$ 443.44  480.51  4.88

Қуатты елдің құтты қадамдары

Еліміз дербестікке ие болған жиырма бес жыл бедерінде жас мемлекет жетіге келгенше жерден таяқ жейтін бала сияқты талай қиындықты бастан кешті. Егемендік алған алғашқы жылдары зарыға күткен жас сәбидің дүниеге келгеніне жүрегі жарыла қуанғандай күйде болсақ, одан кейінгі жылдары баланың былдырлап тілі шыға бастағанына тәубе келтіргендей едік. Енді бір сәтте ай санап, жыл санап емес, ертегілердегідей сағат санап ержеткен шағында тындырған таңғажайып істерімен әлемді таңдандырған берекелі елге куә болып отырмыз.

Егер егемендіктің алғашқы жыл­да­рын­дағы өндіріс біткен тұралап, жұмыс­сыз­дық белең алып, ішкі жалпы өнімнің жылдық көлемінің құлдырау қарқыны 25,4 пайыз болып, инфляция шарықтап (1992 жылы – 3061 пайыз, 1993 жылы – 2265 пайыз), адамдар жаппай сергелдеңге түскен күйзеліс кезеңін еске алсақ және сол кезеңдегі жағдайды халықтың қазіргі тұрмысымен салыстырар болсақ, екеуінің арасындағы жер мен көктей айырма бірден көзге ұрады. Осы көріністерді салыстыру арқылы-ақ еліміздің өсіп-өркендеу жолдарын айқын аңғаруға болады.

Тәуелсіздігіміз енді қолға тиген және жоғарыда айтылғандай қиындық­тарды бастан кешіп жатқан ел егемен­ді­гінің алмағайып жылдарында Елба­сымыз Н.Ә.Назарбаев былай деген еді: «За­ман тыныштығын берсе, бүгінгі дағ­дарыстан да шығармыз. Тәуел­сіз Қазақстан дәулетіне сәулеті сай қуатты мемлекетке айналар. Қазақ халқы әлемдік өркениетке қазіргіден де қо­мақты үлес қосар. Даламызда да, қа­ламызда да шат тірлік орнар». Кө­реген басшының айтқаны айнымай ке­ліп, ауыр кезеңдерден сүрінбей өткен еліміз Елбасының басшылығымен 2000 жылдардың басынан тұрақты даму жолына түсті.

Жалпы, республикамыздың тәуелсіз­дік­ке бағыт алған жылдарынан бастап, күні бүгінге дейінгі шежіресін түзер болсақ, онда Елбасы мен тәуелсіздіктің ажырамас ұғым екені анық байқалады. Ол шежіре, түптеп келгенде, мәңгі есте қалар небір айтулы оқиғаларға тұнып тұр. Сол кезде Жоғарғы Кеңестің депутаты ретінде республика егемендігін бекемдеген талай тарихи шешімдердің куәсі болғанымды бүгінде мақтанышпен еске аламын.

1990 жылы 24 сәуірде балама сайлау барысында алғаш рет демократиялық негізде сайланған Қазақстан Республика­сы­ның Жоғарғы Кеңесі өзінің бірін­ші жұмыс күнінде «Қазақ КСР Пре­зи­денті қызметін бекіту және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі заңға) өз­геріс­тер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» Заңды қабылдап, республикада президенттік билік институтын ен­гіз­ді. Жоғарғы Кеңес өз сессиясында ел Пре­зиденті етіп Н.Ә.Назарбаевты сайлады.

Мемлекеттегі жоғары қызметке тағайындалған сәттен бастап
Н.Ә.Назар­баев Қазақстанның саяси және эко­но­мика­лық дербестігін нығайтуға бағыт­талған батыл да белсенді қадамдар жасады. Соның бірі қырық жыл бойы халқымызға сор болып жабысқан, атом қаруын сынақтан өткізетін Се­мей полигонын жабу мәселесі еді. Президенттік билік қолына тиген беттегі Н.Ә.Назарбаевтың алғашқы пәр­мендерінің бірі осы полигонға байланысты болды. 1991 жылдың 29 тамызында Нұрсұлтан Әбішұлы Семей маңындағы ядролық полигонды жабу туралы жарлыққа қол қойды.

Алысты болжай отырып, болашақта атқарылар істерді бүгінгі күні орын алып отырған саяси жағдайлармен шебер ұштастыра білетін Президент Н.Ә.Назарбаев қысқа мерзім ішінде тәуелсіз мемлекеттің негізгі құрылым­дары мен институттарын қалыптас­тырып үлгерді. 1991 жылдың 1 жел­тоқсанында өткен Қазақстан та­рихын­дағы алғашқы мемлекет басшы­сы­ның бүкілхалықтық сайлауы ел мем­лекеттілігі жолындағы және бір тарихи маңызды кезең еді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкілхалықтық дауыс беруге қатысқан республикадағы барлық азаматтардың 98,8 пайыз дауысына ие болды. Бұл Президентке деген жоғары сенімнің, өтпелі кезеңнің ауыр жылдарында сыннан өткен жетекшіге өз тағдырын сеніп тапсырған халықтың шынайы таңдауы еді.

Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңды қабылдау кезінде де айтыс-тартыс аз болмады. Заң жобасының кіріспесіндегі «Қазақ халқының өзін-өзі билеу құқын растай отырып» деген сөйлемнен «қазақ» деген сөзді алып тастау керек деген пікірді талқылаудың өзі бір сағатқа созылды. Ақыры ол сөз кіріспеде қалдырылды. Жоғарғы Кеңестің біраз депутаттары мұнан да әріге барып, «ертең Қазақстандағы 17 миллион халықтың жартысына жуық орыс халқы бөтен мемлекетте қалып жүрмей ме? Біздің республикамыздың ерекшеліктеріне орай бұл мәселе референдумға шығарылуы керек. Біз кімнен және неден егемендік алмақпыз? Орыс империясының орнына қазақ империясын орнатқымыз келе ме?» деген сияқты қитұрқы сөздерімен басқа депу­таттардың көңілін алаңдатумен болды.

Заң жобасын талқылау үш күнге созылды. 14 желтоқсанда заң жобасы қызу талқыланған түскі үзіліске дейін 30 депутат сөйлеп, Заң жобасының редакциясын толықтыру туралы 16 адамнан комиссия құрылды. 15 желтоқсанда заң жобасын талқылау одан әрі жалғасты. 16 желтоқсандағы кешкі отырыста «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң жобасын дайындайтын комиссия төрағасы депутат С.Сартаев баяндама жасады. Комиссия ұсынған заң жобасы талқыланып, 48 депутат шығып өз ұсыныстарын айтты. Талқылау барысында Президент Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев 3 рет сөз сөйледі. Осын­дай ұзаққа созылған пікірталастан кейін Төраға кешкі сағат 18:00-де «Қа­зақ­стан Республикасы тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң жобасын дауысқа қойды. Көпшілік дауыс­пен заң қабылданды. Депутаттар, Үкі­мет мүшелері, шақырылған шетел елшілері, қонақтар, журналистер, бар­лық қатысушылар орындарынан тұрып, ұзақ ду қол шапалақтады. Рес­пуб­ликаның Әнұраны орындалды. Барлық қа­тысқандардың көңілі ерекше толқуда болды. Мен өзім жүрегім дүрсілдеп, ерекше толқып, көзім жасқа толып кетті. Жан-жағыма қарасам, барлық депутаттар да толқып, көздерін сүртіп жатқанын байқадым.

Міне, осы тарихи оқиғадан кейін республиканың тәуелсіз елге тән бо­луға тиіс нышандарына қатысты, Қазақстанның егемендігін бекемдей түсетін және басқа заңдар бірінен кейін бірі қабылданып жатты.

Сөз ретіне қарай тәуелсіздікті, еге­мендікті баянды ететін заңдар қабыл­даудың оңайға түспегенін айта кеткен жөн. Бұған дейін қандай шешім қа­былдаса да, алдымен Мәскеуге жал­тақтап, солардың ығына жығылып үйренгендіктен болар, республиканың егемендігіне байланысты мәселелер қозғала бастаса-ақ өре түрегеліп, әлдеқандай бір апатқа тап болғандай немесе тап болатындай мінез танытып, өрекпіп кететін депутаттар басым еді. Ондай халық қалаулылары даурықпалыққа салынып, күн тәртібіне қойылған мәселеден қандай да бір астар іздеп, әріптестерін мезі қылатын. Және ондайлар әдетте жалғыз-жарым емес. Сондықтан өздерінше шеп құрып алып, әрбір отырыс сайын бүйректен сирақ шығарумен шұғылданды. Мұның өзі егемендігіміз үшін ауадай қажет заңдардың дер кезінде қабылдануына айтарлықтай кедергі келтірді.

Міне, осындай қиын жағдайда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қандай да бір мәселеге байланысты болмасын, дәлелді де тегеурінді пікірлері депутаттық корпустағы Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Сұлтан Сартаев, Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Жолдасбеков, Өмірбек Байгелдиев, Оралбай Әб­дікәрімов сияқты және басқа үлкен ғалым, білікті мамандардың ойларымен астасып, ортақ іске оң әсерін тигізетін. Өйткені, әлгіндей жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты дейтіндей бөстекі даурықпалықтарға Президент Н.Ә.Назарбаев өзінің бұлтартпас дәлелді пікірлерін қарсы қойып, буынсыз жерге пышақ ұрушылардың көңілдері су сепкендей басылып отырды. Соның нәтижесінде, республикамыздың еге­мен­дігін баянды ететін көптеген заңдар дер кезінде қабылданып, өмірге жолдама алды. Қазір сол кезде осындай заңдардың қабылдануына қарсы дауыс­ берген депутаттар санының едәуір бол­ғанына көп адамдардың сенбеуі мүмкін. Бірақ ол солай болды. Біз оны көзімізбен көрдік. Қоғамның ала-құлалығы, басым көпшіліктің кеңестік кезеңде бауыр басқан әдеттерден арыла алмай жүргені анық байқалатын.

Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырған себебім – тәуелсіздікті баянды ету кім-кімге де оңай тиген жоқ. Қиналған кезде тығырықтан шығар жол іздеу барысында әртүрлі келіспеушілік орын алды. Ең бастысы, осындай келіспеушіліктерді дағдарысқа ұластырмай, уақтылы шешіп отыру, ел болашағына қатысы бар дұрыс шешімдер қабылдай білу көрегендікті, даму заңдылықтарын ескере отырып дәл шешім қабылдауды талап ететіні сөзсіз. Бұл орайда, Президент Н.Ә.Назарбаевтың саяси ұпай жинаудан гөрі экономиканы жолға қоюды бірінші орынға шығарып, қандай істі қолға алса да, осы бағытты ұстана отырып іс-қимыл жасауы жасанды кедергілерден ойдағыдай өтуге мүмкіндік туғызды.

Президент не істесе де, нені қолға алса да, ең алдымен оның елге тигізетін пайда-зиянын қатар безбендеп, әбден өлшеп-пішіп, елеп-екшегеннен кейін ғана жұртшылықтың талқысына ұсынады. Мәселен, Астана қаласын алайық. Елорданы мұнда көшірудің астарында, менің ойымша, ресми деректерде айтылатын мәліметтерден де басқа, халқының қамын тереңнен ойлаған кемеңгердің шексіз махаббаты мен асыл арманы жатыр. Солтүстік облыстардағы жергілікті халықтың саны астананы көшірер қарсаңда 15-20 пайыздың ол жақ, бұл жағы ғана болатын. Қазақтың осы бір құйқалы өлкесіне іштен де, сырттан да көз алартушылардың аз болмағанын несіне жасырамыз. Міне, осындай алмағайып сәтте Президент қабылдаған шұғыл шешім бүгінде өз нәтижесін еселей түсіп отыр. Бір кезде тың өлкесінің астанасы атанған Целиноград көшелерінен қазақты кездестіру некен-саяқ болса, бүгінгі елорда тұрғындарының басым көпшілігі – жергілікті ұлт өкілдері.

Бүгінде Сарыарқа төсіндегі алып құрылыс алаңына айналған Астананың келбетіне қарап, сүйсінетіндер де, таңыр­қап, бас шайқайтындар да же­терлік. Сүй­сінетін себебі, айналдырған 17-18 жыл бедерінде қала адам танымастай өзгеріп, ондағы жұпыны ғана тіршілік, көз алдыңда құлпырған ғажап көрініске ұласты. Таңырқайтын себебі, осының бәрі минут, сағат сайын өсіп, ай, жыл өт­кенде алып болып шыға келетін ерте­гідегідей қысқа мерзімде жүзеге асты.

Еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстары қомақты. Санамалай бастасақ, көңіл марқаяр сәттер баршылық. Ал 2010 жылдың желтоқсан айында өткізілген ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті ел халқының өмірінде есте қалар айтулы оқиға болды. Түркі тілдес мемлекеттер арасында, мұсылман мемлекеттері арасында тұңғыш рет ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәртебесіне ие болған Қазақстан ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттің басшыларын Астанада тоқайластырып, он бір жылдан бері өткізілмеген келелі жиынның жоғары дәрежеде өтуіне ұйтқы бола білді. Бұл үлкен мәртебе. Бұл – Қазақстанның жеңісі. Бұл – осындай мәртебелі ұйымға Қазақстанның төрағалық етуін өзінің дүние жүзі мойындаған беделімен қамтамасыз еткен, сонан соң сол беделінің арқасында он бір жыл бойы бастары қосылмаған мемлекет басшыларын елорда төріне жинаған, сөйтіп, Қазақстанды, қазақ деген халықты дүние жүзіне кеңінен таныстырған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеңісі әрі халқына тартқан сыйы.

Ширек ғасыр ішінде Қазақстанның ішкі жалпы өнімі АҚШ долларымен есептегенде 20 есе, орташа еңбекақы 17 есе өсті. 2 млн жуық жұмыс орны ашылды. Кедейшілік деңгейі қысқарды. Егер 90-жылдары елімізде әрбір үшінші адам кедейшілік деңгейінде өмір сүрсе, бүгін ол 3 пайыз көлемінде ғана. Тәуелсіздік жылдарында 1400 мектеп пен 1300 денсаулық сақтау нысаны салынды. Әлеуметтік сала шығындары жалпы ішкі өнімнің 6 пайызынан 10 пайызына дейін өсті. Қазақстандықтардың орташа өмір жасы 72-ге ұлғайды. 100 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Республикалық маңызы бар 11 мың шақырым автомобиль жолдары салынды.

Бүгінгі таңда елдің халықаралық резервінің көлемі, Ұлттық қор қаржы­ларын қоса алғанда, 95 млрд құрап, жалпы ішкі өнімнің 50 пайызына дейін артып отыр. Тәуелсіздік жылдары елімізге 255 млрд шетел инвестициялары тартылды. 180 млн астам халқы бар 5 елді біріктіретін ЕАЭО аясында бірлесіп жұмыс істеудеміз. Еліміз ДСҰ-ға толыққанды мүше болды. Күні кеше және бір тарихи оқиғаның куәсі болдық. Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланды. Ендігі жерде республикамыз алдағы екі жыл бойы халықаралық істерге БҰҰ-ның биік мінберінен араласатын болады.

2015 жылдан бастап елімізде аса маңызды 5 институттық реформа жүзеге асырыла бастады. Бұл жаңғыртулар кә­сіби мемлекеттік аппарат құруға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, индустрияландыру мен экономикалық өсімге, қазақстандықтарды болашақтың біртұтас ұлтына топтастыру мен мемлекеттің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуге бағытталып отыр. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары қабылданып, оны жүзеге асыру үшін заңнамаларға өзге­рістер енгізілді. Біздің елдің басты мақ­саты – аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу.

Елімізде өмір сүретін сан ұлт өкіл­дерінің тең дәрежеде дамуына қолайлы жағдай туғыза отырып, қазақ халқының өз жерінде тілінің, дінінің, мәдениетінің өркендеуіне қол жеткіздік. Бір кездері өз еліндегі саны 29 пайызға дейін құлдыраған халқымыздың саны қазіргі кезде рес­публика тұрғындарының 70 пайызына жақындады. Ұлттық мәдениетімізді қайта түлету үшін «Мәдени мұра» мем­лекеттік бағдарламасы жасалды. Осының бәрі – халқымыз биыл 25 жылдығын көтеріңкі көңіл күйде атап өткелі отырған тәуелсіздіктің арқасы. Түйіп айтқанда, Тәуелсіз Қазақстан Президент Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен небір қиын-қыстау кезеңдерден сүрінбей өтіп, толағай табыстарға жетті, қарқынды даму жолына түсті. Ел де, заман да, қоғам да, адам да жаңарды. Н.Ә.Назарбаев қазақ елін, қазақ халқын, Тәуелсіз Қазақстанды бүкіл әлемге танытты.

Бұрын біз кім едік, қазір кімбіз? Әрбір қазақстандық өзіне осы сұрақты қойып, ойланса, біздің елдің бүгінгі жетістіктері көз алдымызға келеді, көкірегіңді өз еліңе деген, Елбасыға деген ризашылық сезім мен мақтаныш кернейді.

Бір сәт Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев­тың: «Дүниеде тәуелсіз қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты, тату, ынтымақты халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы, бүгіннен нұрлы, бүгіннен жемісті болашағы бар», деген сөздері еске түседі. Кеудеңді қуаныш пен шаттық, өз еліңе деген, Елбасыға деген мақтаныш сезімі кернейді. Жаса Қазақстан! Жаса халқының бағы үшін туған Елбасы!

Қуаныш АЙТАХАНОВ,

Парламент Сенатының депутаты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары