$ 439.43  473.31  4.82

«Ашық үкіметтің» мақсаты не?

«Ашық үкімет» – коммуникацияның электрондық құралдары мен ақпараттық жүйелерді пайдалану негізінде мемлекеттік билік пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіруші.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған ауқымды реформалардың жаңа кезеңі – Ұлт жоспарын іс жүзіне асыру осы жылғы қаңтардан басталды.

Ұлт жоспарының «оларды іс­ке асыру жөніндегі 100 нақты қа­дамда» егжей-тегжейлі баяндал­ған 5 институттық реформадан тұра­тыны белгілі. Бұл реформалар бір-бірімен тығыз байланысты әрі сабақтас. Мемлекеттік қыз­мет­те 40 жылдық өтілі бар және Прези­дент Әкімшілігінде 1990 жылдың ма­мырынан жұмыс істейтін мемлекет­тік қызметші ретінде маған Мем­лекет басшысының жаңа реформа­лары­ның эволюциялық логикасы түсі­нікті. Жаңа мемлекеттің негізін қалаушы тұлға болғандықтан да Президентіміз Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ), яғни ең дамыған елдердің барлық параметрлеріне сай келетіндей қазіргі заманғы мемлекеттілікті кезең-кезеңімен қалыптастыруда.

1-қадамдағы «Кәсіби мем­лекет­тік аппарат құру» бойынша реформа жүргізуде Қазақстан көшбасшыға айналды деп айтуға толық негіз бар. Біздің тәжірибемізді көптеген алыс-жақын көршілер зерделеуде. Алайда, жетістіктерімізді місе тұтпай, біздің Президент оларды еселей түсудің жаңа міндеттерін алға қойды. Қа­зіргі кезеңде тапсырмалардың үш­тен екісі орындалды.

Осы арада атап көрсететін бір жайт – орындалуы күрделі қадамның бірі «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» 2-реформасы бойынша жұмыс қауырт жүруде. Қазіргі кезде 19 қа­дам­ның 11-і бойынша жұмыстар орын­далды деуіміз керек.

Ауқымы жағынан аса көлемді «Индустрияландыру және эконо­ми­калық өсім» – 3-реформасы 50 қадамды қамтиды. Бүгінде олардың 13-і орындалды, 33-і орындалуда, 4-еуі 2017-2021 жылдарда орындалатын болады. Ал «Біртектілік пен бірлік» – 4-реформасы бойынша нақты іс-шаралар мен «жол карталары» қабылданып, іске асырылуда.

«Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» – 5-реформасына нақтырақ тоқтала кеткен жөн. Себебі, ол түбегейлі өзгерістер әке­леді деп ойлаймын (атап айтқанда, 4 қадамы орындалды, 4-еуі жыл со­ңы­на дейін орындалатын болады, 2-еуі – 2017-2018 жылдары орында­луы тиіс).

Бүгінгі таңда мемлекетті бас­қа­руға қоғамды белсенді қатыстыру, мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне азаматтарды тарту және халық пен бизнес-қоғамдастықтың азаматтық белсенділігін көтеру міндеті тұр. Бұл орайда біраз жұ­мыс атқарылды. Барлық саланы дер­лік қамтитын үкіметтік емес ұйым­дардың айтарлықтай пулы қалып­тасты. Жақында ғана Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құ­рылды. Ақпараттандырудың президенттік бағдарламасын кезең-ке­зеңімен іске асырудың арқасында қа­жетті технологиялық жағдайлар жа­салды: 2006 жылы «Электрондық үкі­мет» (eGov) құрылды, интернет-ре­сурс­тар дамытылуда. Осының база­сында «Азаматтарға арналған үкі­мет» корпорациясы жұмыс істей бастады.

5-реформа шеңберіндегі 94-қа­дамда «Ашық үкіметті» енгізу, мем­ле­кеттік құпиялар мен заңнамамен қорғалатын өзге де ақпараттарды қоспағанда, мемлекеттік органдар иелігіндегі кез келген ақпаратты ашық етуге мүмкіндік беретін ақпа­рат­қа қолжетімділік туралы заң әзір­леу сияқты жаңалықтар көзделген.

Азаматтар мен олардың бірлес­тік­терінің мемлекеттік істерді бас­қаруға іс жүзінде қатысуы үшін министрліктердің, ведомстволар мен әкімдіктердің құжаттарына қол­жетімділік болуға тиіс. Өздері­не қажетті әрі қызықтыратын ақпа­рат­ты сұрату және алу құқығы болуға тиіс. Бұл ретте қабылдау бөл­мелері мен түрлі деңгейдегі шенеу­ніктерге кезекке тұрмау керек. Ал мемлекеттік органдар, өз кезегінде, белгіленген мерзімде оларға қажетті мәліметтерді беруге міндетті.

Күні кешеге дейін мемлекеттік мекемелер халық үшін жабық болды десек, артық айтқандық емес, ақ­парат тіпті, сұрату арқылы да шектеулі түрде беріліп келді. Ал Пар­ламент еліміздің «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңын қабылдап, оған ел Президенті 2015 жылғы 16 қа­рашада қол қойғаннан кейін Қазақ­станда азаматтық қоғам қалып­тастырудың жаңа кезеңі бастал­ды. Осы жылғы мамырда Жене­вада өткен Ақпаратты қоғам мәсе­лелері жөніндегі дүниежүзілік форум барысында біздің заңның сарап­шылар тобы жағымды рецензияларды айтарлықтай көп алғанын айта кеткен жөн.

Айтпақшы, Норвегия, Ұлы­бри­тания, Бразилия, Индонезия, Мексика, Филиппин, ОАР және АҚШ сияқты елдер негізін қалап, 2011 жылы құрылған халықаралық «Ашық үкімет» бойынша серіктестік (Open Government Partnership – OGP) ұйымына еліміз дәл осы заң қабылданғаннан кейін мүше бола алады. Қазіргі уақытта серіктестікке әлемнің 66 елі кіреді.

2015 жылғы қазанда Мехикода «Ашық үкімет» бойынша серіктестік саммиті өтіп, оған 60-тан астам елдің, БҰҰ Даму бағдарламасының, Дүниежүзілік банктің, бизнес-қоғам­дастық пен басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Сам­мит жұмысына Президент Әкімші­лігінің, Үкімет, Парламент Мәжілісі аппараттарының, Инвестициялар және даму министрлігінің, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-тың өкілдерінен тұратын қазақстандық делегация да қатысты. Саммит барысында біздің делегация OGP өкілдерімен кездесу өткізді. Біз Қазақстандағы «Ашық үкіметтің» дамуы туралы шолу жасадық, Қазақ­станның OGP-ға мүшелікке өту тәртібін талқыладық.

Жыл сайын қараша-желтоқсан айларында OGP «Ашық үкіметті» дамыту бойынша елдерге және олар­дың OGP-ға мүше болу дайын­дығына бағалау жүргізеді. Бағалау 16 балдық шкала бойынша жүзеге асырылады. Соңғы бағалау бойынша Қазақстан 12 балл алды. Бұған «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңды қабылдау мүмкіндік берді.

Серіктестікке қатысушы елдер «Ашық үкіметті» дамыту жө­нінде іс-шаралар жоспарын қа­был­дайды, ол қоғамдық бірлестік­термен келісіледі. OGP Доктри­насына сәйкес «Ашық үкімет» «демократияның жаңа шекарасы» және оның үстіне «сыбайлас жем­қор­лықты азайту мен халықтың би­лікке сенімсіздігін жоюдың айтар­лық­тай ұтымды антидоты» болып табылады.

Мемлекеттік аппарат пен азаматтар қарым-қатынасының ыңғайлы болуы мақсатында «Электрондық үкімет» ақпараттық жүйесінде 2014 және 2015 жылдары «Ашық үкіметтің» мынадай веб-порталдары ашылды: «Ашық үкімет», «Ашық деректер», «Ашық НҚА (нормативтік-құқықтық актілер)», «Ашық бюджеттер», «Ашық диалог», сондай-ақ «Мем­лекеттік органдар қызметінің тиім­ділігін бағалау» (үстіміздегі жыл­дың соңына дейін іске қосы­лады).

Порталдардың атауларынан көріп отырғанымыздай, кез келген азамат өз компьютерінен немесе ХҚО-дан он-лайн режімінде мем­ле­кеттік органдардың басшыларына тікелей өтініш жасай алады. Ел аза­маттарының инфокоммуникация жүйелерін пайдаланып, қажетті ақпаратты немесе мәліметтерді сұ­ра­тып ала алатыны маңызды. Ел ау­мағының ұлан-ғайыр екенін ескер­­сек, бұл адамдардың уақыты мен қа­ра­­жатын үнемдеуге септігін тигізеді.

Оның үстіне, азаматтарымыз заңдар жобаларымен, Үкімет пен ми­нистрліктердің актілерімен, бюджеттік жоспарлаудың жобаларымен танысып, оларды талқылауға қатысады, мемлекеттік органдардың жұмысына баға береді және т.б. Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия құрылды.

Жаңадан құрылған Ақпарат және коммуникациялар министр­лігінің «Ашық нормативтік құқық­тық актілер» порталында бүгін­де БАҚ қызметі, байланыс және ақ­параттандыру туралы заң жобасының өздері әзірлеген тұжырымдамасы көпшілік талқылауына ұсынылып, бұл ведомство ашықтықтың үлгісін көрсетуде.

Заңда қол жеткізу шектелмеген ақпараттар тізбесі бекітілді. Демек, қандай да бір ақпарат бойынша монополияға ие мемлекеттік органдар мен мекемелер, басқа да ұйымдар мен компаниялар азаматтардың заңнамамен белгіленген мәліметтер қатарына жататын ақпараттарға қолжетімділігін шектеп, олардан жасыруға құқығы жоқ. Бұған мы­на бағыттағы ақпараттар жатады: азаматтардың қауіпсіздігі мен ден­саулығына қатер төндіретін төтен­ше жағдайлар мен апаттар, олар­дың салдарлары мен ресми бол­жамдар; денсаулық сақтаудың жай-күйі, санитария, демография, көші-қон, әлеуметтік қорғау, экономика, ауыл шаруашылығы туралы, сондай-ақ қылмыстылықтың жай-күйі; терроризм актілерінің жасалу фактілері туралы; экология, өрт қауіпсіздігі, сонымен қатар, са­ни­тарлық-эпидемиологиялық жә­не радиациялық ахуал, тамақ өнім­дерінің қауіпсіздігі туралы; мемлекет жеке және заңды тұлғаларға ұсынатын артықшылықтар, өтемақылар мен жеңілдіктер туралы; адам мен азаматтың құқық­тары мен бостандықтарының бұзы­лу фактілері туралы; Ұлттық банк­тің алтын-валюта резерві тура­лы; нормативтік құқықтық акті­лердің мәтіндері (мемлекеттік құпия­ларды қамтитын актілерді қоспа­ғанда), сондай-ақ олардың жоба­лары; республикалық және жергі­лікті бюджеттердің қаражатын қалып­тастыру мен оны жұмсау тура­лы, сонымен қатар, осы қара­жаттың жұмсалуын бақылау туралы (мемлекеттік құпияларды қам­титын мәліметтерді қоспағанда); ақпаратты иеленушілердің, олардың лауазымды адамдарының заңды бұзу фактілері туралы; саяси, әлеуметтік және басқа да себептермен жаппай қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы, оның ішінде архивтердегі ақпарат туралы (мемлекеттік құпияларды қоспағанда).

Алғаш рет заңда барлық ор­талық атқарушы органдар (Қор­ға­ныс министрлігін қоспағанда) басшыларының, әкімдер мен ұлттық жоғары оқу орындары бас­шыларының халық алдында өз жұмысы туралы есеп беретін­дігі нақты көрініс тапқан. Мәсе­лен, жыл басынан бері барлық деңгейдегі әкімдер 7 мыңдай есепті кездесу өткізді, оған 800 мыңдай адам қатысты. Есеп беру барысында 18 мыңдай адам сөз сөйлеген, олардың тарапынан 16 мыңдай проблема көтерілген, олардың 18-і орталық мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың құзы­ретіне жатады (олардың көпшілігі орынд­алған және шешімін тапқан). Азаматтарға өздерін толғандырған барлық сұрақтар бойынша дәлелді жауаптар, түсініктер берілді. Мамыр-маусым айларында жұртшылық алдында 12 министр есеп берді. Барлық есеп берулер жергілікті және республикалық БАҚ-тарда жария­ланып, мемлекеттік органдардың сайттарында орналастырылды. Азаматтарды бейне-конференцбайланыс арқылы қабылдау да тәжірибеге енгізілді.

Министрліктер мен ведомство­лар­дың алқа отырыстарына қолже­тім­ділік пен Парламент палата­ларының ашық отырыстарының, облыстар, Астана және Алматы қала­лары мәслихаттары отырыстары­ның, министрліктер мен ведомство­лардың жыл қорытындысы бойынша өткізген алқа отырыстарының интернет-ресурстардағы онлайн-трансляциялары жаңашылдық болып табылады.

Билік органдарының барынша ашық болуына БАҚ-тарда, интернет-ресурстарда және «Элек­трондық үкімет» веб-порталының ком­поненттерінде өздерінің атқар­ған жұмысы туралы ақпарат орна­ластыруы оң әсерін тигізуде. Ин­тернет-ресурста ақпарат қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады, сонымен қатар, басқа тілдерде де болуы мүмкін. Пайдаланушылар веб-портал компоненттерінде орна­ластырылған ақпаратты алып, пайдаланады, сондай-ақ «Электрондық үкімет» веб-порталында тіркелген жағдайда оның талқылауына да қатысады. Жазбаша сұратуға жауап беру автордың таңдауы бойынша қағазда және (немесе) электрондық түрде өтініш тілінде ұсынылады. Ауызша сұратуға жауап та ауызша беріледі.

«Ашық диалог» порталы үш сервистен тұрады: меморгандардың бірінші басшыларының блог-тұғыры, интернет-конференция, сауалдамалар. Осы жылдың қазан айындағы есеп бойынша порталда 152 мың өтініш тіркелген.

Сондай-ақ, заңда ақпарат ұсы­нудан бас тарту мүмкіндігі де заңда қарастырылған. Бұл орайда сұрату тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бас тарту жөніндегі дәлелді жауап сұратушының назарына жеткізіледі. Егер ақпаратқа қол­жетімділік құқығы заңсыз шектелгенде, жоғары тұрған мемлекеттік органға немесе сотқа шағымдануға болады.

Орталық мемлекеттік орган­дар­дың 17 интернет-ресурсына заңның талаптарына сәйкестігіне жүргізілген тексеру орташа алғанда интернет-ресурстарда міндетті 52 индикатордың 38-і бар екенін көрсетті, бұл 74%-ды құрайды. Осы орайда мемлекеттік органдар интернет-ресурстарын ақпараттың толықтығы мен өзектілігін қамта­масыз етуге сәйкес келтіру жөнінде жұмыс жүргізуде. Бұл бағыттағы жұмыстар әкімдіктердің интернет-ресурстарымен де жүргізілуде.

Заң іс жүзінде жұмыс істеуде. Мәселен, «Ашық НҚА» порталында нормативтік құқықтық актілер мен заң тұжырымдамаларының 3438 жобасы көпшілік талқылауы үшін орналастырылған. Жыл басынан бері «Ашық бюджет» порталында бюджеттік бағдарламалардың 3374 жобасы (олардың ішінде 366 жоба көпшілік талқылауынан өтуде, 2485 жоба қоғамдық кеңес­тер­ге берілген) және 1,5 мыңдай есеп орналастырылған, олар респуб­ликалық және жергілікті бюджет­тердің орындалуы туралы есеп­терді, сондай-ақ орталық және жер­гілікті органдардың өткен қар­жы жы­лындағы бюджеттік бағдарла­маларды іске асыруы туралы есептерді қамтиды.

Атап айтсақ, Open Budget In­dex (Бюджет бойынша халық­ара­­лық серіктестік) есебінің қоры­тын­дылары бойынша 2015 жылы Қа­зақстан мүмкін болатын 100-ден 51 балл алды, бұл – орташа әлем­дік көрсеткіштен 45 балл жоға­ры. Ал Global Open Data Index-тің 2015 жылғы рейтингінде Қазақ­стан бір жыл ішінде ғана 48 орынға жоғары көтеріліп, әлемнің 122 елі­нің арасынан 50-орынға тұрақтады (2014 жылы 98-орында болған). Биыл бұдан да жоғары көтерілеміз.

Министрлердің және басқа да ме­мор­гандардың бірінші бас­шы­ларының блог-тұғырына 2012 жылдан бері 190 мыңнан астам өтініш түс­кен, оның 143 мыңына жауап бе­рілген. Ал «Электрондық үкі­мет» порталын бүгінгі күні 5,6 мил­лио­н­нан астам адам пайдаланады – бұл елдің экономикалық белсен­ді тұрғындарының жартысынан астамы. 10 жыл ішінде оның сервис­тері 150 миллионнан астам қызмет көрсеткен. 2008 жыл мен 2016 жылдың қазаны аралығында қазақстандықтарға 12,5 миллионнан астам электрондық-цифрлы қолтаңба тегін берілген, олардың 5 миллиондайы адамдардың жеке басын куәландыратын құжатында жазылған. 2013 жылдан бастап 84 мыңнан астам бизнес-компания он-лайн режімінде тіркеуден өткен. eGov төлем шлюзі арқылы шамамен 25 миллиард теңге сомасына 3,4 миллион транзакция жүргізілген, оның ішінде 2015 жылы 10 миллиард теңге болған.

БҰҰ-ның «Электрондық үкі­метті» дамыту рейтингінде еліміз 2008-2016 жылдар кезеңінде 81-орын­нан 33-орынға көтерілді. Бұл Ота­ны­мыздың 48 сатыға жоға­ры­ла­ғанын білдіреді.

Жаңа заңның нормаларын ха­лыққа жан-жақты түсіндіру үшін БҰҰ Даму бағдарламасымен және ЕҚЫҰ-мен бірлесіп, елдің барлық өңірінде семинарлар циклі өтуде. 2016 жылдың ақпанындағы «Ашық үкімет» порталының жұмысы туралы азаматтар біле ме?» деген сауал­да­маға сұралғандардың: 30%-ы оң жауап берсе, «енді танысамыз» деге­ні 20%-ды құраған, «маған қызық­ты емес» деушілер – 4%, «жоқ, біл­меймін» деп жауап бергендер 46% болған. Шымкентте сәуір айында мемлекеттік қызметшілер, жергілікті өзін өзі басқару органдарының, үкі­мет­тік емес ұйымдардың өкілдері мен жур­налистер үшін алғашқы се­ми­нар өтті. Мұндай жұмыс тек оқы­ту алаңы ғана емес, сондай-ақ қай­та­ры­мы мол байланыс арнасы болмақ.

«Ашық үкімет» тақырыбында сөз қозғай отырып, Президент Әкімші­лігі аталған заң қабылданғанға дейін де жұртшылықпен ашық жұмыс жүргізгенін атап айтқан жөн. Мә­селен, «Мемлекет басшысының веб-сайты» ақпараттық жүйесі 2005 жылдан жұмыс істейді, ол Елбасының, Президент жанындағы комиссия­лар мен кеңестердің және оның Әкімшілігінің Интернет жаһандық желісінде елдің бет-бейнесін халық­а­ралық қоғамдастыққа танымал ету мен олардың қызметі туралы қазақ­стандық және әлемдік Интер­нет қолданушыларын хабардар ету мақсатына арналған.

Сайтта «Президенттің бизнесті қорғауы» (2010 жылдан жұмыс істей­ді және кәсіпкерлердің Мемлекет басшысына тікелей өтініш жасауына арналған), «Президентке хат» (2015 жылы енгізілген, қайтымды бай­ланыс жүйесін білдіреді) сервис­тері жұмыс істейді. 2016 жылы Пре­зидент Әкімшілігіне 2 мыңдай элек­трондық хат келсе, «Президенттің бизнесті қорғауы» сервисіне 81 өтініш түскен.

Еліміздің кез келген өңірінің тұрғындары akorda.kz сайты арқылы Президент Әкімшілігі басшы­лы­ғының азаматтарды қабылдау кестесімен таныса алады, нақты лауа­зымды адамның қабылдауына жазыла алады. Қабылдауға келуші­лер­дің көпшілігі қабылдау кезінде осындай ыңғайлы жағдай жасалғаны үшін алғыс білдіріп, Президент Әкімшілігіне қабылдауға кіру өз
ауданы әкімінің қабылдауына кіруден жеңілдеу болғанын айтады.

Сондай-ақ, Президенттің бас­па­сөз қызметі 2012 жылы әлеуметтік желілерде ресми аккаунттар ашты: бүгінде Twitter сервисін қолда­ну­шылар саны 193 мыңдай жазылушыны, Instagram – 164 мың, Facebook – 22 мыңдай адамды, YouTube видео­сервисі 1530 жазылушыны құрайды, ал қарап шыққандар саны – 250 мың адам. Осылайша, Мемлекет басшысы көрсетіп отырған ашықтық – мемлекеттік органдар мен ұлттық хол­дингтердің барлық басшысы үшін айқын үлгі.

Қазіргі уақытта елімізде «Ашық үкіметтің» қолайлы заңнамалық базасы жасалғанын мақтанышпен айта аламыз. Ол іс жүзінде әрқай­сы­мыздың кез келген заңды тәсілмен ақпаратты алуға және таратуға деген конституциялық құқымызды іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл – Қазақстанды әлемнің ең дамыған елдерінің қатарына қосатын Прези­денттің «100 нақты қадам» Ұлт жос­парының бір қадамының орындалуы! Ең бастысы, осы ұлттық идея­ның өмірімізде ойып орын алуы жөніндегі маңызды міндетті атқаруда азаматтарымыздың өз үлесі бар екенін сезінуі.

Мирболат ЖАҚЫПОВ,

Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Жалпы бөлімінің меңгерушісі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары