пайдасы орасан. Ең бастысы, ала жаздай шабық шабу, жегене жасау, кетпендi көтерiп күндiз-түнi егiстiктi суару сияқты тiрлiктiң бәрi автоматты түрде жасалады. Көктемгi егiс кезiнде әр гектарына 150 мың теңгенiң көлемiнде шығын кетедi. Былайғы диқандар да гектарына бұдан көп қаржы жұмсамаса, аз шығынданбайды. Есесiне, тамшылатып суару әдiсiмен еккен алқаптың өнiмдiлiгi бiрнеше есе жоғары болады.

Осындай жағдайларды салыстыра отырып айтып берген С.Жамалов шардаралық шаруаларға алдағы жылы қол ұшын беруге дайын екендiктерiн жеткiздi. Яғни жаңа технологиялық әдiспен мақта егуге талапкерлер болса, қажеттi құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етуге «Мырзакент» холдингi әзiр.

Сондай-ақ, жиында биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында диқандарға мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер көрсетілетіні туралы да айтылды.

Ауыл әкiмдерi тың бастаманы кеңiнен түсiндiрiп, жаңа әдiспен мақта егу мол өнiм алудың кепiлi екендiгiн шаруаларға насихаттайтын болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары